«Қазақ» атауын қайтарған Сәкен сері

Қазіргі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы №66 санында Манап Шамиль деген автордың «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы жарық көрген еді. Манап Шамиль қазақтың қайраткер ұлдарының бірі Сәкен Сейфуллиннің бүркеншік есімі болатын.

«…Орыстың патшасы қазақты қаратып алып, жалпы қазаққа «киргиз» деп ат жапсырылған соң, қазақ халқын оңай қаратып алған соң, орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты бір түрлі, құр, мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде біртүрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын көкірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, полкан! «Киргиздан да жамансың!» дейтін болды. Ақ патшаның жасауылдарының, төрелерінің бұл аңыздары орыстың надан халықтарының араларына да жайылды. Келе-келе тұрмыстың игілігін өзгелермен бірдей ешуақытта қазақтың көруге лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көрсе таңырқап: «Қарашы, тіпті өзін «киргиз» дейтін емес!» деп тамсанып жүретін болды…» деп жазды Сәкен Сейфуллин.

Сәкен мақаласында «Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп түйіндеген болатын.

«Еңбекшіл қазаққа» шыққан осы мақаладан кейін сең қозғалды. Араға 2 жыл салып, 1925 жылдың 19 сәуірінде сол кездегі астана – Ақмешітте өткен V Бүкілқазақ сиезінде қазақтың тарихи «қазақ» атауы қайтарылды.

Биыл сол тарихи күнге 95 жыл толып отыр.

Журналист Серікбол Хасан

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp