Біз тарихы тоналған, жадысы жоғалған жұрттың біріміз. Бордай тоздырған бодандық пен алмағайып аласапыран жылдарда халқымыз санынан ғана айырылып қойған жоқ, санасы да сансырып, жадысы «жарақат» алды.
Бұл ретте тоналған тарихты түгендеуге болады, ал жоғалған жадыны қайта қалпына келтіру үшін жылдарға жалғасатын жүйелі жұмыстар жүруі керек екені белгілі. Сондықтан азаттықтың арайлы таңынан бастап Елбасы бастамасымен тарихымызға айрықша көңіл бөлініп, «Халық – тарих толқынында», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламалар халықтың жадын жаңғыртып, ұлттың мақтанышын оятты, елдің санасын сауықтыруға ықпал етті. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлық ұлыс – Алтын орданың 750 жылдығы мемлекеттігіміздің тамырын тереңдете түсті. Бұл орайда ел Президентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрып, аштық алапатын жан-жақты зерттеу туралы бастамаларын ұлттық тарихымызға жанашырлық деп қабылдаймыз.
Тарих – өткенмен кектесу үшін емес, шындықпен беттесу үшін қажет. Кешегі кеңестік кезеңде тарихтың міндеті Кеңес адамын қалыптастыру болды. Жетпіс жыл жүйелі жүргізілген солақай саясаттың салдарынан толық айығу, арылу үшін ұлттық тарихқа бет бұруымыз керек. Біздің ұлттық кодымыз сол қатпар-қатпар ұлт тарихының қойнауында жатыр. Бұл жөнінде «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында кеңінен айтылды.
Таяуда ел газеті «Егеменде» жарық көрген мақаласында Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыздың толық жазылмағанына назар аударды. Олқылықты көрсеткен орынды ескерту. Оның үстіне біз жоғары оқу орындарында дүниежүзі тарихына қатысты әлі күнге дейін кеңестік кезеңде немесе өзге мемлекетте жазылған оқулықтарды қолданып келеміз. Демек біздің жас ұрпақтың әлем тарихы туралы түсінігі бөтен мемлекеттің көзқарасы тұрғысынан қалыптасады. Сол сияқты жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыратын орта мектептердегі тарих оқулықтарындағы олқылықтар туралы да айтуға болады. Жалпыұлттық бірегейліктің негізі ретінде мемлекет тарихын еліміздегі барлық білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілде оқытудың уақыты жеткен сияқты.
Елімізде Ресей, Еуропа, Америка, Азия тарихын зерттейтін, шет тілдерін жетік меңгерген мамандар жоқтың қасы. Науқаншылдық салдарынан іргелі тақырыптарды жүйелі зерттеуге бара алмай жатырмыз. Бұл орайда гранттар мен диссертациялардың тақырыптары пропорциялық түрде барлық кезеңдерді қамтитындай бөлінсе, оң болар еді. Сонымен қатар мемлекеттік маңызы зор, тәуелсіздік пен ұлттық идеяға қызмет ететін тақырыптарды жүйелі түрде, мемлекеттік тапсырыс негізінде қаржыландыру тиіс деп ойлаймыз.
Өткенді тану – тамырды табудан басталады. Халықтың тарихи санасы көркем фильмдер мен тарихи романдар арқылы қалыптасады десек, киногерлеріміз әлі күнге дейін кеңестік кезеңде жазылып, советтік соцреализм сүзгісінен өткен шығармаларға сүйеніп келеді. Өкінішке қарай, бұдан тарихшыларымыз тыс қалып жатады.
Архив – ұлттың жадысы, ол шерлі шежіреміздің шынайы айғақ-айнасы ғана емес, болашағымызға да бәтуалы бағдар беретін байлығымыз. Оларды ұрпаққа аманаттай білу үшін жақсы сақтау қажет. Бұл орайда ойландыратын мәселе аз емес. Әсіресе репрессия және аштық жылдарын айғақтайтын құнды құжаттарды сақтайтын кейбір архивтер заман талабына сай келмейді: онда мамандар жетіспейді, құжаттар жүйеленбеген. Көнерген, тозығы жеткен архив материалдарын қалпына келтіретін реставраторлар да жоқтың қасы. Сондықтан құжаттарды сандық-цифрлы жүйеге көшіріп сақтай алмасақ, тарихымыздан көз жазып қалуымыз мүмкін.
Бүгінде тарихқа хобби ретінде қарайтындар, жалған тарих жазумен айналысатындар көбейді. Кейбірі түпнұсқа құжаттармен жұмыс істемей, зерттеудің методологиясын білмей жатып тарихқа кірісіп, арзан ұпай жинағысы келеді. Оларға көбіне тарихшылар тарапынан баға да берілмейді. Ал тарихқа хайп емес, байып керек. Кәсіби тарихшыларымыздың да кейде осы хайпқа ұрынып жататыны қынжылтады. Бұл орайда бізге көптеген мифтен арылу қажет. Миф қашанда балаң түсінікті білдіреді. Содан келіп шатасу, адасу туады, сөйтіп тарихымыз бұрмаланып, әжуаға айналып жатады. Ақиқаттан алшақ ақпарат адастырады, жалған тарих жарға жығады. Ал жалған, жасанды тарих жазу – жалған ақша жасаумен бірдей қылмыс екенін қаперден шығармаған абзал.