Ой-толғау

Қай заманда да зиялы азаматтарымыз қоғам үшін бағдар болған

Қай заманда да зиялы азаматтарымыз қоғам үшін бағдар болған. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда сөйлеген сөзінде айтты.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың парламенттік тыңдауда сөйлеген сөзінің толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:

Біз бүгін ұлттық бірегейлікті айқындайтын қастерлі құндылықтарымыз жайында пікір алмасу үшін жиналып отырмыз.

Іс-шараға Парламент депутаттары, Премьер-Министрдің орынбасары, мемлекеттік органдардың басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысуда. Өңірлерден біраз азаматтар және бірқатар белгілі қайраткерлеріміз бейне байланыс арқылы қосылып отыр. Сіздерге шақыруымызды қабыл алып, жиынымызға қатысуға ниет білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз.

Бүгінгі Тындауымыз өзекті және маңызды мәселеге арналып отыр. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеудің қажеттілігі арта түскені сөзсіз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», – деген еді.

Расымен, біз қазіргі таңда өнімдер мен капиталдар ғана емес, мәдениеттер, идеялар, ақпараттар еркін алмасатын кезеңдеміз. Мұндай байланыстар, бір жағынан, жаһандық ынтымақтастыққа жол ашуда.

Ал, екінші жағынан, әртүрлі ықпалдардың көбеюіне де әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Мұның өзі – біздің күрделі және қарама-қайшы әлемге аяқ басқанымыздың көрінісі.

Шын мәнінде, қазір әлем жоғары қарқынмен өзгеруде. Мүлдем жаңа коммуникациялық инфрақұрылым пайда болды. Интернет пен әлеуметтік желілер қоғамдық пікірді қалыптастыратын негізгі факторға айналды. Қазіргі таңда әлем бойынша әлеуметтік желілерді 4 миллиардқа жуық адам қолданады екен.

Осындай ауқымды коммуникация жағдайында ақпараттардың алмасуы болатыны заңдылық. Жалпы біз – әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлшегіміз. Сондықтан жаһандану процесін жаңа шынайылық деп түсінуіміз керек. Одан қорғанып, изоляцияға түсудің болашағы жоқ. Сол себепті, жаһандану беретін жақсы игіліктерден құр қалмауымыз керек.

Сонымен қатар, өзімізге пайдалы әлемдік үрдістерді төл мазмұнмен байытуды мақсат тұтуымыз қажет. Бұл ретте біз «жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге» тиіспіз. Ол – өзгенің тозығын емес, озығын алып, оны ұлттық бояуымызбен байыта түсу деген сөз.

Тағы бір ескеретін жайт, біз жаһандану процесіне түрлі үрдістерге ілесу ғана емес, өзіміздің де озық қасиеттерімізді және жетістіктерімізді әлемге таныту мүмкіндігі деп қарауымыз керек. Халқымыз ғасырлар бойы өзінің қайталанбас мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін қалыптастырды. Біз оларды сақтап қана қоймай, әлемдік мәдениеттің озық үлгілеріне айналдыруымыз керек. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы да осындай идеяларға табан тірейді. Сондықтан, жаһандану дәуірінде ұлттық кодымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дамытудың маңызы зор деп білеміз.

Осы орайда, ол үшін не істеу керек деген сұрақтың өзектілігі арта түсетіні анық. Шын мәнінде, бұл бағытта біраз жұмыс істелді. Ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз де жеткілікті. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де жоқ емес. Міне, бүгін өздеріңізді осы мәселелер жөнінде ашық пікір алмасу үшін шақырып отырмыз.

Құрметті қауым!

Жалпы, тәуелсіздікті нығайтып, мәңгілік ел болу үшін қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеу аса маңызды. Ол құндылықтар ұлтымызды даралап қана қоймай, елімізді дамуға да бастауға тиіс. Осы ретте ұлттық құндылықтардың аясы кең екенін ескеруіміз керек. Олардың ең бастысы қастерлі тәуелсіздік пен қасиетті жеріміз екені сөзсіз. Себебі, ата-бабамыз елдік пен еркіндікті аңсап, осы ұлы мақсаттың аясында біріге білді. Ұлан-ғайыр жеріміз үшін қасық қаны қалғанша күресіп, оны келер ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Сондықтан ел мен жерді көзіміздің қарашығындай сақтау бәріміздің абыройлы міндетіміз.

Біздің тіліміз, мәдениетіміз және салт- дәстүрлеріміз де қайталанбас ерекшеліктеріміз екені анық. Бүгінгі тыңдау барысында қатысушылар бұл тақырыптарға кеңінен тоқтала жатар. Ұлттық құндылықтар адами құндылықтарды да қамтитыны белгілі. Мен өз сөзімде осы адами құндылықтарға, оның ішінде ұлы Абайдың өсиетіне назар аударғым келеді.

Жалпы, біздің өмірлік танымымызда Абайдың алатын орны зор. Ұлы ойшылдың философиясы ұлтымыздың бітім-болмысын түгел қамтиды. Сондықтан құндылықтарымыз туралы айтқан кезде Абайды айналып өте алмаймыз.

Осы орайда ақынның «Толық адам» тұжырымдамасына баса мән беріп, оны рухани бағдар етіп алғанымыз орынды болар деп ойлаймыз. Бұл жайында Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтқанын жақсы білесіздер. Өздеріңізге белгілі, Абайдың «Толық адамына» нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат тән. Осы формулаға сәйкес бірінші кезекте қоғамда білім культін қалыптастыруымыз қажет.

Білім алуға, оны одан әрі дамытуға деген талпыныс адам баласын үнемі алға жетелеп келеді. Халқымыз ежелден бұл мәселеге ерекше мән берген. Ғылым іздеп алыс елдерге сапар шеккен Әл-Фарабидің тұлғасы ұлы далада білімге құштарлықтың ерекше болғанын дәлелдейді.

Ал, қазіргі заманда білімнің қажет екені айтпаса да түсінікті ақиқатқа айналды. Сол себепті, біздің қоғамда өмір бойы білім алу дағдысын негізгі қағидатқа айналдырғанымыз жөн. Сонымен бірге, өзара сенім, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды кеңінен дәріптегеніміз абзал. Оның бәрі Абай айтқан жылы жүректен бастау алады.

Қоғамда сенім болған жерде адами қарым-қатынастың нығаюымен қатар, экономика да дамиды деген заңдылық бар. Мәселен, Нобель сыйлығының лауреаты Кеннет Эрроу елдің экономикалық артта қалуын өзара сенімнің болмауымен түсіндіреді.

Сондықтан біз адамдардың бір-біріне, мемлекеттік және қоғамдық институттарға деген сенімін нығайтуға күш салуымыз қажет. Сондай-ақ, өзара жауапкершілік қасиетін де кеңінен дәріптеген абзал. Бұл жауапкершілік жанашырлықтан бастау алатыны сөзсіз. Соңғы кездері ғалымдар нарықтық экономиканың дағдарысы туралы жиі айта бастады. Оған өзгеден өзін жоғары қою, кез келген нәрсеге утилитарлық көзқарас тұрғысынан қарау себеп болып отыр. Мұндай ұстаным қала мен ауылдың, бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің арасын алшақтатып барады.

Осы ретте мемлекет, қоғам, бизнес және отбасы деңгейінде өзара жауапкершілік ұғымын қалыптастырған маңызды деп есептейміз. Негізі, жанашырлық пен жауапкершілік біздің қанымызға сіңген қасиет деп айта аламыз.

Себебі, халқымыз әлсізге қорған, жығылғанға сүйеу, қамыққанға демеу болу керек деген ұстанымды қашанда дәріптеген. Ұлы Абай өсиет еткен ыстық қайрат категориясына талап пен еңбекқорлық секілді қасиеттерді жатқызуға болады. Бұлар да ұлтымыздың басты құндылықтарына айналуға тиіс. Қазақ «талапты ерге нұр жауар» деп тегін айтпаған. Қазіргідей ашық бәсеке заманында талабы биік жандар ғана жетістікке жетеді. Талап арқылы талант та жарқырай түседі. Елімізде оған мысал жетерлік.

Халқымыз «еңбектің наны тәтті» деп адал еңбектің құны қашанда жоғары екенін еске салып отырған. Қиын да күрделі көшпенді тұрмыс кешкен ұлтымыздың әр азаматын еңбек шыңдаған. Ерінбей еңбек ету – жаңа заманда да ұлттық ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналуы қажет.

Мемлекет басшысының жаңғыру бағдарын кешенді әрі жүйелі жүргізу үшін осындай идеологиялық құндылықтарды нығайтып алуымыз керек. Сондықтан жоғарыда аталған құндылықтарды дұрыс дәріптеу аса маңызды. Оларды азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің оңтайлы жолын табуымыз қажет. Бұл ретте негізгі салмақ білім беру саласына түсетіні сөзсіз. Білім беру оқу бағдарламасын түсіндірумен ғана шектелмегені жөн. Біздің ұлттық танымда білім әрдайым тәрбиемен қатар жүрген. Сондықтан бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен үйренгені шарт.

Білім мекемелері жанашыр, адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруге тиіс. Сол себепті, оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосып, оны жаңаша жасақтау мәселесін қараған жөн болар еді.

Бүгінгі жиынымызға Үкімет мүшелері қатысып отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттарға басымдық беріледі деп сенеміз. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде интеллигенцияның алатын орны ерекше.

Қай заманда да зиялы азаматтарымыз қоғам үшін бағдар болған. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз.

Ендігі кезекте, елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруды өзекті мәселелердің бірі деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы шарт. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылуы керек.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Бүгінгі отырысымызда осындай ой-пікірлерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік болады деп сенеміз.

Сенат ұлттық құндылықтарды дамытуға тың серпін беретін ойлар мен жобаларды қолдауға дайын. Қажет жағдайда, заңнамалық өзгерістерге де бастамашы боламыз. Осылайша бәріміз бірлесіп, осы бағытта нәтижелі еңбек етеміз деп сенеміз.

Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет.

Мәулен Әшімбаев

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button