Ой-толғау

«Екеу» деген лақап атпен мақала жазған кімдер?

1918 жылы Семейде жарық көріп тұрған «Абай» журналының негізін Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов сынды алыптар қалағаны белгілі.

Осы жылдың 4 ақпанынан бастап, Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен айына екі рет араб әріптерімен басылып шыға бастады. «Абай» журналын шығару жөніндегі тұңғыш бастамашылар Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов журналға жариялаған мақаланың соңына лақап атымен «Екеу» деп қол қойып отырған.

Арада табаны күректей 73 жыл салып, Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1992 жылы үзілген үміт қайта жалғасын тапқан болатын.

М.Әуезов іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызып, күмбезін көтерген Абайтану ғылымының тағы бір тарихи тұлғасы Бейсембай Кенжебаев ұстазы М.Әуезов жайлы «Онымен бірге жүргенде» атты естелігінде «Екеу» деген лақап аттың тарихын баяндайды.

Бейсенбай Кенжебаев 1940 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы жайлы кандидаттық диссертация жазып жүргенде Мұхтар Әуезов ұстаздық кеңесші болыпты. Тақырыбына байланысты «Абай журналының сандарын қарап отырып, ондағы «Екеу» деген лақап атпен жарияланған «Абайдың өмірі, һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» мақаласына көңіл аударады.

Бірде Мұхтар Әуезовпен әңгімелесіп отырып, осы мақалалар жөнінде сөз қозғайды. Сөз арасында:

-Мұқа, «Екеу» кімдердің лақабы? – деп сұрайды.

Ол заман адамдар арасында сенім кетіп тұрған аумалы-төкпелі кезең еді. Мұқаң да «осы қай оймен сұрап отыр» деген оймен күдіктене көз салып:

-Сеніңше қалай? Екеудің мақалалары дұрыс па? – деп сұрады дейді.

Бесенбай да:

-Дұрыс, өте мәнді, кезінде күшті жазылған, – депті.

-Ендеше Екеудің бірі мен.

-Ал, сыңарыңыз кім? Сұлтанмахмұт болмаса игі еді?

-Жоқ, Сұлтанмахмұтпен бірігіп мақала жазуға тура келмеді. Ол өзін менен ересек санайтын еді, – депті Мұқаң.

-Сонда кім?

-Оның не қажеті бар?

-О не дегеніңіз Мұқа, өте қажет.

Сонда Мұқаң:

-Екеудің екіншісі – Жүсіпбек Аймауытов болатын. Ол екеуміз гимназияда оқып жүрген кезімізден өте дос болған едік. Екеуміз осы лақаппен кейін де бірер мақала жаздық депті.
Алмахан Мұхаметқалиқызы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button