Қазір Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Теңге ауылының орталығындағы даңғыл жолдың бір жағы революционер Ә.Жангелдиннің, бір жағы НКВД офицері А.Фетисовтың атымен аталады. Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Шәріп Ақжігітов осы екі көшені біріктіріп, оған Әлихан Бөкейханның есімін беруді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, Теңге ауылының әкімі Сәрсенбек Қалаубаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қосаман Жайлы бұл бастаманы қолдап, көшені Ә.Бөкейханның есімімен атау мәселесін тұрғындардың талқысына салуды ұсынды. Көше тұрғындарымен осы мәселе жөнінде қоғамдық тыңдау өтіп, онда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қайраткерлігі туралы, елге сіңірген ерен еңбегі жайлы айтылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген тау тұлғаның 155 жылдық мерейтойы аясында Теңге ауылының орталық даңғылын Ә.Бөкейхан есімімен атау жөніндегі ұсыныс тұрғындар тарапынан толық қолдау тапты.
Осыдан кейін Теңге ауылының әкімдігі қалалық мәслихатқа ресми хат жолдады. Қалалық мәслихат қолдаса, ұсыныс облыстық ономастикалық комиссияға жіберіледі.