Әлихан Бөкейханның жаңа суреті табылды

Бұл туралы белгілі алаштанушы, әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншіледі!

Сұлтан Хан Жүсіп:

«Сүйінші, Алаш азаматтары! Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тағы бір жаңа фотосуреті табылды. Бұл жолы да тарихи фотоқұжатты әріптесіміз, таяуда ғана Алаш тақырыбын зерттеп, оны насихаттауға қосқан үлесі үшін «Қазақ Республикасына 100 жыл» төсбелгісімен (медалімен) марапатталған, ізденімпаз журналист Серікбол Хасан қазбалап жүріп тауып алыпты. Серікболға Алаш аруақтары атынан, Алаш қайраткерлерінің сөзімен Тәңірі жарылқасын айтамын!

Ал енді суреттің өзіне келсек, фотоқұжатта Омбы қаласында шыға бастаған ең алғашқы бейресми тәуелсіз «Степной край» газетінің ұжымы бейнеленіпті: Үшінші қатарда, солдан оңға қарай төртінші тұрған жас Әлиханның бейнесі көзге оттай басылады. Егер Әлиханның «Степной край» газетінде С-Петербор оқуы мен «Тобыл экспедициясынан» кейін Омбыға оралған 1895 жылдан 1897 жылға дейін қызмет істегенін ескерсек, бұл фотосурет 1895-1897 жылдары түсірілген болса керек. Әлихан ол кезде 29-31 жаста болатын»

Осынау ірі тұлғаның тарихи суретін тапқан журналист Серікбол Хасан желідегі парақшасында:

«Әлихан Бөкейханның «Степной край» газетінде қызмет етіп жүргенде әріптестерімен түскен суреті. Фото Ресей музей қорының мемлекеттік каталогы сайтынан табылды. Ресейдің саяси, тарихы мемлекеттік музейі қорында сақталған сурет екен…», – деп жазды.

Жаңа табылған фотосурет:

(Әлихан Бөкейхан үшінші қатарда, солдан оңға қарай төртінші тұр)  

Бұған дейін, 2014-2016 жылдары Әлихан Бөкейханның бұрын-соңды жарияланбаған, мұрағатта сақталған жаңа фотосуреттері табылған болатын.

2014 жылы жарияланған фотосуреттер Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталып келген, Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің ісінен табылған. Ол суреттерді тапқан «Омбы экспедициясы» зерттеушілер тобы. Экспедиция жұмысына әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Жүсіп, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Сұлушаш Құрманова және жас ғалым Еркін Рахметуллин атсалысқан.

Ал, 2016 жылы алаштанушы, журналист Серікбол Хасан «Әлихан Бөкейханның жаңа фотосуреттері табылды», -деп сүйіншілеп, революцияға дейінгі жылдары Петерборда өмір сүрген фотограф Карл Булла (1853-1929) түсірген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның жаңа фотосуреттерін жариялады. Дәлірек деректерге сүйенсек, мұрағаттардан табылған бұл фотосуреттер 1906 жылы түсірілген екен.

Қорытынды: Биыл Алаш көсемі, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда көшбасшысы, ағартушы-ғалым, аса көрнекті тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Бұл – мерейтой қарсаңындағы тың жаңалық, алаштану-әлихантануға қосылған зор үлес. Осыған дейін, Қарағанды қаласына қарасты Октябрь ауданының атауын Әлихан Бөкейхан ауданы деп ауыстыру бойынша бастама көтеріліп, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылған болатын. Бұл мәселе көпшіліктің қолдауымен оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, еліміздің көптеген өңірлерінде Алаш көшбасшысының атына мектеп-көше атаулары берілуде. Бұдан өзге де, бірқатар ірі ұсыныстар ұсынылып, бастамалар көтерілуде. “Сабақты ине – сәтімен” демекші, бәрі де сәтімен, рет-ретімен орындалады деп бек сенеміз! 

alash24.kz 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp