Нақтырақ айтқанда, оннан аса ғимаратқа бөлініп жиылған 700-ге жуық тұрғын онлайн режимде өзара байланысып, қоғамдық тыңдаулардың демократиялық бағытта өрбуіне атсалысты. Ал, бұл жауапты іс-шараны Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов жүргізіп отырды.
Бірден айта кету керек, қарағандылықтар бұл маңызды шаруаға тыңғылықты дайындықпен келді. Қоғамдық тыңдау барысында зиялы қауым өкілдері, белсенді азаматтар өздерінің ойларын екі тілде еркін және сауатты түрде жеткізіп, іс-шараға қатысушылардың көкейіндегіні тап басқан пәтуалы пікірлерін білдірді. Мысалы, айтыс ақыны, елге «Сары тентек» лақап атымен белгілі Қуаныш Мақсұтов мәселе ауданға Әлихан Бөкейхан есімін беруге қарсылық танытқандардың болу-болмауында еместігін тілге тиек етті. «Бар мәселе – біз әлі күнге Әлихан Бөкейханның әлемдік деңгейге көтерілген қайраткер тұлға екендігін жалпақ жұртқа таныта алмай жүргендігімізде», деген пікір айтқан ол әңгіме түйінін ынтымағымызға нұқсан келтірмейтін ымыражай саясатпен шешуге шақырды.
Ақын айтқан пікірдің жаны бар. Жасыратыны жоқ, қоғамдық тыңдау болатыны туралы әлеуметтік желілер арқылы құлағдар болған жұрттың ғаламтордағы әңгімесі де әрқилы өрбіген еді. Ұсынысты қолдаушылар мен қарсылар арасында қызу пікірталастың болғаны да рас. Көбіне, 20 мен 35 жас аралығындағы желі қолданушылары қарынды аштыратын пікірлер қалдырып жатты. Шынтуайтына келгенде, бұл отандастарымыздың төл тарихымыз турасындағы түсінігі жеткілікті деңгейде болса, бүйтіп кері кеткеннің сөзін сөйлемес еді-ау деген ойдың қылаң бергені де жасырын емес-тін.
Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің өкілі Бақытқали Мұсабеков ауданға Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы әңгіменің бұдан 20 жыл бұрын көтерілгенін еске салды. «Сол кезде қаланың бір ауданына ұсынылған Қазыбек би атауы қабылданды да, Әлихан Бөкейхан атауы өтпей қалған еді. Енді міне, сол күнге де жеттік. Ерекше қуанып тұрмын», деді аға буын өкілі толқынысын жасыра алмай.
Обалы нешік, ауданға Алаш көсемінің есімін беру ұсынысына өзге ұлт өкілдері де түсіністік таныта білді. Мысалы, Октябрь ауданының тұрғыны Татьяна Лунева өз ойын еркін жеткізіп, Әлихан Бөкейханның ұлттың болашағы үшін аянбай қызмет еткен ұлы тұлға екендігіне шүбә келтірмейтінін айтты. Ал қоғам белсендісі Ольга Скворцова: «Біз осындай тарихи шешімдер қабылданып жатқан дәуірде өмір сүрудеміз. Бұл бізге – үлкен жауапкершіліктер жүктейді», – дей келе, күн тәртібінде тұрған ұсынысты шын ниетпен қолдайтынын мемлекеттік тілде жеткізді. Зейнеткер Надежда Хванның айтқаны да адамға ой салды. «Мен, – деді ол, – Ресейге жиі барып жүрдім. Сонда ол жақта батыр отандастарының есімін иеленген елді мекендердің көптігіне көз жеткіздім. Ал Қазақстанға неге өйтпеске? Мен аудан атауының өзгергенін қолдаймын».
Қоғамдық тыңдауға қатысқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, белгілі тарихшы Нұрсахан Бейсенбекова өзінің сөзінде Әлихан Бөкейханды ұлтшыл деп атаудың негізсіз екеніне назар аударды. «Алашорда үкіметін құрғанда оның 25 мүшесінің 10-ы басқа ұлт өкілдерінен болды. Қайраткер тұлға орыс, неміс, басқа да халықтар туралы қалам тербеді. Сондықтан оны қалай ұлтшыл деуге болады? Әлихан Бөкейхан бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның экономикалық-мәдени, саяси негіздемесін жасады. Теориясымен қатар, тәжірибелік жолын да көрсетіп берген», деп түйіндеді өзінің ойын ғалым.
Сонымен, маңызды мәселені талқылаған қоғамдық тыңдаудың қорытындысы ескінің сарқыншағынан арылып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді көксеген Арқа азаматтары үшін сәтті болды. Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов айтқандай, ауданның атауын өзгертуді іс-шараға қатысқан тұрғындардың барлығы бір кісідей қолдады.
Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы шыға салысымен, Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев фейсбук парақшасында мынадай жазба қалдырды: «Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша қаладағы Октябрь ауданының атауын Əлихан Бөкейхан атындағы аудан деп өзгерту туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты деген хабарды мен зор қуанышпен қабылдадым! Мен осы айтулы оқиғамен құттықтаймын!».
Осы орайда ескере кететін мынадай жайт бар: біздің елімізде 2021 жылдың 1 мамырынан бастап 31 желтоқсанға дейін ауыл, аудан, көше атауларын ауыстыруға тыйым салатын мораторий жарияланатын көрінеді. Бұл дегеніңіз, жергілікті атқарушы билік бір жарым айдың ішінде бұл шаруаға қатысты қағаз-құжатты қаттап, жоғарыға жөнелтіп үлгеруі тиіс деген сөз.
Әлбетте, ауданның атауын өзгерткен жақсы-ақ, бүгінгі өмірдің жарқын талабы – бұл. Таразы басына ұлттық мүдденің мәселесі тартылғанда, бұл шаруаға кететін қаржыға бола қатты уайымдаудың да жөні жоқ. Тіпті мұны болашақтың жолына салынған рухани инвестиция есебінде де қарастыруға болады. Тек, алдағы уақытта аты өзгерген ауданның заты да өзгерсе деген тілек бар көкейде. Облыс орталығына іргелес болса да, бұл өңірдің жылдар бойы шешілмей, әбден ығыр қылған ірілі-ұсақты мәселесі шаш етектен. Мәселен, осы ауданға қарасты Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинск елді мекендерінің тұрғындары биылғы қыстағыдай пәтерлерінде бүрсеңдемесе екен дейсің. Жалпы, қазіргі таңда 250 мыңнан астам тұрғын мекен ететін бұл ауданның ойқы-шойқы жолдары жөнделіп, аулалары абаттандырылып, халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмысы оңалып жатса, нұр үстіне нұр болары анық.
Ақ түйенің қарны жарылған күн туып, биыл туғанына 155 жыл толған Әлихан Бөкейханның есімі аудан атауы ретінде ресми түрде бекісе, бұл харекет «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», деген Алаш ардақтысының асқақ рухы алдындағы тағзым мен құрметтің ең зоры болар еді!