АЛАШ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ КІСІ ЕСІМДЕРІНІҢ БЕРІЛУІ МЕН ЗЕРДЕЛЕНУ МӘСЕЛЕСІ

Алаш қаламгерлерінің шығармаларын құнды мұра ретінде жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілгелі біршама уақыт. Алайда зертеулер ауқымы кеңейген сайын, онда көтерілген теориялық әрі практикалық мәселелер жаңаша қырынан таныла түсуде. Өзге салалармен қатар, лингвистикалық тұрғыдан алғанда, әрқайсысының еңбектеріндегі өзіне тән ерекшелік тілдік қорымызға құйылып жатқан байлық секілді – замандар бойы қалыптасқан дәстүрлі жүйесі негізінде тіліміздің сапасын арттырып, жаңа деңгейге көтерді. Бұл мәселе Алаш зиялылары еңбектерінің әрқайсысына жеке тоқталып, өзіндік сырларына тереңірек бойлауды талап етеді, сондықтан біз осы ретте Қ. Кемеңгерұлының шығармаларындағы кісі аттарының зерделену мәселесін арнайы қарастыруды ұйғардық. Мұндағы ерекшеліктердің бірі ретінде қаламгердің көркем шығармаларындағы кейіпкер аттарының зерделенуін атар едік. Автор қазақ халқының замандар бойы қалыптасқан ат қою дәстүрін негізге ала отырып, замана суреттерін беруде кісі аттарын шебер пайдаланған. Оның сырларына бойлау үшін әуелі кісі аттарына тән кейбір тілдік мәселелерге тоқтала кетуге тура келеді.
Қазақ тіліндегі кісі аттарының уақыт сарабынан өтіп, тілдік қалыпқа түскен өзіндік дәстүрлі жүйесі бар. Олардың құрылымдық және мағыналық табиғатындағы ерекшеліктер осы жүйенің негізінде уақытпен бірге дами отырып, жаңаша сипатарға ие болады. Тілдегі кез-келген сөздің өзіне тән мағынасы болады және сол сөздердің көпшілігі кісі аттары ретінде де қызмет атқаруға қабілетті. Ал белгілі бір сөздің білдіретін мағынасы мен есімге айналғаннан кейінгі мағынасы арасында үлкен айырмашылықтар болуы мүмкін. Себебі кісі аты ретінде таңдалған сөзге сәбидің болашағына байланысты жақын-жуық, тілеулес ағайынның бүкіл арман-тілегі жүктеледі. Мұндайда ол сөздің мағынасы өзінен-өзі кеңейетіні анық. Осы орайда есім мен оны иеленген адам арасындағы байланыс мәселесі туындайды. Тіл білімінде сөз мағынасына алуан түрлі анықтама беріледі, ал олардың әрқайсысында өзіндік шындықтың бары рас және ол анықтамалардың барлығында ортақ сипат та жоқ емес [1]. Біз солардың ішіндегі біріне тоқталсақ, – Ә.Болғанбаев «Сөздің лексикалық мағынасы зат, құбылыс, іс-әрекеттің санада бейнеленіп тұрақталған ұғымының мазмұнын қамтиды. Сөздің лексикалық мағынасын жете түсіну үшін, ең алдымен, сөздің заттық-логикалық мәнін, екіншіден, сөздің лексикалық мағынасының оның басқа мағыналармен қандай қарым-қатынаста екенін, үшіншіден, лексикалық мағынасын соған ұқсас басқа лексикалық мағыналардан ерекшелеп көрсететін белгілерін анықтау қажет» – деген пікір айта отырып, сиыр сөзінің анықтамасына тән заттық белгілерді атап көрсетеді [2.73]. Бұл тұжырымды басшылыққа алар болсақ, антропонимдерге тән өзіндік ерекшеліктердің кей сырларына үңілуге тура келеді. Кісі есімдері белгілі бір қасиетке ие заттар, құбылыстар, қимыл-әрекет, сын-сапа т.б. түрлі сөз таптарына қатысты сөздерден жасала отырып, қызметі бойынша сол заттарды емес, адамды атайды. Ал тілдегі тұрақты қолданылатын және көпшілікке танымал болған, сол секілді жаңадан пайда болған есімдер бір мезгілде бірнеше адамға берілуі мүмкін. Мұндайда бірдей есім иеленген он адам болса, есім ретінде таңдалған жалғыз сөздің мағынасы әрқайсысының болмысына тән жеке қасиеттерді сипаттап бере алмайды, яғни есім ретінде таңдалған сөздің мағынасы арқылы адам болмысын тану мүмкін емес. Сондықтан, есім арқылы адамды танымаймыз, керісінше, өзіміз танитын адамның бойындағы сапалық белгілерді есімімен байланыстырамыз да, есімі аталған кезде әркімнің өзіміз білетін ішкі және сыртқы адами болмысын ойымызға аламыз.
Бұл құбылыс антропоним ретінде таңдалған сөздің мүлде жаңа сапаға ауысуына ықпал етеді. Мысалы, сары, қара, қоңыр секілді түс атаулары, болат, алмас, құрыш, темір секілді металл атауы, бүркіт, лашын, қаршыға, тұйғын секілді құс атауларының табиғи болмысына тән өзіндік шығу уәждері бар, яғни зат пен оны атап тұрған сөздің арасында бүгінде көмескі тартқамен, белгілі бір дәрежеде байланыс бар. Сонымен қатар, бұл сөздердің бастапқы мағынасы мен дыбыстық тұлғасының қандай болғанына қарамастан, қазіргі кезде қазақ тілінде сөйлейтін жұрттың ұғымында осы аталған сөздердің заттық бейнесі орныққан. Қайсысы айтылса да, сол заттың заттық белгілері ойға оралады. Енді олар кісі есімі қызметіне ауысқанда бұрынғы табиғатынан мүлде алшақтайды. Өйткені заттық бейненің орнына адам бейнесі орналасады.
Ал ілгеріде келтірілген мәндегі сөзге берілген анықтамалар бойынша кісі есімдерінің мағынасын анықтау мәселесіне келсек, әлеуметік қызметі тұрғысынан қаруымызға тура келеді. Бұл турасында белгілі ономаст ғалым Т.Жанұзақов былай дейді: «Жалқы есімдердің әлеуметтік өресін зертеушілердің пікірінше, әрбір әлеуметтік өре көптеген дараның басын біріктіріп, әлеуметтік, кәсіптік т.б. уақыт мезгіл бірлігін анықтап тұруы керек. Жалқы есімдердің мағыналары көп қатпарлы болғандықтан, есімнің бірнеше әлеуметтік өреге ие болуы заңды құбылыс екенін көреміз. Айтан Ағмановтың отбасындағы әлеуметік өресі – үй иесі, әке, ұл, аға, күйеу, жезде, өзінің ғылыми-зерттеу институтындағы әлеуметтік өресі – филология ғылымдарының докторы, бірнеше кітаптың авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, спорт бойынша әлеуметтік өресі – шахматшы, шаңғышы. Бұған қарағанда кісі аттарының төтенше мағынасы әрі қоғамдық мағынасының бар екені байқалады» [3. 60].
Қарарпайым сөз дыбыстық тұлға мен мағына (екеуінің) арасындағы байланыстан тұрса, сол сөз кісі есімдеріне айналғанда дыбыстық тұлға, оның антропонимдік мағынасы (төтенше және қоғамдық мағыналары) және адам үшеуінің өзара қатынасын қамтиды.
Ат қою кезіндегі арман-тілекті жеткізу мақсатында таңдалған сөз (кісі аты) жалпы ойдың бәрін болмаса да, белгілі бір бөлігін білдіретін болғандықтан, дыбыстық (символдық) тұлға мен мағына арасындағы байланыстың үнемі сақталуы заңды, ал сол сөз мағынасының адам (есімді иеленген) болмысын – өзіне тән қасиеттерін бейнелей алуы екіталай. Мысалы, өзен, көл, теңіз т.б. судың жағасында туған ұлдың аты Өзенбай, Көлбай, Теңізбай т.б., қыздың аты Дәрия деп қойылады, ал ол есімнің баланың табиғатына ешқандай қатысы жоқ. Кейде осындай адам болмысы мен есімінің арасындағы алшақтықтан келіп, лақап есімдер пайда болады да, өмір бойы сонымен аталып кете барады.
Қазақ халқының ат қою дәстүрінде туған баланың бойындағы ерекшеліктерге де мән беріп, оның есім ретінде таңдалған сөздердің мағынасынан көрінетін тұстары бар. Мысалы, туған баланың қалы көп болса, Қалдыбек, Қалдыгүл, Меңтай т.б. секілді есімдер қойған. Сол секілді, шапырашты этнонимінің прототипі Шапырашты батырдың көзі шапыраштанып туғандықтан осылай аталыпты деген аңыз айтылады. Қазақ халқында адам табиғаты есіміне сай болса, мысалы, «айсұлу десе Айсұлу», «атына заты сай» деп ризалығын білдірсе, керісінше жағдайда «жаман итінің атын Бөрібасар қояды» деп ішкі ойын – наразылығын жеткізіп жатады. Мұндай мысалды көркем әдебиетен де кездестіреміз: «Қайдан қалай тауып әкелгені есімде жоқ, тәтем бір күні қалқиған қара әйел алып келді. Шектен шыққан олақ та, салақ та жан екені көрініп тұр. Шаш дегенің таралмай, дудырап, орамалдың жан-жағынан шығып кеткен, бөренедей аяқ-қолы қап- қара. Беті балшықтан жасағанадай быттиған майбет. Үстіндегі киімдері әрі лас, әрі тозып біткен. Қап-қара күс шынтағы көйлектің жыртық жеңінен көрініп жүреді.
Түр-түсі осындай бола тұрып, әйелдің аты тамаша-ақ еді – Бибіжамал. Соңынан ере келген, өзіне аумай тартқан бес-алты жасар қызы бар. Оның да аты осал емес – Айгүлсім» [3.179] немесе «Құттықтап қойыңыздар – өгей шешелі болғам… Күміс әкемнен үлкен бе деп қалам (жас жағынан). Ал бойы жағынан Ыдырыстан биік: бет бітімі кесек, қалбиған қара әйел. Аты Күміс демесең, өз де, киген киімі де шойынға көбірек ұқсайды [3. 289]».
Есімді ұқсатып қою қазақ халқының ат қою дәстүрінде бар құбылыс болса керек. Біз оны ауыз әдебиетінің материалдарынан да кездестіреміз: «Қағанақбас, Қылкеңірдек, Шиборбай» ертегісінің кейіпкерлері осы адамдар. Олар сырт келбетіндегі ерекшеліктеріне байланысты осылай аталып тұр. Ертегі, түрлері осындай адамдар болыпты деп емес, керісінше «Қағанақбас, Қылкеңірдек, Шиборбай үшеуі жолдас екен» – деп басталады – демек, бұл сөздер әрі есімдері, әрі олардың сыртқы келбетінің сипаты [4.3]. Сол секілді «Ұртоқпақ» ертегісінде тұзаққа түскен қаз келесі жылы Қазыбай болып шалмен кездеседі. Сондай-ақ «Алпамыс батыр» жырындағы Ұлтан, «Қозы-көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Қарабай, Қодар – көркем шығармадағы образдардың мінезі мен бітіміне сай қойылған халықтық есімдер. Мұнда кейіпкердің заты мен атының сәйкес болуын көздеуден туған идея жатыр. Қазақ халық әдебиетінен мұндай мысалдарды көптеп табуға болады.
Адам болмысының есімі арқылы берілуі кейінгі әдебиеттерден де үнемі көрініс беріп отырды. Кісі аттарының шығуына қоғамдық сананың әсері күшті болатынын ескерсек, әр кезеңнің өзіне лайық есімдерінің болғанына көзіміз жетеді. Бүкіл болмысымен үйлесімділікті қалайтын қазақ халқының ұлттық танмымен байланысты бұл құбылыс Алаш зиялыларының көркем шығармаларында да ерекше орынға ие болып отырды. Біз осы мақаламызға негіз етіп алған Қошке Кемеңгерұлының көркем шығармаларындағы кейіпкерлер есімінен де ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы замана суреттері, соған лайық қалыптасқан қоғамдық типтік бейнелер – кейіпкерлердің мінез-құлықтары, ішкі тілегі, сыртқы болмыс-бітімдері арқылы көрініс береді.
Енді солардың бірнешеуіне тоқталып өтелік: Қошке Кемеңгерұлының «Отаршылдық ұсқындары» атты әңгімесіндегі кейіпкердің есімі – Жаңатай. Ол сыртқы көрінісі – киім киіс, жүріс-тұрыс, келбетімен жаңа заманның адамы. Автор ол туралы былай дейді: «Жыландай иірілген қара жолдың жусаған шаңын аспанға атып бұрқыратқан, ауыздығымен алысып, оқтай зымыраған қоңыраулы пар атпен, шаруа школында оқып жүретін Жаңатай тәжірибе атқару үшін белгіленген қаласы Преснов станциясына (Қызылжар уезінде) тұмсық тіреді…Үстінде оқып жүрген школдың сарыала түйме «формасы» бар Жаңатай дедектей басып жақындағанда, урядник сескенгендей болып, қырындап жүре берді» [5. 234].
Жаңатайдың ойлау жүйесі де, өз халқын сүюі де, ішкі тебіренісі де жаңаша: «Қазақ» газетін оқумен ұлтшылдықты иман қылып ұстаған Жаңатай: мынау жатақтар торға түскен шыбындай, бірте-бірте сорылып, қазақтық белгісінен айрылады-ау. «Айқын зорлықтан, сүліктей соратын көрбілте зорлық жаман» деген пәлсапамен қалаға кірді» [5. 234].
Жаңатайдың ой-тұжырымдары да, қиындықтан шығудың жолдарын іздеуі де жаңаша: «тұрмыстан ел қазағының соққы көретіні надандығы, оқымағандығы, оқыған мен құрым үйде жатпаймын, мінекей самиян қаққан бөлмеде жатырмын. Оқыған мен таяқ жемеймін, «арда» деп ешкім келемеж қылмайды. Ел қазағы оқымай бұл құлдықтан құтылмайды деген пікірге сенген қалпымен Жаңатай ұйқыға кетті» [5. 235-236].
Автор Жаңатай есімі арқылы заман суреттерін берумен қатар, қазақ қоғамына жаңаша ойлайтын жас буын өкілдерінің келгенін хабарлайтындай. Ондағы ақпараттардың мазмұны осы есімінің төңірегіне топтастырылған. Жаңатай есімінің мағынасы кейіпкердің ұлтына деген жанашыр тілегі, қараңғылықтан шығудың жолын іздеп шарқ ұрған ішкі толғаныстары арқылы ашылады.
«Қанды толқын» әңгімесіндегі кейіпкерлердің аттары – Сарқынбай (ауыл ақсақалы), Тынымжан (оның казак-орыс өлтіріп кеткен баласы). Ақсақалдың есімі оның қарттығын, жалғыз ұлдан айрылып, сарқылған күйін суреттеп тұрғандай. Сондай-ақ, ол соңғы қайтарын жиып, дұшпаннан кегін алады, сөйтіп осы жолда мерт болады. Ал казак-орыстың оғы тиіп, соңғы рет «әкелік қаныңды кеш» деп даусы дірілдеген ұлы Тынымжан есімі оның мәңгілікке тыным тапқан жанын елестетеді. Бұл әңгімеде адамдардың
тағдыры, іс-әрекеттері есімдерінің мағынасына арқау болып отыр, яғни автор кейіпкерлер бейнесі арқылы қазақ есімдерінің мағыналық болмысы зерделеніп отырған да секілді.
«Момынтай» әңгімесіндегі басты кейіпкер – Момынтай есімді бала. Заманы оны момын болуға итермелейді. Бала күнінен бастап, кедейлік пен жетімдік, оның еркін ойлауына ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Сөйтіп ол қараңғылықтың шырмауында момын болып қала берді. Момынбайдың бейнесі шығармада былай беріледі: «Момынтайдың күндегі өмірден алған тәжірибесі: «Байсыз күн жоқ екен, байға жағу керек екен» деген оймен тұйықталды» [5. 239-240].
Осы аттас кейіпкердің бірі – «Парашылар» пьесасындағы Момынбай. Оның момындығына қоса қорқақтығы да басым: «Жүрегімнің қабы жарлылып кете жаздады. Аман қайтсам жарар еді. Әлгі үш сом болмағанда жанымызды қоймайтын еді… Біздейлер жалғыз болса, әлгіндей жерде арам өледі» – деген жолдар соның көрінісі [5. 222]. Кеңсе начальнигінің алдын көрмей, сырттай қорқып жүрген кейіпкердің бірі Момынбайдың досы – Қоңырбай. Қазақ ұғымында қоңыр сөзінің жуас, сабырлы деген символикалық мағынасы да бар («Қойда – қоңыр, жылқыда – торы» тіркесіндегі мағынада). Осы тұрғыдан келгенде Момынбай мен Қоңырбай есімдері бір-бірімен мағыналас. Бұлардың мінез-құлықтарындағы аңғалдық, кеңсенің ішіне кірмей жатып үрейлену секілді қылықтары бір-біріне ұқсайды. Алайда Қоңырбай өз есімінің мағынасына сай – Момынбайға қарағанда салмақтырақ. Ол Момынбайдың «Қоңырбай қу деген атыңды осы жолы ақтадың» деген сөзінен де көрінеді [5. 223]. Сондағы Қоңырбайдың қулығы парақорға үш сомды ебін тауып, жерге түсіріп алған болып ұсынуынан аспайды. Мұнда да қой мінезді қазақы қылық көрініс береді.
Қошке Кемеңгерұлының шығармаларындағы зорлықшыл, қиянатқа жақын тұратын кейіпкерлердің есімдері Қарабек, Қарабай, Жуанбай, Борсықбай; желдей ескен қу, алаяқтың аты Дауылбай; әділет орнатып, теңдік әперушілердің аттары – Ес, Көбен, Мұрат; сұлу, ақылды, өз теңдігі үшін күресуші әйелдердің есімдері – Қарашаш, Дүрия, Зәйра т.б. секілденіп келеді.
Қазақ есімдерінің мағыналық ерекшеліктері бойынша алғанда, қара түбірі артта қалған қарайған – мұрагер, ізбасар мағынасында қоданылады. Сонымен қатар, Т.Жанұзақов Қарасай, Қараман, Қаратай есімдерінің бірінші компонентін ірі, үлкен, зор, күшті түріндегі ауыспалы мағыналар ретінде қарастырады [6. 94]. Жуанбай, Борсықбай есімдері қазақта болмаған тек автор тарапынан беріліп отыр деуге әсте болмайды. Ондай есімдер түрлі жағдайларға байланысты қойылуы мүмкін. Қолданылу барысында, құлақ үйрене келе осы есімдерді иеленген адамдардың жеке қасиеттеріне байланысты жақсы мағынаға ие болатын кездері де бар. Алайда, автор дөрекілік пен қара ниеттіліктің, жатып-ішер арамтамақтықтың, семіздіктің т.б. мінез-құлықтың образы ретінде кері мағынасына баса мән береді. Кейіпкерінің өзі қалаған бейнесін жасау үшін қолданған түрлі тілдік элементтердің қатарында есімдерді де пайдаланады.
Тамыры терең қазақ халық әдебиетінен бастау алатын әдеби кейіпкерлердің аты мен затының сай болу идеясы Қошке Кемеңгерұлының шығармаларында осындай сипатымен көрінеді. Ол кейіпкерлерінің болмыс-бітімі, іс-әрекеті, ішкі жан дүниесінің ерекшеліктері арқылы сол кездегі қазақ қоғамы өмірінің суреттерін, психологиялық бейнесін жеткізе білді. Ол қазақ есімдеріне жүктелетін дәстүрлі мазмұнға өзіндік сипат беріп, оны кейіпкерлердің образымен шебер үйлестіре алды. Мұндай шеберлік тек Қошке еңбектерінде ғана емес, өзге де Алаш қаламгерлерінің көркем шығармаларында кездеседі. Ондағы кісі аттарының шығуы мен мағыналық ерекшеліктеріне байланысты факторлар ұлттық жүйенің дәстүрлі негіздері болып табылады. Өйткені, олар авторлар тарпынан берілгенмен, қазақ тілінде бұрыннан бар, антропонимдердің жасалу заңдарының аясында жаңаша сипатқа ие болды. Адам болмысына тән түрлі қасиеттердің есім мағынасы арқылы берілуі қазақ антропонимдерінің жинақтауыштық сипатын айқындайды. Оларды оқиғалар арқылы саралау есімдердің өзіндік табиғатына тән тарихи мәлімет ретінде де құнды. Осы тұрғыдан келгенде Алаш зиялыларының еңбектерін ономастикалық тұрғыдан талдаудың тілдік маңызы зор болып табылады.

Әдебиеттер тізімі
1. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. – Алматы: Рауан, 1991. – 216 бет.
2. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Санат, 1997. – 256 бет.
3. Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа. – Алматы: Атамұра, 2003. – 304 бет.
4. Қазақ ертегілері. – Т. 6. – Тұрмыс-салт ертегілері. Алматы: Жазушы, 2000. – 280 бет.
5. Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-том – Алматы: Алаш, 2005. –320 бет.
6. Жанұзақов Т. Есіміңіз кім?: Есімдердің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Алматы: Қазақстан, 1989. – 320 бет.

Бекжан Әбдуәлиұлы,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,                                            филология ғылымдарының докторы

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp