Армысың, Алтай!
Ақбөрік Алтай, армысың, алтын бесігім,
Куәсі ең көне тариxтың жарқын көшінің.
Сай-салаң түгел құпия тылсымға толы,
Мұнарлы шыңың ашпайтын әркімге сырын.
Тұманың жылап, жаңбырың шерлі жауатын,
Тауыңнан талай қыраның керді қанатын.
Мұзтаудың мұздықтарынан бастауын алып,
Төменде тентек өзенің орғып ағатын.
Ақ қар мен көк мұз көмкерген жағалай бәрін,
Сұмдық бір сұсты көрінді маған айбарың.
Аспанның астын билеген ғұн бабалардың,
Самсаған сары қолындай қарағайларың.
Жорыққа баптап тарланбоз тағалы аттарын,
Сақтардың білем дұшпанға садақ атқанын.
Үкектің төрін орда ғып патшайымдары,
Салтанат құрған қаhарлы қағанаттарым.
Шаншылған көкке биігі бұлт еміп жатқан,
Өзіңді әркез тұтады түркі елім мақтан.
Байланған мәңгі атажұрт қазығым едің,
Кешегі Білге, Тоныкөк, Күлтегін қаққан.
Табиғатына тамсанып, құнығасың бай,
Алтайдың шіркін, нұр бар ма шұғыласындай?
Төрт елге ортақ киелі кіндік отаным,
Түркінің төртке бөлінген құбыласындай!
Бақ пенен қыдыр түнеген босағасы үлгі,
Көргенде көңіл толқиды Қосағашымды.
Алтайды мекен ететін тарпаң қазағым,
Тағдырың таста өсетін тошала сынды.
Алтайым десем білемін сыйдың артарын,
Құстардың үні құйқылжып күй қылар таңын.
Көзіңмен көрген япырай, не деген бақыт,
Шүйгіні өгіз құлатқан Шүйдің алқабын.
Ертеңің үшін күрескен өз қайраткерің,
Мұң менен шерің кеудемнің қозғайды өткенің.
Алты ауыз өлең арнадым айып болар деп,
Жазатырда таң атырып жазбай кеткенім.
Желтоқсанның…
Желтоқсанның ысқырған ызғары бар,
Ызбарланса ызадан мұз жарылар.
Өткен шақта жүректі мұнар шалған,
Сол мұнардан күн бар ма бізге арылар?
Желтоқсанның үскірген аязы бар,
Бура шайқап, бұрқанса мая жығар.
Көкейіме қонбай жүр бүгінгі әуен,
Құлағымнан кетпей жүр баяғы зар.
Желтоқсанның ақшұнақ бораны бар,
Ұйытқи соқса қойныңа толады қар.
Бозінгендей боздаса сұр аспанның
Сора-сора көзінен сор ағылар.
Желтоқсанның сұрапыл суығы бар,
Сумаңдаса шыбын жан қуырылар.
Әділеттің қай кезде әні қалқып
Қасіреттің қай күні туы құлар?
Желтоқсанның желі бар, желігі бар,
Өкпек соқса өкпеңнің демі жылар.
Шыншылдықты шығарып шың басына,,
Күншілдікті күн бар ма кері бұрар?
Желтоқсанның қары бар, қатқағы бар,
Дауыл тұрса ақ түтек ақтарылар.
Жатырыңнан тараған жас ұрпағың,
Жаутаң-жаутаң неліктен жатқа құмар?
Желтоқсанның қар-мұзы жабық шығар,
Күн келерін күтумен халық шыдар.
Қар астында көктеген қарғалдақтай,
Ақиқаттың ақ гүлі жарып шығар!
Өтеді өмір
Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек.
АБАЙ
Жаралған пенде, алданба,
Жарқ еткен бес күн жалғанға!
Сан соқпа, соңғы деміңе,
Санаулы сәттер қалғанда!
Сырғиды күндер сағымдай,
Жылжиды түндер бағынбай.
Тамшы-мұң сынды тағдырың,
Қамшының қысқа сабындай.
Балаған уақыт алтынға,
Барады қалып артыңда.
Жаратқаныңа тәубе қыл,
Жан келмей тұрып алқымға!
Өлшеулі өмір – сүрер жас,
Құранның сөзі – кілең рас.
Ел билеп тұрған патша да,
Ертеңін болжап біле алмас.
Жасарып күнде түр-өңің,
Жайнасын мейлі, реңің.
Өзгеден ерек тусаң да,
Өзекті жанға – бір өлім.
Өзімшіл болып өңмеңдеп,
Өлместі ешкім көрген жоқ.
Ажалдан қашқан Қорқыттың,
Өнері ғана өлген жоқ.
Күллі әлем сүйген өлеңін,
Жаhанға жайған желегін.
Марқасқа Мағжандарды да,
Әлдилеп жатыр сол өлім.
Тірі боп мәңгі қалардай,
Дәулетін төккен тамам бай.
Өтті олар жұмбақ есептің,
Шешімін бірақ таба алмай.
Байлыққа ғана құнықпай,
Нәпсіге бойды суытпай.
Өмірді сүрген ұтылмас,
Өлімнің барын ұмытпай.
Өтпестей көріп алданба,
Берілген бес күн жалғанға!
Алладан күдер үзбеген,
Адаспай жетер арманға!
ТУҒАН ЖЕРГЕ САҒЫНЫШ
Алыста жатқан ауылды аңсаймын,
Астана жақтан елеңдеп кейде.
Сағынып жүрек, сарылған сайын,
Сарала қаздай өлең жетпей ме?
Шаһардан жеріп тастан қаланған,
Құлын шағымның құнын жоймаймын.
Тас жарып шыққан бастаудан алған
Бұлақтай мөлдір күнімді ойлаймын.
Ыстықсың ескі жұртым-ау маған,
Бабамның даңғыл белгісі жолың.
Қарашығымда бұлтың аунаған.
Өкпетім бөлек болмысым едің.
Көкжалдар жортқан көне жотаңда,
Тасыңның тарих төркіні кілең.
Бөрі боп кірген өлең-отауға,
Бөрілі тауым бөлтірігің ем.
Қызылтасымның қысын армандап,
Қызарып батқан күннен сұраймын.
Түлкі аулап қайтар тұсынан барлап,
Қансонарыңды кімнен сұраймын.
Аягөз-бұлақ қан тамырымда,
Бүлкілдеп соққан тағдырымбысың.
Табиғат сыры тартады мұңға
Дарытқан бойға барлық үлгісін.
Жанымның сырын жасырмай кетем,
Жарқ ете қалсам жасындай жырлап.
Әлемде сірә, асыл бар ма екен,
Тарбағатайымның тасындай қымбат.
Қайран, қазағым…
(экспромт)
Мәңгүртің биік мінбеге мінген,
Рухымды қайтем күнде жеңілген!
Үкімет жақтан күдерімді үзіп,
Үмітім сөніп үндемедім мен.
Ұрпағың болса шүлдір де шүлдір,
Не пайда мынау сүрген өмірден?!
Бірлігі мықты ел боламын деп,
Тірлігің екі тілге бөлінген,
Қазағым, қайран, қазағым!
Қысқа жібіңді күрмегеніңмен,
Тұрмайсың мәңгі құр беделіңмен.
Намысым күнде нардан жығылып,
Насихат айтып кірме де кірген.
Ата дінімнен ауытқып анау,
Жауқазын жастар түрмеде жүрген.
Ақиқат жолын тапқан адамдай,
Ақида сұрап дінге бөлінген,
Қазағым, қайран, қазағым!
Құлашты көкке сермегеніңмен,
Мақтанның дерті меңдеген үнмен.
Көлгірсіп сөйлер “көсемдерге” ердің,
Көргенің аздай көрмегеніңнен.
Қасқырдай азу ақситар сәтте,
Ит тірлік кешіп бөлмеден үрген,
Оңтүстік болып, солтүстік болып,
Желөкпеленіп жерге бөлінген,
Қазағым, қайран, қазағым!
Ақсақалдар жоқ тұлға делінген,
Жігерім жасып құмға көмілген.
Жалғанда қымбат қасиет бар ма,
Туың мен байтақ туған еліңнен!
Тектілік қайда қызға берілген,
Ұлағат қайда ұлға берілген?!
Ұлт болып тұтас ұйысар шақта
Рухыңды ұмытып руға бөлінген,
Қазағым, қайран, қазағым!
Жем болмай енді көрінген жерде,
Тұтансын қайта сенім кеудеңде.
Есеңді берме, еңселі жұртым,
Кеудесін соғып керілгендерге!
Аталарымыз аманат айтқан,
Төреге кеше төрін бергенде!
Бөледей тату бірлігің керек,
Бөрі де құмар бөлінгендерге,
Қазағым, менің, қазағым!