«Алаш» бағдарламасы – жапондарды артта қалған феодалдық сегундар елінен небәрі 21 жылдың ішінде (1868-1889 жылдар аралығында) әлемнің ең дамыған қуатты мемлекетінің біріне айналдырған «Мэйди исин» (немесе «Мэйдзи жаңғыруы») бағдарламасының қазақша баламасы болатын.
Жапон жасампаздығын қазақ мүддесімен тоқайластыра бажайлау – саяси және рухани арнада қатар өрістеп отырды. Қазақ топырағында 1904 жылдан бастау алған осынау жасампаз үрдіс қызыл террор өріс ала бастаған 1928 жылдарға дейін толастаған жоқ.
Жапон тақырыбындағы әлеуметтік ой-толғамдар бастауында Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ғ.Бердіұлы (Бердиев), Мұхамадғали бин Ғабдрахман Оразбайұлы (Оразбаев) сынды тұлғалар тұрады.
Әлихан Бөкейхан «Қазақтар» еңбегінде «…Телеграммы приносили вести о непрерывных японских победах. Степь, знавшая со слов бродячего апологета ислама о том, что все хорошее и справедливое связано с исламом, и на опыте обрусительной политики также убедившаяся, что ничего хорошего не может быть вне ислама, живо восприняла легенду о том, будто японцы – это те мусульмане, с которыми киргизы соединены родственной национальной связью. Последнее обстоятельство, по их мнению, подтверждалось сходством японских портретов с типом киргизских типов…» (Қараңыз: Бөкейхан Ә.Қазақтар. – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ типографиясы, 2014.) сипатындағы байыптауымен қазақтардың жапондарға құрметінің қоғамдық негіздеріне үңілді. «Қазақ» газетіндегі «Жауап хат» мақаласында да Қыр баласы тіршілік таласындағы жанкешті жұрттың жаһитшілдігін жеріне жеткізе баяндайды.
Халел Досмұхамедұлы Санкт-Петербургтен Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердіұлына 1904 жылы 7 қазанда жазған хатында қазақ жасампаздығына сенім артты: «…Когда подумаешь, что кроме тебя, десятки или даже сотни киргизов получают высшее образование, то приходит к всяческим, что и этот народ способен к труду, к прогрессу, что и он, может быть когда-нибудь займет в мировом господстве одно из почетных месть, что и он может сделаться второй Японией…» (Қараңыз: Движение Алаш. сборник материалов судебных процессова над алашевцами. в 3 Т./ – Алматы: ОФ «Дегдар», 2016. Т.1. – 2016. 119-б).
Ғұбайдолла Бердіұлы атсалысқан «Қазақстан» (1911-1913) газетінде Мұхамадғали бин Ғабдрахман Оразбайұлының «Алаштың азаматтары!» мақаласында Жапон өнегесі тұңғыш рет сөз болды. Ол: «Мұсылманша оқы, орысша оқы, йапонша оқы, әйтеуір оқы, ғұмырды бос өткізбе, тек жату жарамайды» (Қараңыз: Қазақстан. Орал, 2012. – 400 б. 159-160-бб), – деп, ұлттық өркендеуде Алаш зиялылары үлгі етіп алған Жапония жолын ұстану бағытына қолдау білдірді.
Жапон халқының білігі мен білімін, өнері мен ғылымын, тарихы мен мәдениетін зерделеу «Абай», «Жас азамат», «Темірқазық», «Сана», «Жас қайрат» газет-журналдарындағы Ж.Аймауытұлының «Ұлтты сүю», С.Торайғырұлының «Социализм», М.Әуезовтің «Жапония», Әміржан Сыдықұлының «Қазақ елінде мектептер қалай құрыла бастау керек», Қ.Кемеңгерұлының «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», Әбдісәметтің «Оқу», С.Сәдуақасұлының «Күнбатыс және Күншығыстың бостандық жолындағы күрестерінің тарихы» мақалалары, Е.Омарұлының «Қазақ тарихынан» (1922), Қ.Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» (1924), Т.Шонанұлының «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) еңбектеріндегі ой-толғамдары, Ж.Ақбайұлының қазақ халқының тегі туралы баяндамасында (1927) толастаған емес.
Ұлтқа қызмет етудің әлемдік өрнегін үлгі еткен Ж.Аймауытұлы: «…Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері», деп сөз бен істің үйлесімі ғана елді өрге сүйрейтінін санаға сіңірді. С.Торайғырұлы халқының рухани кемелділікке жетудегі Күншығыс жұртының тәлімін тереңнен түйді: «…Солай болған соң тегіс жұмыла кіріссек, 25-30 жылда Европаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал болса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япондар жайының осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді? … Япондар осындай халінен 35-40 жылда ержетіп Европа халіне кірді…».
Жапония тақырыбына арнаулы мақала жазған Мұхтар Әуезов талдаулары – жанкешті де жасампаз ұлттың болмысына, жан әлеміне тереңдей енуімен құнды. Қаламгердің: «Японияның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері – басшылары, білгіштерінің арасындағы ұйым, береке…», «Япония халқы – тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт» деген парасатты бағалауларын тарлан тарихтың өзі дәлелдеп келеді.
М.Әуезов «Ғылым тілі» мақаласында да ғылым тілін жүйелеудегі жампоз халықтың жарасымды тіршілігін алға тартты.
Қошке Кемеңгерұлы «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» мақаласында: «Осы күнде Күнбатысты қорқынышқа түсіріп отырған Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнекті көп алды. Бірақ, Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, өзіне алмайды. Онымен Қытай, Жапония халқының мінезі бұзылып, Еуропа үкіметтерінен артық қан төгіп, жетім-жесірді жылатып отырған жері жоқ», – деп таразыласа, Әбдісәмет «Оқу» мақаласында ұлттық кемсітушілік зардаптарын, Еуропацентризм қасаңдықтарын сын тезіне алды: «Сары тұқым туралы Европаның теріс пікірін өзгерткен Жапония. Бүкіл Азияны жұтам деп тұрған Россияны Жапония жамбасқа ала соққан соң, тұқым [нәсіл] оңдылығы бос сөз болып қалды… Қандай қолайлы жағдайда тұрып-ақ надандық батпағында батып жатқан халықтар да бар. Россияның Беларус крайындағы елдер құнарлы күнбатыспен құшақтасып отырса да, неліктен жабайы шаруалықтан аса алмай отыр? Жапония көршісі Қытай надан болса да, неліктен құнарлы болып кетті. Бұрынғы теміржол, пароход жоқ уақытта көрші халықтар бір-бірімен [араласа алмайтын]. Енді Қытай мен Россияны аттап өтіп, Германиядан келіп Жапонияның білім алуы көршінің бұрынғы бағасын жойып отыр».
«Жас азамат» газетінде осыдан бір ғасыр бұрын айтылған: «Мемлекет билігі таз қалыпқа түспей, бұқара билігі орнықса, «Алаш Орда» мен земстводағы басшы азаматтарымыз оқудың тез таралуына арымай-талмай қызмет етсе, жылында әр облыстан бір жігітті шет мемлекеттерден оқытып тұрса (биылғы жастар съезінің қаулысында арнайы жазылғандай, стипендия ашып, шеттен оқыту), біз 20-30 құнарлы халықтың санына кірер едік. Өзімізден инженер, механик, агрономдар шықса, қазіргі көп кедергілер жоғалар еді» деген пікірдің қазіргі Қазақстанның әлемнің дамыған азулы елдерінің қатарына қосылу стратегиясымен үндестігіне таң қаласың!
«Темірқазық» журналындағы Әміржан Сыдықұлының «Қазақ елінде мектептер қалай құрыла бастауға керек?..» ғылыми-танымдық мақаласында өркениет өріне ұмтылған Жапон елінің білім берудегі жаңашыл қағидаттары екшелді. «…Россия Еуропаның күнбатыс халқының 300 жыл бойы мәдениетті ел болған дәуіріне жүз жыл ішінде жеткен. Қазір мәдениетті елдің бірі болып отырған Жапония 50-60 жыл ішінде мәдениетті ел болған. Біздің өзіміздің шаруамызды оқу жұмысымызды түзу қылып құрсақ аз уақыт ішінде жетілеміз» (Қараңыз: «Темірқазық» журналының 2-3 саны: көмекші оқу құралы / құраст: А.Ақынбекова. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. 73-б).
Қазақ тарихынан жазылған алғашқы іргелі еңбектерде адамзат шежіресінің өткені мен бүгінгісін саралау, жапон құбылысының қыр-сырын жіті зерделеу талабы назардан тыс қалмады. Елдес Омарұлы «Қазақ тарихынан» зерттеуінде: «Ескі түркі халқы әуелде Алтай тауынан шығып, бүтін Орта Азияға тараған. Бұлардың жерінің шегі күнбатыста осы күнгі Русия, бұрынғы Салауан жерлері, Қара теңіз, оң тұста Кавказ, Гималай, Гендикуш таулары, моғол шөлдері, күншығыста Ұлы мұхит, Жапон теңіздері» деп жазды.
Қошке Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» кітабында: «Негрлерден білімпаздардың шығуы, Жапонның Ресейді жамбасқа алып соғуы, бұратаналардан әлеуметшілердің шығуы оқымыстылардың ойын өзгертті. Тұқым басқалығы мәдениетке бөгет емес» деп түйсе, Телжан Шонанұлы «Қазақ жер мәселесінің тарихы» еңбегінде: «Өзі зат өндіруге мол қатысы бар капиталды – кәсіпшіл капитал дейді. Бұл капитализмнің соңғы түрі һәм саудашыл капиталдың ізінен майданға шығып, оның әзірлеп қойған орнын басып, өмір сүретін түрі. Еуропа, Америка, Жапония һәм басқалар осы күні промышленный капитализм сатысында тұр» деген ойымен жапон елі дамуының экономикалық тетіктеріне үңілді.
Жақып Ақбайұлы Семей мемлекеттік географиялық қоғамында жасаған «Қазақ халқының тегі туралы» баяндамасында нағыз түркі тайпаларының құрамына қаңлылар (түріктер), қыпшақтар, алшындар, якуттар, ибары түріктері (сағайлар мен қашылар) және жапондар жататынын бажайлайды. Алаштанушы Томохико Уяма атап көрсеткеніндей, «Меніңше, жапондықтар мен алашордалықтарды елдің экономикалық және мәдени, рухани ахуалын қайтсек көтереміз деген ойы ортақтастырды. (Алаш арыстарын неге «жапон тыңшысы» деп айыптады?. alashainasy.kz›Алаш үні›…-aryistaryin-nege-japon…).
Жапон өнегесін байыптауда «Ақ жол» (1920-1925) басылымы да тартынып қалмады. «Жапония жөнін тауып келеді» атты мақалада: «Азияда басқаға бағынбаған, басқаға күні түспейтін, қайта басқаларды құрық салып байлауға алатын бір-ақ ел бар – ол Жапония. Жапония Азияның қасқыры», деген байыпты пайымдар жасалды.
Басылымдағы «Шегеннің» «Келешектің түрленуі» мақаласының көкейкестілігі ерен. Автор шет елде қазақ жастарын оқыту мәселесіне орай пікірін білдіріп, Еуропадан үлгі алған Жапония тағылымын ой талқысына салады. «…Жас жапондар, жас түріктер қозғалысын, олардың Еуропада оқығандары емей кім бастап еді? …Өзіміз көрмесек те жақында барып, Жапонияны аралап, көріп келгендер айтып отыр: «дүние жүзіндегі мемлекеттерден Жапонияның ең артық жері, мемлекеттің ең жақсы үйлері барлық мектеп жұрттарына берілген» деп. Оның себебі белгілі: Жапон жұрты Еуропадан үлгіні бір күнде алып, сол мектептердің бәрін бір күнде салдырып, олардың ішіне білімді де бір күнде орнатқандай қылып отыр…».
«Баспасөз ісіне өзгеше зер салу керек» атты мақалада Садықбекұлы: «Мәдениеті жоғары, мәтбуғаты бай елдердің осы күні бірі болып отырған Жапонияны алып қарасақ, өткен ғасырдың ғана ішінде мұхит теңізінің арасында жатқан тағы ел еді. Осы күнде Еуропа мемлекеттерімен терезесі тең болып, олармен бәсекеге түсіп, алдына шығып, ілгері басып жүруіне мектебі мен мәтбуғаты себеп болған. Біздің қазақ-қырғыз халқы көзін ашып, ілгері басамын, шаруашылықты өркендетемін десе, осы бастан мәтбуғатқа жармасып, мәтбуғатты өзіне жолбасшы қылмаса болмайды», – деп жазды.
Міржақып Дулатұлының «Жұмбақ» (1907) мысал өлеңінде орыс-жапон соғысындағы отаршыл Ресей озбырлығы әшкереленсе, осынау үрдіс әдебиетімізде өз жалғасын тауып жатты. Мәселен, Әсет Найманбайұлы «Алашқа» дастанында Жапон елінің тағылымын: «…Меллетің көш бастарлық асылдары, Ел үшін бойға біткен тасыр қаны. Итан, Жапон үлгісін үйрете алсаң, Торлаған түнек заман ашылғаны! Отыз жылда оқумен өрге басып, Жапония бала кеп туын тікті. Жиырмасыншы ғасырдың жігерлісі, Сыртқа шығар іштегі буған жүкті» [adebiportal.kz], – деп жырына өзек етті. Смағұл Сәдуақасұлының толық аяқталмаған «Сәрсенбек» романында жапон рухындағы елдік ұстанымдар көрініс тапты. Қайраткер 1926 жылы 29 қазанда Ташкенттегі тұңғыш Жоғары қазақ педагогика институтының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде жапон жұртының ғылыми дамуда жүріп өткен жолын бағамдады. (Сәдуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазған – Дихан Қамзабекұлы. – Алматы: «Алаш». – 2003. 330-331-бб)
ХХ ғасырдың басында жапон тілін меңгерген ұлт мамандары бой көрсетті. Ілияс Ахметұлы (1897-1938) Мәскеудегі Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының жапон бөлімшесінде білім алса, Асылбек Сейітұлы (1894-1937) жапон тілін меңгерді. Құдайберген Жұбанов жапон тілін зерттеуге ден қойды.
Коммунистік идеология аяусыз жаншыған ұлт-азаттық идеямен бірге Жапон құбылысын екшеудегі азатшыл таным-білік қылбұрауға алынды. Осынау өміршең тақырыптағы кемел ой, келелі пікірлер ұлт зиялыларын «жапон тыңшысы» деп айыптауға, атып-асуға бірден-бір дәйек болды. РФ Мәскеу архивіндегі Әлімхан Ермекұлының тергеу ісіне қатысты құжаттарда оның жапон офицері Катомен 1919 жылғы құпия кездесуіне қатысты құнды деректер берілген (Прокуратура Союза ССР. Отдел по спецделам. Наблюдательное производство № 2-52 // ГАРФ. Р8131-қор. 31-тізім,.31775-іс, 19 бума).
Жапон тақырыбына қалам тарту кеңес қоғамы цензурасында мүмкін болмағанымен, эмиграциядағы Мұстафа Шоқай редакторлығымен Парижде шыққан «Жас Түркістан» (1929-1939) журналында «Жапонияда тұрушы мұсылмандар және Токиода ислам шағын ауданы», «Жапонияда» атты мақалалар жарық көрді.
Түйіндей айтқанда, қазіргі жаһанның алпауыты Жапон мемлекетінің дәуірлік жаңару мен заманауи жаңғыру өнегесін Қазақ елінің өркендеу жолы тұрғысынан үлгі тұтқан Алаш зиялыларының озық ойлары өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ұлт қайраткерлерінің саяси және рухани арнадағы реформаторлық қадамдары эволюциялық дамуымен түйінделгенде тәуелсіз мемлекетіміздің өркениет өріндегі тұғыры қазіргіден де асқарлы болары хақ еді.
Сағымбай Жұмағұл,
Алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор
Дереккөз: Egemen Qazaqstan