Алты алаштың ең асыл қазынасының бірі – тілі. Біздің ұлттық болмысымызды айрықшалайтын, қазақ екенімізді білдіретін бірден-бір белгі ұлттық тіліміз. Бабадан асыл мұра болып аманатталған тілімізді қастерлеу әр Алаш азаматының қастерлі борышы. Ахаңша айтсақ, қазақ тілі қазақтың бар болуы мен жоқ болуының зор мәселесі. Сондықтан, әкесінің қанымен, анасының сүтімен бойына дарыған туған тілге қызмет ету қазақ баласының міндеті!
Қазақ тілінің жағдайы қай заманда да өзекті болған, назардан қалмаған. Әр дәуірде ұлт ардақтыларының тіл төңірегіндегі терең ойлары, қанатты сөздері бізге болашақ жолында үлкен рух беретіні сөзсіз. Әрбір ел азаматы осы ұлттық ұстанымдар мен Алаш сөздерін санасына сіңіріп, жүрегінде сақтасын деген мақсатта тіл туралы қанатты сөздер топтамасын ұсынып отырмын.
Тәрбие басы – тіл.
(Махмұд Қашқари)
Тіліңді тый – тісің сынбайды.
(Ахмет Игүнеки)
Басқа пәле – тілден.
(Жиренше)
Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар – тілге кісен салуға болмас.
(Бәйдібек Қарашаұлы)
Қыз тілімен түйілген түйінді – жігіт тісімен шеше алмас.
(Төле би)
Тіл – өткір найза!
(Майлықожа Сұлтанқожаұлы)
Қайран тіл, қайран сөз – наданға қадірсіз…
Тіл жүректің айтқанына көнсе – жалған шықпайды.
(Абай)
Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса – сөз кестелі болады.
Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!
(Әлихан Бөкейхан)
Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі.
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.
Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.
Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып түзілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады.
Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуы тиіс.
Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.
Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір.
XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.
Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.
Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы.
Сауатты адам жазғанда қол дағдысымен жазады.
Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрде үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс.
Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.
Сөздің ең ұлысы – тарих!
Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.
Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.
Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?!
Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз зейін тілі.
Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.
Теңеу – ереуіл сөз.
Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.
(Ахмет Байтұрсынұлы)
Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп…соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.
Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.
Жалпы өнер білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім өнерді таратуға мүмкін емес.
Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді.
Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.
Ұмытпаңыз. Өзімізді басқа ұқсас халықтан айыратын белгіміз болған ана тілімізді білсек қана осы мақсаттарға жетпекпіз.
Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады.
Тіл – көңілдің ашқышы,
Көңіл – жарық, жан – қия.
Білім – бақыттың басқышы,
Қараңғыда жол қия.
(Ғұмар Қараш)
Мәдениетіміздің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады.
Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. «Көп берілгеннен көп сұранады» деген нақылды ескертіп, аяғына дейін түзетуге керек еді. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш.
Сондықтан оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.
Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.
Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.
Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілі көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды.
Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.
Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілінің заңымен айтамын деп шатасады.
Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі қор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек.
Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бұзылмақшы. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Тілімізді бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, жұрт әдебиетінен, көркем әдебиеттен үлгілер көрсетіп, өрнекті түрлерімен таныстыру.
(Халел Досмұхамедұлы)
Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл – құралы» екенін ұмытпасқа керек.
Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі бел кемшіліктің қандай екенін білу керек.
Жер жүзіндегі езілген жұрттардың бірі біздің қазақ-қырғыз екені рас болса, бұл жұртты теңгеру үшін көзін ашып, өнер-білім үйретіп, үгіт-насихат тарату қажет болса, қазақ-қырғыз тіліне тоқтаусыз жол ашып, бүгіннен бастап «тілмаш жоқ, мінекей, тақсыр, тілмаш жоқ дегізіп, қазақ-қырғызды енді сандалтпау керек».
(Міржақып Дулатұлы)
Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын.
Тіл – тек адамға ғана тән, аса құдіретті құрал. Сондықтан тілді қадірлеудің, әрбір сөздің мағынасын, мәнін ұғып, оны орынды пайдалана білудің мәні зор.
Көне сөздің бәріне күмәнді қарауға болмайды. Тіл – халықтың перзенті, ол адамзаттың тарихымен тығыз байланысты. Заманның талаптарына сәйкес әр уақытта жаңа сөздер пайдаланудан шығып қалып отырады. Сонымен қатар өзінің бастапқы мағынасын өзгертіп, жаңа мағынаға ие болатын сөздер де кездеседі. Бұл – барлық тіл атаулыға тән құбылыс.
Түркістанда түрік қалады. Оны жоғалту ешкімнің қолынан келмек емес. Біз бұған кәміл сенеміз. «Мемлекет аппараттарын ұлттандыру» жүзеге асырыла қалған күннің өзінде, біздің тіліміз өз жерімізде екінші орынға ығысады. Бұл ретте біздің ана тіліміз «ұлы орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың» рөлін ғана атқаратын болады.
(Мұстафа Шоқай)
Халықтың басы қосылған орында қазақ тілінің маңызын, тілін жүзеге асыратын курстарға қолынан іс келетін таза жігіттерін жіберсін. Халықтың ұмтылуы, ел ынтасы деген осындай ретпен табылады. Істің бәрін жоғарыдан күтіп отырып, өзіне берілген құқықтарын пайдалана алмаған ел еш уақытта қатарға кірмейді.
Езілген, тепкіленген, қорлық көрген, жабы болған, қайраты сынған, қам көңіл болып жүдеген, қазақ азаматтары! Сен бүгін тіріліп отырсың, сенің тілің үкімет тілі болып отыр. Сол үкіметтің толық құқықты нағыз мүшесі болып отырсың. Қазақтың келесі буындарының алдында өздеріңе қара деген таңба қалдырма!
(Мәннән Тұрғанбай)
Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы; һаман өсіп, өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын басынан кешірген дәуірлерін, дүниеге көзқарасын, нанымын – айманын, қайғысын, қуанышын, қысқасы жанының барлық толқындарын тұқымынан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын – сол халқының тілі.
Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек.
Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фәлсәфәсін де меңгереді.
Сөз – ойдың айнасы. Ойсыз сөз – сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді.
Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал. Әр заманда тіл ішкі сырды әртүрлі шығаратын болған.
(Жүсіпбек Аймауытұлы)
Қазақ тілінде артықша ымыра бар: Қазақ тілін басқа түркі тілімен салыстырып тексерсек: Қазақ тілі жат тілдердің ықпалынан аман сақталып, еркінше өсіп алға кеткенін көреміз.
Барлық халықтарға ортақ сөздерді жатырқамау керек – деген дұрыс, бірақ жат сөздерді жалпыға бірдей деп, жат түрінде алуға болмайды, қазақ тілінің заңдарына келтіріп, қазақтың өз сөзіне ұқсатып алу керек.
Жазудың, әдебиеттегі қызметі: тілдің өзгерісіне әсер беру емес, сол өзгерістен қалмай еріп отыру, – болған өзгерісті қаттап таңбалап отыру.
Тілдің заңына келмейтін жат сөздер көбейіп кетсе, тіл бұзылады, – тілдің негізгі қасиеттері, тұрлаулы заңдары бұзылады.
(Елдес Омарұлы)
Тіл – мәдени өркендеудің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық бет-бейнесінен айырылып қалады, екіншіден, рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз, ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ. Яғни, сөйлей білмесе, адамның хайуаннан айырмасы аз.
(Телжан Шонанұлы)
Тіл – адам жанының тілмашы.
Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ.
Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді.
Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады.
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын бауырыңа,
Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен, тілім!
Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай.
Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші.
Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты – балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек.
Әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. …Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті.
(Мағжан Жұмабай)
Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
(Сұлтанмахмұт Торайғыр)
Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!
Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.
Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күйге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі.
(Мұхтар Әуез)
Тілден биік асқар жоқ,
Тілден асқан байлық жоқ,
Тілден терең теңіз жоқ.
(Ғабит Мүсірепұлы)
Туған тілім – тірлімінің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, менде бірге өшемін.
(Әбділда Тәжібайұлы)
Ана тілін білмейтін адам – бір қолы жоқ шолақ адам сияқты…
(Ғабиден Мұстафаұлы)
Бүтіндік, бірлік ерсі боп,
Жатқанда мал-жан енші боп,
Тіліміз боп, әрі емші боп…
Елші боп, әрі емші боп…
(Жұбан Молдағали)
Дәулет деген ұғыңдар!
Кеше бар да, бүгін жоқ.
Тілің болса, күнің бар,
Тіл болмаса, түгің жоқ…
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте…
(Қадыр Мырза Әлі)
Жігіт бірде кедейленер, байыр да,
Ақ атымды, қанатымды қайырма,
Айрылсам да қанатымнан талай бір,
О, тағдырым тек тілімнен айырма…
(Тұманбай Молдағалиұлы)
Сөз де – іс, сөзің үшін атыласың,
Сөз де – күш. Жауды сөзбен жапырасың.
Сөз – өнер. Сөйлей білмей шатыласың.
Сөз – асыл. Жақсы сөзге бас ұрасың!
(Ісләм Жарылғап)
Туған тілде сыры терең жаным бар.
Туған тілде мың-мың ыстық қаным бар,
Туғаны тілім – жүрек үнім, наныңдар,
Нанбасаңдар, жүрегімді суырып-ақ алыңдар!..
(Дихан Әбіл)
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту…
(Бауыржан Момышұлы)
О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің – анаң! Сыйлап өтіңдер.
Туған тілін танымаған көр соқыр,
Болып өтер, ертең мәңгі өкінер…
(Тұрсынхан Әбдірахман)
Ана тілінен айрылған халық тілі жұлынған қоңыраудай. Енді ондай қоңыраудан сыңғыр үнді, күмбір күйді, тәтті сазды күту бекершілік.
(Мұзафар Әлімбай)
Пайдаланылған кітаптар:
– Алаштың тілдік мұрасы;
– Алаш айтқан асыл сөз:
– Сөз сарасы;
– Ел мұраты;
Ержан Еңсебай