Мәскеуде тарихи-деректі мұраны сақтау мен цифрландыру мәселелеріне арналған «Цифрлық дәуірдегі нақты виртуалды деректі мұра» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Жиынға архивтердің, кітапханалардың, музейлердің, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Қазақстан атынан Ұлттық кітапхананың, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының, «Ғылым ордасы» кәсіпорнының және Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің мамандары қатысты.
Конференция барысында архивтер мен кітапханалардың қорларын цифрландыру, электрондық құжаттарды сақтау, виртуалды коллекциялар қалыптастыру және мәдениет мекемелерінің қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері талқыланды.
Практикалық бағдарлама аясында Қазақстанның Ұлттық кітапханасының мамандары құжаттарды қалпына келтіруге арналған шеберлік сабағын өткізді. Олар зақымдалған құжаттардың жоғалған бөліктерін қағаз массасымен қолмен толықтыру әдісін көрсетіп, кәсіби тәжірибелерін бөлісті.
Конференция қатысушыларға тәжірибе алмасуға, деректі мұраны сақтаудың заманауи әдістерін талқылауға және архив пен кітапхана ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.










