2024 жылдың басынан 32 гидротехникалық құрылыс коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қайтарылды. Бұл 31 суару каналы мен 1 бөгет, деп мәлімдейді Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Аталған нысандардың барлығы Жамбыл облысында орналасқан. Қазіргі уақытта еліміздің басқа өңірлеріндегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
«Министрлік еліміздің су инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмысты бастады. Мысалы, Президенттің тапсырмасы аясында 2030 жылға дейін су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау бойынша кешенді жоспар әзірленді. Жоспарда 44 су қоймасын салу, 76 гидротехникалық құрылысты, 5321 шақырымнан астам ирригациялық жүйені қайта жаңарту, сондай-ақ 3230 тік дренажды ұңғыма бұрғылау көзделген. Бүгінгі таңда 114 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.