Наурыздың 1-3 аралығында Қызылорда облысында «Syr qorǵany – sekseýil» алғашқы эковолонтерлік жоба өтті. Аймақтың экожүйесін қалыпқа келтіру және Арал теңізінің экологиялық апатының зардаптарынан қорғау – аталмыш жобаның көздеген миссиясы. Бұған қол жеткізу үшін Алматы Менеджмент Университеті 80-ге жуық волонтерді жұмылдырды. Олар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарының қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына бет алып 5100 сексеуіл көшетін отырғызды.
Волонтерлер Алматы, Талғар, Астана, Ташкент қалаларынан жиналды. Араларында тіпті АҚШ-тың екі азаматы болды. Сонымен қатар Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған елдімекендерінің белсенді азаматтары да волонтер қатарынан көрінді. 3 күннің ішінде олар 1030 шақырымды жүріп өтті.