ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалу барысы және 2024 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасы қаралды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Әділет министрі Азамат Есқараев биылғы жоспарда ҚР Парламенті Мәжілісіне 32 заң жобасын әзірлеу және енгізу көзделгенін мәлімдеді. Оның ішінде бүгінде бес заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойған, 20-сы Парламент қарауында жатыр, бес заң жобасы – Үкімет қарауында (Су кодексі, «ҚР аумақтық қорғанысы туралы», дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша және т.б. жобалар), тағы екеуі – мемлекеттік органдарда келісу сатысында (Құрылыс кодексі және оның заң жобасы).
Атап айтқанда, бизнес-қоғамдастықпен тұжырымдамалық мәселелерді пысықтауға байланысты Су және Құрылыс кодекстерінің жобалары бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ биыл жоспардан тыс 18 заң жобасы әзірленді, 70-ке жуық жекелеген түзетулер пакетіне бастамашылық жасалды.
2024 жылға арналған жоспар 18 құжатты әзірлеуді көздейді. Олардың қатарында мұрағат ісі және мәдениет мәселелері бойынша, сондай-ақ «Кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы» заң жобалары бар.
Премьер-Министрдің айтуынша, биыл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, экономика және бюджет, медиа, сондай-ақ әлеуметтік саладағы заңнамалық бастамаларды іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
«Жаңа жоспарды іске асыру кезінде заң жобаларын уақытылы енгізуге ерекше назар аударған жөн. Сондай-ақ болжамдық-талдау жұмыстарын күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы жаңа Цифрлық кодекстің жобасын, сондай-ақ инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі заңды әзірлеудің маңызын атап өтті.
«Аталған заң жобаларының қабылдануы IT-саланы дамытуға, перспективалы стартаптар санын ұлғайтуға, қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», — деді ол.
Үкімет басшысының сөзінше, білім және ғылым саласын дамыту, сондай-ақ университеттерді орнықты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Нысаналы капитал қоры туралы заң жобасы әзірленеді.
Құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында кәсіби әдептілікті тексеру институты енгізіледі.
«Осылайша, мемлекеттік реттеудің өзекті міндеттерін шешуге қажетті заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда. Заң жобаларын әзірлеу сапасы мен уақытылы ұсынылуына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары тікелей жауапты екенін атап өтемін», — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министрдің заңнамалық тапсырмаларына мониторинг жүргізу, оларды әрі қарай әзірленіп жатқан заң жобаларына енгізуді қамтамасыз ету қажеттігін айтты.