ҚазҰУ ғалымдары парсы және араб тілдеріндегі қолжазбалар кітаптарын дайындауда

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Әл-Фарабитану» халықаралық ғылыми-зерттеу жобасы аясында қазақ-парсы тілдеріндегі кітаптар каталогын дайындау жұмыстарын бастады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Каталогтың дереккөздері парсы және араб тілдерінде жазылған қолжазбалардан аударылған.
Бірлескен ғылыми жұмыс Иран Ислам мемлекетінің «Дайретул Марифи Бозорге Ислами» зерттеу орталығының докторы Атифе Занди және ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасының Құнды басылымдар және сирек кітаптар бөлімінің мамандарымен жүргізілуде.
Иран Ислам мемлекетінің «Дайретул Марифи Бозорге Ислами» зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, доктор Атифе Занди жұмыс сапары барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығымен өзара тәжірибе бөлісті.
Факультеттің ғылыми-зерттеу орталығының мамандары сирек кітаптарды қазақ жұртшылығына танытып, ғылыми айналымға түсіру мақсатында еңбек етуде. Шағатай тілінде жазылған көне жазбалардың басым бөлігі қолмен жазылған.
«Дәстүр әл-‘илаж» – далалық медицина дереккөзі» ғылыми-зерттеу жобасы аясында аталған медициналық шығармаға деректанулық, мәтінтанулық, қолжазбалар нұсқаларына кодикологиялық т.б. зерттеулер жүргізді. Орталықтың ғылыми қызметкері Өмір Тұяқбаев Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының «Далалық медицина көзі – «Дәстүр әл-‘иладж» гранттық жобасы аясында М.Физули атындағы қолжазбалар институтының қорынан «Дәстүр әл-‘иладж» медициналық трактатының көшірмелерін алып, зерттеу жүргізді.
Сондай-ақ ғылыми-зерттеу орталығының директоры Зубайда Шадкам және ғылыми қызметкер Өмір Тұяқбаев Ыстамбұл және Бурса кітапханалары қорынан қолжазба деректердің көшірмелерін алу үшін ғылыми және археографиялық зерттеулер жүргізді. Ғалымдар Сүлеймен, Милет, Баязит, Инебей қолжазбалар кітапханаларында жұмыс істеді.
ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Ө.Тұяқбаев Париждегі іссапар кезінде ортағасырлық түрік медициналық және фармацевтикалық терминдерін, сөз тіркестерін, тілдің басқа да ерекшеліктерін зерделеді. Зерттеу барысында халық медицинадағы емдеу әдістері, дәстүрі, анықтамасы, орта ғасырлардағы этномедицинаның даму кезеңдері анықталды. Ғалым шағатай тілінде жазылған қолжазбаны аудару жұмысын бастады.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp