Сенаторлар республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қарады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына сенаторларды сайлады.

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы Абай облысындағы алапат өрттің салдарынан қаза болған орманшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты және өңірдегі ахуал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бақылауында екенін атап өтті.

Бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қарау барысында 2022 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерінің орындалғаны айтылды. Дегенмен, депутаттар құжаттың жекелеген тармақтары бойынша бюджеттік тәртіптің осал тұстарына назар аударды. Сондай-ақ олар экономиканың өсуі мен азаматтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізетін бірқатар маңызды және жүйелі проблемаларға тоқталды.

Өз сөзінде Сенат Төрағасы инфляцияны төмендету және өңірлерді жылу маусымына сапалы әрі уақтылы дайындау алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер екенін атап өтті. Соған байланысты Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы белгілеп берген мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеудің маңызды екенін айтты.

«Президентіміз өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында алдағы жылдарға арналған бағыт-бағдарды айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Біз соның бәрін сәтті іске асырып, елдің сенімін ақтауымыз керек. Бұл ретте шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құру, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау сияқты нақты міндеттер туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үйлер мен жолдар салу, елдімекендерді 100 пайыз сумен жабдықтау және тағы басқа да маңызды мақсаттар бар екені белгілі. Үш жылдық бюджетте осы бағыттарға қажетті қаражат қарастырылған», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Спикері Парламенттің зың шығару қызметінде мүдделі органдармен бірлесіп әрекет етуіне де ерекше назар аударды.

«Бәріміздің алдымызда тұрған басты міндет – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Бұл істе Парламент депутаттары Үкіметке қажетті қолдау көрсетуге қашанда дайын», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар есептерді қарау кезінде сенаторлар салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру керектігін сөз етті. Шығындарды жоспарлаудың тиімсіздігіне қатысты да сын айтылды. Бұл ретте, 2022 жылы шығынның басым бөлігі ағымдағы іс-шараларға жұмсалғанын, шамамен 10 пайызы ғана дамуға бағытталғанын атап өткен жөн. Сенаторлар стратегиялық және бюджеттік жоспарлау арасындағы байланыстың жолға қойылмағанына да назар аударды. Салдарынан қаржының толық игерілмеуіне жол берілген. Бұл орайда ұлттық жобалар бойынша статистика мысалға алынып отыр. Нақты айтар болсақ, қаржы жағынан толық қамтамасыз етілсе де тоғыздың жетеуінде тиімділік көрсеткіші төмен.

Сонымен қатар депутаттар шығыстардың жартысына жуығы әлеуметтік мақсаттарға жұмсалғанын, бұл бюджет саясатынын әлеуметтік бағытқа табан тірейтінін көрсететінін айтты.

Отырыс барысында сенаторлар «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлады.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp