Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті жазушы, драматург Әкім Таразидың 90 жасқа толуына орай «Әкім Тарази әлемі» атты кеш өтті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау тілегімен ашылған кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Жиынға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Әкім Тарази – философ, психолог жазушы. Ойшыл қаламгер күрделі шығармаларында дәуір шындығын, қоғам өмірін, адам болмысын һәм әлеуметтік-рухани мәселелерді тереңнен толғап жазады. Біртуар қаламгердің құнды туындылары уақыт безбеніне төтеп беріп, келер ұрпақтың да асыл мұрасына айналарына кәміл сенеміз», – деп атап өтті.
Әдеби-танымдық кешті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жүргізді. Кеш аясында жазушының ХІІ томдық шығармалар жинағының және «Ауыл шетіндегі үй», «Мұстафа Шоқай» кітаптарының тұсаукесері өтті.