Астанада ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жүрекпен сезіну» фестивалі өтті. Іс-шара №1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің он жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті – ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру саласында қолдау көрсететін алғашқы мемлекеттік ұйымдардың бірі. 10 жыл ішінде бұл мекемеде бес мыңға жуық адам көмек алды.
Астана қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаеваның айтуынша, алғашқы жылдары мұнда 45 бала ғана білім алған. Он жылдан кейін олардың саны мыңнан асты.
«Елордалық инклюзивті білім беру желісі – еліміздегі ең үлкен желі. Ол жыл сайын артып келеді және биыл оған психологиялық-педагогикалық қолдаудың тағы екі кабинеті қосылады.
Сонымен қатар, ата-аналарды қалада түзету ұйымдарының бар екені туралы үнемі хабардар етіп отыру қажет. Бұл фестивальді өткізу аталған мекемелер қызметінің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Маржан Қайырбаева.
Айта кету керек, фестивальдің мақсаты – ата-аналарға ерекше балаларды оңалту мүмкіндігі туралы көбірек ақпарат беру.
Концерттен басқа, іс-шара аясында түзету-дамыту процесінде қолданылатын әдістемелік құралдар мен инновациялық жабдықтардың көрмесі өтті.
Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қыш жасау, көркемсурет шеберханасы, дәстүрлі емес сурет салу, бет бояуы, арт-терапия, гипспен жұмыс, тестопластика, квиллинг, оригами және т.б. бағыттар бойынша шеберлік сыныптары өткізілді.
Асықты қолдана отырып, психикалық және физикалық дамуға ықпал ететін нейрогимнастикалық жаттығуларды орындай отырып, ұлттық ойындар жеке аймақты алды.
Соның ішінде фестивальдің барлық қонақтары үшін мамандардан кәсіби консультациялық көмек бойынша мобильді кабинет жұмыс істеді.