Мәжіліс Парламенттің заң шығару қызметін үздік насихаттаған журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығына үміткерлерден өтінім қабылдауды бастады. Бұл туралы Мәжілістің Баспасөз қызметі хабарлайды.
Дәстүрлі байқауды қорытындылау және жеңімпаздарды анықтау журналистердің кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында өтеді.
Осы сыйлыққа Палатаның заң шығарушылық қызметі жайлы 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы 15 маусым аралығында жарияланған және эфирге шыққан материалдар қабылданады.
Жеңімпаздар 7 номинация бойынша марапатталады. Олар –үздік телевизиялық сюжет, баспа жарияланым, интернет, радио және фото материал. Сондай-ақ «Парламент сөзі» номинациясы, Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін номинациясы мен Парламент Мәжілісінің қызметі туралы жасалған арнайы репортаж да атап өтіледі.
Жеңімпаздарды Мәжіліс депутаттарынан құралған арнайы комиссия анықтайды.
Өтінімдерді 2023 жылғы 15 маусымға дейін Smimazh@parlam.kz электрондық поштасына жіберуге болады.
Қосымша ақпаратты Мәжілістің https://www.parlam.kz/kk/mazhilis ресми сайтынан немесе 74-63-03, 74-63-01, 74-63-05 байланыс телефондары арқылы ала аласыздар.