Батыс Қазақстан облысы мұнай өндіру көлемі бойынша республиканың үшінші мұнай өндіруші өңірі болып табылады, оның үлесіне ҚР бойынша жалпы мұнай өндірудің 13,7%-ы келеді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мұнай және конденсат қорлары (геологиялық) шамамен 1 554,2 млн.тонна/329 млн.тоннаны құрайды. Келешекте 2029 жылға қарай өңірде мұнай өндіруді 13,1 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарлануда, – деп хабарлады ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесу барысында.
Қарашығанақ кен орнында өндіру деңгейін қолдау жобалары шеңберінде 5-ші компрессордың құрылысы жүргізілуде. 6-шы компрессордың құрылыс жобасын іске асыру басталды. 5-ші және 6-шы компрессорлардың жобаларын тиісінше 2025 және 2028 жылдары аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ Асхат Хасенов өз баяндамасында халықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне жеке тоқталды. Қазақстан жанар-жағармай бағасы ең төмен елдер тізіміне кіреді.
Мұнай өнімдерін көрші елдерге бақылаусыз әкетуді болдырмау үшін Министрлік ЖЖМ нарығын үздіксіз қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдады:
– мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды;
– ресурс иелерін жанармай құю станцияларына тікелей жеткізуге міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды;
– мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесінде өнімсіз делдалдарды алып тастау бойынша заңнамалық нормалар қабылданды;
– резиденттікке және жанармай құю көлеміне байланысты сараланған бағалар енгізілді.
Алайда Энергетика вице-министрі атап өткендей, бұл шаралардың барлығы тиісті нәтиже бермеді және ЖЖМ ішкі нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмашылығын төмендету қажет болды.
Министрлік Аи-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын 205 теңгеге дейін және дизель отыны (ДО) литріне 295 теңгеге дейін көтеру жөнінде бұйрық қабылдады.
Елімізде дизель отынының жиынтық қоры 286-дан 471 мың тоннаға дейін немесе қажеттіліктің 27 тәулігіне дейін ұлғайтылды.
ДО-сыз АЖҚС саны 574-тен 266-ға дейін немесе 18-ден 8,3%-ға дейін азайды (барлығы 3 191 АЖҚС).
Облыс бойынша 131 АЖҚС ішінен дизель отынысыз АЖҚС-тың саны 21-ден 2-ге дейін азайды.
Мұнай өнімдерін өндіру көлемін 2027 жылдың соңына дейін ұлғайту үшін МӨЗ-де мұнай өңдеу көлемін жылына 5,5 млн. тоннадан 6,7 млн. тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда.
Бұдан басқа, Шымкент МӨЗ-нің жұмыс істеп тұрған қуатын 2029 жылға қарай 12 млн.тоннаға дейін кеңейту жоспарлануда.