ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Еуропалық Парламенттің депутаты Роман Хайдермен кездесіп, бірнеше бағытта екіжақты байланысты арттырудың жолдарын қарастырды.
Вице-министр айтқандай, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында түрлі салаларда ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша тығыз қарым-қатынас орнап, жемісті әріптестік жолға қойылған.
«Елімізде мемлекеттік саясатты ірі халықаралық бастамалармен ұштастыруға байланысты жақсы тәжірибе қалыптасқан. Кейінгі 15 жылда отандық көлік саласына 35 млрд доллар инвестиция тартылды. 2,5 мыңдай темір жол, сондай-ақ 13 мың шақырым автожол салынды. 13 транзиттік трансконтинентальді дәліз бен маршруттар жұмыс істеп келеді. Оның ішінде 5-уі теміржол және 8-і автокөлік қатынасымен байланысты», деді Динара Ринатқызы.
ҚР ИИДМ басшысының орынбасары кейінгі жылдары іске асырылған шаралар мен жобалар арқылы транзиттік тасымал саласында оң динамика байқалып отырғанын жеткізді. Мәселен, былтыр жүктерді көлікпен транзитті тасымалдаудың жалпы көлемі 26,7 млн тоннаға жетіп, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 12%-ға көп.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тұжырымдамаға тоқталсақ, министрлік бекіткен бұл құжатта транзитті дамыту және мультимодальды интеграция, тұрақты әрі қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз ету, тасымалдау қызметінің тиімділігін арттыру, көлік-логистикалық және онымен байланысты қызметтердің бәсекелестік нарығын дамыту, сондай-ақ аралас салалар қамтылғанын айта кетейік.
«Аталған тұжырымдама қолжетімді, тиімді және қауіпсіз көлік-логистикалық қызметтерді дамыту арқылы экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, тасымалдау процесін цифрландыруға, сондай-ақ шекара маңындағы сауда хабтарын дамытуға ерекше басымдық беріледі», деді вице-министр.
Сонымен қоса тараптар экономикалық аймақтардың қызметі мен маңыздылығы туралы, роботтандыру саласындағы әлемдік тәжірибені және стратегиялық әріптестіктің Жол картасын зерттеу жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек кездесуде еліміздің көлік-логистикасы саласындағы әлеуетін дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағытының перспективасын, экономиканы цифрландырып, өнеркәсіпті автоматтандыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру арқылы цифрлы трансформацияны арттыру, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар мен аса қажетті шикізат саласындағы заңнаманы үйлестіру мәселелері талқыланды.
Кездесудің қорытындысы бойынша екі жақ іскерлік әңгімеге ризашылықтарын жеткізіп, Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасындағы қарым-қатынасты одан ары ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.