4 сәуір күні Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында ақын-музыкант Мақпал Жұмабайдың Erten атты жеке концептуалды консерті өтті. Өнер иесі өз шығармаларында жасанды интеллектіні қолдана отырып, бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған перформанстар мен толғаныстардың үйлесімін бейнелейді. Аталған бірегей концертті көпшілікпен бірге Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Палата депутаттары да тамашалады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.
Сенат жұмысындағы басым бағыттардың бірі ұлттық құндылықтарды дәріптеу екені белгілі. Сенаторлар бұл міндетті шығармашылық индустрия өкілдерімен бірлесе отырып, жұмысты ерекше сипатта жүргізуге ниеттеніп отыр.
Мақпал Жұмабайдың айтуынша, өзінің шығармашылық мақсаты – қазақ поэзиясын заманауи музыка және жалпы өнер арқылы жетілдіру. Импровизациялық Erten туындысы – адамның өткен мен бүгінді зерделей отырып, ертеңге дайын болуын мақсат тұтады.
Мақпал шердің музыкалық-поэтикалық жобасы 15 жыл бойы поэзия, музыка, кескіндеме, анимация, спектакль көріністері арқылы шығармашылық қызмет түрлерінің арасындағы шекараны ашып, қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Топ құрамында түрлі ұлт өкілдері мен әр жастағы музыканттар бар. Олар өнердің көптеген қырлары мен қазіргі заманға деген көзқарастарын тыңдарман қауымға әуен арқылы жеткізеді.
Лондондағы АУА концерті әйгілі топтың халықаралық аренадағы ерекше қолтаңбасы екенін атап өткен жөн. Аңызға айналған Брюнель мұражайында өткен концерт музыкадағы жаңа ағымдар мен өнердегі есімдерді әйгілеген жер екені белгілі.