Астанада көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуға қаражат бөлудің тиімді моделі енгізілді

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) қанатқақты жобаның аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді энергия тиімділігі тұрғысынан жаңғыртуға қаражат бөлудің тиімді моделін ұсынды. Аталған жобаға Астана қаласындағы Пушкин мен Жұбанов көшелерінің аралығында орналасқан 1964 жылы салынған 5 көппәтерлі тұрғын үй таңдалды, деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.

Еліміздегі көппәтерлі тұрғын үйдің қоры 1960-1990 жылдары кезеңінде салынған ғимараттардан тұрады. Ескірген баспаналарды қалпына келтіру және жаңғырту қаланы орнықты дамытудың маңызды аспектісі саналады. Өйткені бұл үйлер жылу мен электр энергиясын тұтыну жағынан энергетика және өндірістік секторлардан кейін үшінші орында келеді (электр қуатының шамамен 11%-ы мен жылу энергиясының 40%-ын тұтынады).

«Бұл жоба – Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржылық көмегімен, сонымен бірге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауы негізінде қолға алынған маңызды бастама. Осы ынтымақтастықтың нәтижесі көңілімізден шығып, бірлескен жобаның арқасында жинақталған мол тәжірибе мен жаңашылдықтар кеңінен таралып, Қазақстанның орнықты әрі төмен көміртекті дамуына оң әсер беретін қуатты толқынға айналады деп үміттенемін», деді Қазақстандағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Республика аумағында ауаға тарайтын зиянды қалдықтың жартысынан көбі осы ескі үй-жайларға тиесілі. Сарапшылардың бағалауы бойынша шамамен 60 мыңдай көппәтерлі тұрғын үйдің жылу сипаттамалары заман талабына сай емес. Сондықтан бұл бағытта энергия тиімділігін арттыру кезек күттірмейтін маңызды мәселе.

«Қанатқақты жобаның нәтижелері көрсеткендей, ТКШ секторында 30%-дан 50%-ға дейін энергия үнемдеудің айтарлықтай әлеуеті бар», дейді ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысы Сәуле Инаханова.

Осы жаңғыртудың барысында баспаналардың қабырғалары мен панельдерінің арасын жылуды сақтайтын материалдармен жарақтау, суағарлар мен суды ағызатын жүйелерді қалпына келтіру, сыртқы есіктер мен балкон құрылымдарын ауыстыру сынды жұмыстар жүргізілді. Кіреберістерде LED жарықтандыру жүйелері орнатылып, жылыту, ыстық және суық сумен жабдықтаудың құбырлары ауыстырылып жаңғыртылды. Бұған қоса автоматтандырылған жылыту пункттері (АЖП) орнатылды. Жаңғырту моделін қаржыландыру бірнеше көзден, оның ішінде пәтер иелерінің жеке салымдары есебінен қамтамасыз етілгенін айта кету керек.

Аталған жұмысты іске асырмас бұрын сарапшылар әкімдік өкілдерімен бірлесіп, көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

«Бұл өзгерістердің артықшылықтары жөнінде көршілермен біраз әңгімелестім. Әр тұрғынға, зейнет жасындағы азаматтарға мұқият түсіндіріп, тиісті жөндеуді жүргізуге рұқсаттарын алып, қолдарын  жинадым. Халық мұның бәрі қымбатқа түседі деп ойлады. Бірақ нәтижесін көріп, бәрі риза. Тағы бір артықшылығы бұл жөндеу жұмыстары баспаналарымыздың бағасын бір-екі миллион теңгеге ұлғайтты», деді осы үйлердің бірінде тұратын Наталья Поддубная.

Мұндай тәжірибе Теміртау қаласында да сынақтан өткізіліпті. Осы іс-шаралардың бір бөлігі кәсіпкерлердің инвестициясы есебінен іске асырылса, пәтер иелерінің қаражаты энергосервистік келісімшарт үлгісі бойынша шығындарды үнемдеу есебінен өздеріне қайтарылды.

Айта кетсек, 2017 жылы БҰҰ ДБ мен Астана қаласының әкімдігі энергия үнемдеу іс-шараларын, «ақылды қала» технологияларын, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу салаларындағы инновацияларды енгізу арқылы қалалық шаруашылықты тұрақты дамыту саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp