Жезқазған Жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарын толық көлемде қаржыландыру қажет – Әлихан Смайылов

Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ірі коммуналдық кәсіпорындардың жұмысымен, автожол инфрақұрылымын жаңғырту барысымен және Жезқазған қаласын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен танысты, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Бірінші кезекте Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында реконструкцияланатын республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының учаскесіне барды. Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын жол учаскесінде 2023-2025 жылдар аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» тас жолын реконструкциялау жобасы аясында іске асырылатын ұзындығы 305 км «Жезқазған – Қарағанды» күре жолымен қатар жаңғыртылатын учаскелердің бірі болады.

Премьер-Министр биыл республикалық маңызы бар жолдарды дамытуға 420 млрд теңге қарастырылғанын, соның есебінен 3,6 мың шақырым жолда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

«Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялауға мейлінше жергілікті компанияларды тарту қажет. Биыл бастапқы кезеңінде 65 шақырым жол пайдалануға берілуге тиіс. Жалпы жобаны аяқтау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Жезқазған ЖЭО жұмысын тексеріп, оның алдағы жылыту маусымына дайындық шараларымен танысты. Бүгінгі таңда жылу орталығы шамамен 244 МВт электр қуатын және 496 Гкал/сағ жылу қуатын өндіреді. Станцияның негізгі жабдықтары – 8 қазандық агрегаты, олардың екеуі бұған дейін күрделі жөндеуден өткен және 5 турбиналы генератор.

Премьер-Министр ЖЭО қазандық агрегаттарының орташа тозу деңгейі 74% екенін атап өтті, осыған байланысты меншік иесі жаңа жылыту маусымына дейін қосымша қазандықты іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп, жалпы энергия көзін күрделі жөндеу мәселелерімен белсенді түрде айналысуы қажет.

«Алдағы қыста тосын жағдайлардың алдын алу үшін қазірден бастап ЖЭО-ны жөндеуге қаржы құю керек. Өткен жылы меншік иесі 2,3 млрд теңге салуды жоспарлаған болатын, бірақ жұмыстың бір бөлігі кейінге қалдырылды. Биыл ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын толықтай қаржыландыру қажет. Қаражат “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы аясында қайтарылатын болады», — деді Әлихан Смайылов.

Одан кейін Үкімет басшысы Жезқазған қаласындағы «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-қа барып, негізгі шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысын реконструкциялау барысымен танысты (2-кезек). Осы жұмыс аясында шаруашылық-ауыз суды тазарту мен дайындаудың жаңа технологияларын қолдану көзделген. 2022 жылғы мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары 2025 жылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірдегі ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 30 елді мекенде кешенді су блогы модульдері мен 4 елді мекенде су құбыры желілерін салу көзделген.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары басталмақ. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Осыған байланысты әкімдік жоспарланған жұмыстардың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы.

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министрге өңірді дамытудың бас жоспары мен Жезқазғанды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы таныстырылды. Алдағы екі жылда қалада жаңа көп пәтерлі тұрғын үйлер, мәдениет, білім беру, спорт, денсаулық сақтау нысандарын және әкімшілік ғимараттарды салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру, функционалдық қоғамдық орындар, саябақтар мен демалыс аймақтарын құру жұмыстары жоспарланған.

Үкімет басшысының айтуынша, жаңа нысандарды салу үшін инженерлік-көлік коммуникацияларын дамыту маңызды болып табылады.

 «Инфрақұрылым жүргізу, оны жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру және басқа да іс-шараларды орындау кезінде қала шекарасын одан әрі кеңейту перспективалары ескерілуі керек. Әкімдік бұл мәселені бақылауда ұстауға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp