Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жасақталған екі жаңа залдың салтанатты ашылуы өтті. Бұл «Палеонтология» және «Қолөнершілер орталығы» залдары.
Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысты.
Палеонтология залында ғалымдардың еліміздің аумағында тапқан ежелгі дәуірдегі жануарлардың қалдықтары жиналды. Экспозиция тиранозавр қаңқаларын, гиппарион жылқысын, үлкен мүйізді бұғыны, алып индрикотерия мүйізтұмсығын, мамонтты және басқа да біздің заманға дейінгі тіршілік иелерін, сондай-ақ трилобиттердің, брахиоподтардың және басқа да ежелгі қазбалардың қалдықтарын қалпына келтіруді қоса алғанда, 220 экспонатты ұсынады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Экспонаттар үш дәуірді қамтиды: ерте палеозой, мезозой және кайнозой дәуірі. Залдың ауданы 500 шаршы метрден асады. Оның ғылыми тұжырымдамасын әзірлеуге белгілі отандық және шетелдік палеонтологтар тартылды.
Қолөнершілер орталығы Мемлекет басшысының тапсырмасымен дарынды суретшілер, мүсіншілер және басқа да өнер майталмандарын қолдау мақсатында құрылды. Залдың ауданы 350 ш.м. Мұнда 18 бутик (оның ішінде 14 — сауда), 1 фото аймақ, 1 касса және 1 воркшоп орналасқан.
Орталықта ҚР Ұлттық музейінің кәдесыйлары мен еліміздің әр өңірінен келген шеберлердің үздік сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылады.
Сондай-ақ, орталықта сәндік-қолданбалы өнерге арналған түрлі мәдени іс-шаралар мен шеберлік сыныптарын өткізу жоспарланып отыр.
«Палеонтология залы мен қолөнершілер орталығының ашылуы-ҚР Ұлттық музей үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Бірегей экспозиция келушілерге біздің заманымызға дейінгі еліміздің тарихын көрсетіп қана қоймай, отандық палеонтология үшін маңызды орынға айналатынына сенімдімін. Ал қолөнершілер орталығы біздің суретшілерімізге ұлтымыздың бай мәдениеті туралы мәлімдеме жасауға, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді және жалпы елімізде музей маркетингі пен менеджментті дамытуға қызмет етеді», — деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.