Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемкомиссиясының үшінші отырысы өтті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының үшінші отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Комиссия отырысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыруға және олардың міндеттеріне қатысты мәселе қарастырылды. Жиын барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсаңбаев және бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Облыс әкімдерінің орынбасарлары – өңірлік комиссиялардың жетекшілері сарапшы ғалымдармен бірге атқарылатын жұмыстарды үйлестіру, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың деректерін жинау, жерлеу орындарының картасын жасау, ведомстволық және мемлекеттік архивтердің қызметін қалыптастыру мәселелері жөнінде баяндады.

Сондай-ақ Мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі әдістемені жергілікті жерлерге бейімдеу жұмыстарына баса мән берілді. Жиында Мемлекеттік комиссия мүшелері өңіраралық ынтымақтастық пен аймақтық комиссиялардың тәжірибе алмасу ісін жетілдіруге, архив құжаттарын сараптау жөніндегі оң тәжірибелерді ортаға салатын алаң құруға, іздестіру-зерттеу жұмыстарын тиімді қалыптастыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасау қажет екеніне басымдық берді. Сонымен қатар ғалымдардың еңбегін ынталандыру және оларды жан-жақты қолдау керек екенін атап өтті. Мемлекеттік хатшы еліміздегі тарихы бай және мәдени-рухани мұрасы мол елді мекендерде болған оқиғалардың тізбегін зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары барысында шетелдік озық тәжірибелерді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Бұдан бөлек тарихи оқиғаларға әлеуметтік-демографиялық тұрғыдан сараптама жүргізу өңірлік комиссиялар жұмысының маңызды бір бөлігі болмақ. Мәжіліс қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдеріне өңірлік комиссиялардың қызметін жетілдіруге, сарапшы ғалымдармен ықпалдастықтың тиімділігін арттыруға, зерттеу жұмыстарына халықтың белсенді бөлігін жұмылдыруға қатысты тапсырмалар берілді.

 

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp