Қазақстанда тоталитарлық жүйенің нығаюы 1925 жылдың күзінде өлкелік партия ұйымының басшысы болып сайланған Ф.И.Голощекиннің есімімен байланысты еді. Кәсіпқой революционер, патша отбасының атылуын ұйымдастырушылардың бірі болған Голощекин Қазақстанның астанасы Қызылордаға келіп түскен бойда, бірден «қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жоқ» екенін, «ауылда Кіші Қазан» өткізу керектігін мәлімдеді. Негізгі міндет ретінде әлеуметтік саралауды жою арқылы дәстүрлі қауымдастықты бұзу жарияланды.
Қазақтарды жаппай отырықшы ету келесі маңызды қадам болуға тиіс еді. Бұндай іс-шаралардың жергілікті коммунистер тарапынан наразылық туғызуы мүмкін екенін айқын түсіне отырып, Голощекин ең алдымен өзінің көзқарасын бөліспеген партия көшбасшыларымен күресуді қолға алды. Көп ұзамай-ақ, 1926 жылы С.Сәдуақасов пен С.Қожанов «ұлтшылдыққа бет бұрған» деп айыпталды. С.Сейфуллин, М.Мырзағалиев, Н.Нұрмақов, С.Меңдешев және басқалары қуғындалды. Олардың көпшілігі республикадан шеттетілді. Ж.Сұлтанов, С.Сәдуақасов және Ж.Мыңбаев қызметтерінен қуылды.
Ф.И.Голощекин ауылдардың әлі күнге дейін «…таптық күрестің лебін сезбегенін», «…қазақ ауылдарында Кеңес өкіметінің жоқтығын», «…ауылда Қазан болмағанын, кедейлер комитеттері мен мал-мүлкі тәркілену дегеннің не екенін білмейтінін», «…ауылда коммунистің атымен болмағанын» қасарыса дәлелдеуге тырысты. Ары қарай Голо¬щекин «осыған дейін бұл жерде 1925 жылдың күзіне дейін болған жайттарды Қазақстанның және оның партия ұйымының алдыңғы тарихы деп атауға болатынын» айтты.
БК(б)П-ның Өлкелік комитетінің екінші хатшысы О.И.Құрамысов Ф.Голощекинді табанды түрде қолдады. Оның құлағына ол: «Қазан дауылы қазақ ауылын сәл ғана жанап өтті», – дегенді құюмен болды. «Қаталырақ айтқанда, – деп жалғастырды ол, – бұл кезеңде Қазақстанда біртұтас және тастай берік партия ұйымы болған жоқ».
Жиырмасыншы жылдардың ортасындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне тән қасіретті ерекшелік – сол уақыттан бастап сталинизмнің идеологиялық аппаратының тарихи сана-сезімді түп-тамырымен құртуға, осы сана-сезімді бойларына жинаған ұлттың зиялы қауымының көрнекті өкілдерінің көзін жоюға бағытталған кең ауқымды іс-шараларды жүргізуі болды.
Тоталитарлық режимнің нығаюына қарай, бірте-бірте «Алаш» партиясының мүшелерін, сондай-ақ өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқындары мен әдістері мәселесінде өз көзқарастарынан танбаған және республиканың шаруашылық-саяси және кадр мәселелерін шешу ісіндегі егемен құқықтарын аяусыз таптап, қорлап отырған, тұрғылықты халықтың ұлттық ерекшеліктерімен, мүдделерімен санасқысы келмейтін Орталықтың саясатының дұрыстығына күмән келтірген республиканың басқарушы қызметкерлерін саяси қуғындау күшейе түсті.
Республикада оппозицияның ықтимал әрекеттерін басып-жаншу үшін идеологиялық негіз осылай құрылып, нәтижесінде, қазақ халқын күштеп ұжымдастырған және 1937-1938 жылдарда жаппай қуғын-сүргінге салған қайғы-қасіреттерде есеп болмады.
БК(б)П-ның Семей губерниясы комитетінің хатшысы қызметіне 1923 жылы Марийск облыстық комитетінен жіберілген, содан кейін өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру-инструкторлық бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалған Н.И.Ежовтың тұсында ұлтшылдар және ұлтшылдыққа бет бұрғандар туралы үрей туғызу, жергілікті мамандарды қуғындау анағұрлым күшейді.
Бір мезгілде Қазақстанда «өзгерістер» енгізудің Голощекин ұсынған үлгісімен келіспеген жауапты қызметкерлердің қарсылығын басып-жаншу орын алды. Жоғарыда айтылғандай, 1927-1929 жылдарда республикадан әртүрлі себептермен Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев шеттетілді. Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев, халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов, жер игерудің халық комиссары Ж.Сұлтанбеков және басқалары лауазымдарынан босатылды.
Қазақтың белгілі қызметкерлерінің үлкен бөлігіне «топтасып күресті» деген айып тағылды. Бірақ басты «топтасқандардың» бірі Сәдуақасовтың ісімен арнайы айналысқан БК(б)П-ның Орталық бақылау комиссиясы Қазақстанда ондай топтың бар екенін дәлелдей алған жоқ. Соған қарамастан, Орталықта оппозициямен күресудің үлгісі бойынша, жекелеген жауапты қазақ қызметкерлері арасындағы дау-дамай, пікірталастар мен келіспеушіліктер топтасқан күрес ретінде, ал олардың республика мүдделерін қорғаған әрекеттері «ұлтшылдыққа бет бұру» деп бағаланды. И.В.Сталинге, В.М.Молотовқа және Л.М.Кагановичке жолдаған хаттарында Н.И.Ежов барлық ұлттық мамандарды, барлық қазақ коммунистерін «ұлтшылдыққа бет бұрғандар» және «топтасып күресушілер» деп айыптап, оған қоса, олардың арасында «сау партиялық күштер жоқ» деп қаралаған. КСРО ішкі істерінің болашақтағы халық комиссары, 1937 жылы жап¬пай қуғын-сүргінді белсенді жүргізген Н.И.Ежов Мәскеуге ауысар алдында өзінің мансабын осылай бекіте түсті.
Сөйтіп өткен ғасырдың 20-шы жылдарының соңында баршаға бірдей күдіктену жағдайы ушығып, шарықтау шегіне жетті. Орталықта Троцкий мен Зиновьев оппозициясымен және ұлттық республикаларда «оңшыл оппортунистермен» күрес революцияға дейінгі кезеңнің ұлт-азаттық қозғалысы өкілдеріне қарсы қудалау, жазалау түрінде жүргізілді. Нәтижесінде, 1928 жылдың соңында «буржуазиялық ұлтшылдар» деп аталғандардың – «Алаш Орданың» бұрынғы қайраткерлерінің арасынан 44 адам, оның ішінде: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Х.Ғаббасов және басқалары жалған айыппен тұтқындалды.
Көп ұзамай, Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Ғ.Бірімжанов және Д.Әділев атылып, қалғандары әртүрлі мерзімдерге сотталды. М.Дулатов лагерьде қайтыс болды, ал А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев және басқалары жазаларын өтеп, 1937 жылы «Алаш Орданың» қызметіне қатысқандары үшін қайтадан жазаланып, 1937-1937 жылдары ату жазасына кесілді.
Құрамында М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев бар ұлт зиялыларының екінші тобы (40 адамға жуық) 1930 жылдың қыркүйегінде тұтқынға алынды. Олардың 15-і (М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов. Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, К.Кемеңгеров және басқалары) Ресейдің қара топырақты орталық облыстарының біріне жер аударылып, 1937-1938 жылдары барлығы дерлік атылды.
Сөйтіп, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «Алаш» қозғалысына қатысқандарға жарияланған рақымшылыққа қарамастан, сондай-ақ ары қарай ешкімнің де кеңес өкіметіне қарсы қызметпен айналыспағаны еленбестен, олар сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандары болды. Тұтқындалғанға дейін олардың бәрі халық шаруашылығының әртүрлі салаларында адал қызмет етіп, Қазақ¬станның өркендеуіне орасан үлкен үлес қосқан болатын.
Зиялы қауым өкілдерінің қарсылығын түпкілікті басып тастау үшін, режим оларды «мал-мүлікті тәркілеу жөніндегі шараларға қарсы тұрды» деп айыптады. «Алаш Орда» мүшелеріне тағылған айыптардың кей тармақтары төмендегідей мазмұнда болды:
- 1921-1922 жылдары кеңес өкіметін құлатуды мақсат еткен астыр-тын контрреволюциялық ұйым құруға қатысу.
2. Ферғанада басмашылармен байланыс орнату.
3. Кеңес өкіметін құлату мақсатында оған қарсы қарулы көтеріліске дайындық жасау.
4. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізу және тағы басқадай.
Жиырмасыншы жылдардың соңы – отызыншы жылдардың басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында дағдарыстың ушығуы шамасына қарай, кінәлілерді – зиянкестерді, кеңестерге қарсы қастық әрекеттерді және астыртын ұйымдарды іздеп табу кең ауқымды жүріп жатты. Орталықтағы ұқсас әрекеттермен қатар («Өнеркәсіп пар-тиялары», «Шаруалар партиялары» және басқаларына қатысқандарды соттау үдерісі), Қазақстанда ұлттық бағыттағы жауларды іздеу басталды. Шахталар мен кәсіпорындарда орын алған кездейсоқ апат¬тар, колхоздар мен совхоздарда малдың қырылуы, өрт және басқадай табиғат апаттары «тап жауларының әрекеттері» деп қабылданып, тиісінше, «халық жауларына» және кеңес өкіметін құлатқысы келетін «қаскөй ұйымдарға» қарсы «қылмыстық істер» қолдан жасалатын.
Қудалау әрекеттері содан кейін де тоқтаған жоқ. 1937-1938 жылдары республиканың барлық дерлік басқарушы партия және кеңес қызметкерлері сондай жазалаудың құрбандары болды. Қуғын-сүргінге түскендердің көпшілігіне тағылған айыптар тармақтарының бірі күштеп ұжымдастыру кезеңінің қасіреті еді.
«Ұлтшыл фашистер» деп аталып, 1937-1938 жылдары қудаланғандар істерінің материалдары Н.И.Ежов пен оның сыбайластарының қылмыстық істерді оп-оңай қолдан жасаудың шеберлері болғанын дәлелдейді. «Әртүрлі топтарға қатысқандар» делінгендердің әлдеқашан қаралған істері қайтадан жарыққа шығарылып, олардың қатарына кезінде республиканың мүдделерін қорғап, 1931-1933 жыл¬дары қазақ жұртшылығының жаппай қырылуына қарсы тұрғандар да ілікті. 1937-1938 жылдары жалған айыппен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, О.Исаев, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов, О.Жандосов, Ә.Досов, А.Асылбеков, С.Сәдуақасов, Л.Мирзоян, А.Сапарбеков, Ж.Сұлтанбеков, Т.Жүргенов, Н.Сырғабеков, З.Төреғожин, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров және көптеген басқалары жазаға тартылды.
Сөйтіп, XX ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылда-рында тоталитарлық режим қоғамдық-саяси өмірдің барлық дерлік салаларында нық орнады. Қазақстанда ол күштеп ұжымдастыру және 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңінің қайғылы оқиғаларымен қатар жүргізіліп, ерекше апатты сипат алды. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға одақтық респуб¬лика мәртебесінің берілуі, мәдени құрылыс, халыққа білім беру және ғылым салаларындағы табыстар тоталитарлық режимнің қатал идеологиялық қысымы мен бақылауында болды. Осының барлығы Қазақстанның КСРО құрамында ары қарай дамуын айқындап берді.
Енді Қазақстанда Ф.И.Голощекин билік құрған кезеңге қайтадан оралайық. Қазақстанда оппозицияны іс жүзінде құртып тынып, Голощекин өмірге өзінің «Кіші Қазан» идеясын енгізуді қолға алды. 1926-1927 жылдары егістік және жайылым жерлерді қайта бөлу үдерісі іске асты. Ауқатты тұрмыс қалыптасқан шаруашылықтардан 1360 мың десятина шабындық және 1250 мың десятина жайылымдық жерлер алынып, кедейлер мен орта шаруаларға берілді. Алайда бұл шара күткен нәтижені бермеді. Малдары жоқ шаруашылықтар өздеріне берілген шабындықтар мен жайылымдарды тиісінше пайдалана алмай, көпшілік жағдайларда бұрынғы қожайындарына қайтарды.
Келесі қадам ірі бай мал иеленушілердің мүлкін тәркілеп, оларды отбасыларымен бірге тұрып жатқан аудандарынан тыс жерлерге көшіру болды. Жеті жүзге жуық шаруашылықтан мал-мүлік тәркілеу жоспарланған болатын. Сол кездегі құжаттарға сәйкес, 696 шаруашылықтан мал тәркіленгені жазылғанмен, іс жүзінде бұл санның әлдеқайда көп болғаны белгілі. Мәселен, Ақмола округінде жоспар бойынша 46-ның орнына – 200-ден астам, Петропавловск округінде 34 емес, 102 шаруашылық тәркілеуге және көшірілуге жатқызылған. Осын¬дай науқанның нәтижесінде, барлығы 145 мың мал басы кедейлерге берілді. Тәркілеуге өте бай мал қожайындары ғана емес, сонымен қатар өкіметті жақтай қоймаған орта шаруалар да ілініп кеткенін айтуымыз керек. Ауылшаруашылық өнімдері үшін төленетін салықтардың үлкен бөлігін төлеуге мәжбүр болған ауқатты шаруашылықтарды салықпен қысу бұрынғыдан да күшейе түсті.
Мысалы, 1927-1928 жылдары шаруашылықтардың 4%-і салықтардың барша сомасының 33%-ін төлеген. Одан өзге, «өз-өзіне салық салу» жүйесі деген енгізіліп, сол бойынша салық сомасы бастапқы сомадан екі-үш есе асып кеткен.
Ауқатты шаруаларға қысым жасау саясатының Қазақстанға ғана емес, күллі Кеңес Одағына тән болғанын айтуымыз керек. Кеңес үкіметі индустрияландыру үдерісін жеделдетуді өзінің басты мақсаты, ал оған қажет қаражатты экономиканың аграрлық секторы беруге тиіс деп санады. Жер мен малының өз жеке меншігі екеніне сүйенген дәстүрлі шаруашылық қысқа мерзім ішінде қажетті қаражатты бере алмады. Сондықтан 20-шы жылдардың соңында үкімет ұжымдастыру, яғни ұжымдасқан шаруашылықтар (колхоздар) жүйесін құруға бағыт ұстады.
Бұл науқанды жүргізу барысында Қазақстанға ерекше рөл берілді. Бай табиғат ресурстары бұнда ірі индустриялық база құруға мүмкіндік бергенмен, алайда жұмыс күші бұл жерлерге сырттан, Ресей мен Украинаның орталық өңірлерінен әкелінуге тиіс болды. Көшпелі және мал баққан қазақтар «Социалистік Қазақстанның» болашақ жүйесіне «сай келмеді». Нақ осы себепті Голощекин Сталиннің келісімімен қазақтар шаруашылықтарының толық күйреуіне және тұтас халықтың іс жүзінде құруына келтірмей қоймайтын ұжымдастыру әдістерін таңдады. Сөйтіп, кең ауқымды геноцид-зұлматты, яғни әртүрлі желеу-сылтаулармен халықты қырып-жою мақсатын іске асыру басталды.
Шаруаларды ұжымдастыру еріктілік ұстанымына негізделген, бірте-бірте жүретін үдеріс ретінде қаралған еді. Бірақ 20-шы жылдардың соңына қарай шынайы бағыт түбегейлі өзгерді. Шын мәнінде, ұжымдастыру мерзімдері алдын ала белгіленіп, төтенше шаралармен жүргізілді. Сөйтіп, Қазақстан ұжымдастыру 1932 жылдың көктемінде-ақ аяқталуға тиіс аудандарға (көшпелі аудандарды қоспағанда) жатқызылды. Бұл жерде жеделдете ұжымдастырудың себептерін анықтап алу маңызды. Оның негізгі себебі ретінде елдің индустриялық дамуына басымдық берілгендігі: оны іске асыру әдістемесі қаражатты аграрлық сектордан өнеркәсіп секторына аударып құюды қажет етті.
Өте қарқынды индустрияландыру үдерісіне орасан көп қаражат салу қажет болды. Ал негізгі қаражат көзі оны өнеркәсіпке салу үшін тұрақты валюта беретін шаруа өнімі еді. Алайда ЖЭС (Жаңа экономикалық саясат) жағдайында қаражатты өнеркәсіп пайдасына қайта бөлу мүмкін бол¬мады. Ауылшаруашылық өнімді нарықтың сатып алу бағаларымен (ЖЭС талап еткендей) емес, төмен бағалармен алуға әрекеттенген кезде, мемлекет 1927-1928 жылдарда астық дайындау дағдарысына тап болды. Дағдарыстың қиын болғаны соншалық, 128 млн. пұт астық алынбай қалып, индустрияландыру жоспарының күйреуі қаупі туды.
Оның нәтижесі ЖЭС-ті тоқтатып, ұжымдастыруды жеделдете жүргізуге келтірді. Қазақстанның колхоздар құрудағы серпінді жұмысы осыдан көрінеді. 1928 жылы шаруашылықтардың – 2%-і, 1930 жылы – 50,5%-і, ал 1931 жылдың қазанына қарай 65%-і ұжым¬дастырылды. Бұл сандарға қарап, «колхоз дүмпуі» дейтін, колхоз¬дар санының аса қарқынды өсуіне келтірген құбылыс шаруалардың қалауы емес, ашық қысымдардың нәтижесі болғанын болжау қиын емес. Шаруаларды сайлау құқынан айыру, тұтқындау, жер аудару және тағы басқа шаралар мәжбүрлеудің ең көп тараған әдістері болды. Ұжымдастыру үдерісі осылай күш көрсету сипатын ала бастады. Әсіресе бұл төтенше науқанды кулактар мен байлардың мал-мүлкін тәркілеп, оларды жою үшін кең жүргізілген күрес өршітіп жіберді. 20-шы жылдарда ірі шаруашылықтарда экспроприация идеясы белсенді қарқын алды. 1927 жылы «Ірі байлар мен жартылай феодалдардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы» Декрет қабылданады. Ауқатты шаруашылықтардың жеке меншігін күшпен тартып алып, кедейлер мен орта шаруаларға беру барлық дерлік қазақ ауылдарында қарқынды орын алды. Сол Декретке сәйкес, 700-ге жуық шаруашылық тәркілеуге жатқызылды. Бұл жерде де Ф.И.Голощекиннің белсенді қызметін айтуға болады. «Кіші Қазан» идеясы да соның атымен тығыз байланысты еді.
Сөйтіп. Голощекин алға тартқан доктринаның мәні «Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған жоқ» дегенге саяды. Бұл жайында ол 1925 жылдың желтоқсанында Қызылордада өткен республикалық партия конферен-циясында мәлімдеген. Дәстүрлі жүйені оның әлеуметтік саралануы арқылы жою басты міндет етіп қойылды.
Қазақстандағы ұжымдастыру седентаризациямен – көшпенділерді отырықшылық өмір салтына көшіру науқанымен қатар жүргізілді. Сталиндік басшылық Қазақстанды әлеуетті астық республикасы деп қарады. Малшыларды жедел түрде егіншілерге айналдыру, ал жайылым-дарды жаңа егіншілік аудандар үшін босату міндеттелді.
Ғалым экономистердің пікірлеріне қарамастан, көшпенділерді отырықшылыққа көшіру идеясы: 1930 жылы – 87136, 1931 жылы – 77508, 1932 жылы – 77674, ал 1933 жылы 242208 шаруашылықта жедел қарқындармен іске асырылды.
Қазақстандағы ұжымдастыру үдерісінің салдары. Бұл науқанның ашық қасіретті сипаты кулактар мен байларды жою, сондай-ақ колхоздарға күштеп біріктіру және көшпенділерді отырықшылық өмірге мәжбүрлеу сияқты жазалау шараларынан көрінеді. Бұндай жап¬пай қайғы-қасірет әкелген оқиғаларды бүгінгі күні осы заманға жет¬кен кейбір тоық емес мағлұматтар-ақ баяндап бере алады.
1930 жылға қарай кулактар мен байлардікі саналған үш мыңнан астам шаруашылық құртылды. 1931 жылы ғана кулактар ретінде Қазақстаннан 6765 адам жер аударылды. «Мемлекеттік кәсіпорындар мен колхоздардың мүлкін қорғау және қоғамдық меншікті нығайту туралы» заң қабылданған соң, Қазақстанда 33345 адам жазаға тар¬тылды. Астық дайындау істеріне байланысты 1931 жылы 79 адам ату жазасына кесілді.
Сонымен бірге Кеңес өкіметінің қылмыстық әрекетінің ең қорқынышты салдары 1931-1933 жылдарда орын алған аштық болды. Бұл тауқымет ауқымының орасан үлкен болғаны соншалық, 1931-1933 жылдардағы аштық тарихқа «ұлы жұт» – қазақ халқының ең үлкен қасіреті ретінде енді. Демографтардың деректері бойынша, Қазақстан халқының саны сол кезеңде шамамен екі млн. адамға қысқарып, қазақ этносының 49%-ін құраған. Тұрғылықты халық санының азаюына жұртшылықтың республика аумағынан сырт жерлерге (616 мың адам, оның ішінде 205 мың адам – Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран және басқа елдерге) қоныс аударуы да себеп болған.
Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың социалистік үлгісі шаруалардың ушыға түскен қарсылығын туғызды. Шаруалардың бұл үдеріске қарсылығы әр алуан, оның ішінде қарулы көтеріліс түрінде байқалды. Егер 1929 жылы шаруалар қарсылығы көбінесе қарулы көтеріліс түрінде болса, ал 1930 жылдың ақпанынан кейін толқулар күшейіп, барлық жерлерде кең сипат алды. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жергілікті халықтың өзіндік ерекшеліктері ескерілмей, мәжбүрлеу әдісімен жүргізілді.
Сөйтіп, саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және т.б. желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. Тіпті, Ф.И.Голощекинннен кейін Қазақстанды басқарған Л.И.Мирзоян Сталиннің бұйрығымен жазықсыз атылғандар санын қолдан мейлінше арттыруға тырысты. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдер қамалды. Бұл лагерь «Алжир» деген атпен тарих беттерінде қалды.
Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған соңғы деректер бойынша, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының саны КСРО бойынша 40 миллионға жеткені айтылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.
Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды (Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/mangilik_el/52524).
Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия 49 адамнан тұрады. Оған бірнеше нақты міндет белгіленген. Соның ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи қалпына келтіру, жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу, жабық мұрағаттардың материалдарын алу және елдің тәуелсіздігі үшін ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау шаралары бар. Комиссияға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді.
Т.М. Әминов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері,
т.ғ.к., қауымдастырылған профессор