Әлімхан Ермековтің қоғамдық-саяси қызметіндегі белесті кезең Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда үкіметімен сабақтас. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ сиезінде Алаш Орда Үкіметінің құрамына сайланады. 1920 жылғы 18 мамырдағы Қазақ ревкомының 2040 нөмірлі қаулысымен Мәскеуге арнайы тапсырмамен аттанып, В.Ленин төрағалығымен өткен мәжілісте «Қазақ Автономиялы республикасын құру және оның шекарасын белгілеу» тақырыбында баяндама жасайды. Бұлғақ жылдары отаршылдар иелігінде кеткен қазақ жерін дипломатиялық жолмен қайтарып алуда, шекаралық аумағымызды құқықтық негізде межелеуде қайсарлық танытқан асылдарымыздың жанкештілігінен алар тағылым мол. Ұлт өміріндегі сол бір тағдыр шешті кезеңнің рухын кейінгі ұрпаққа тәмсіл қылып жеткізген естеліктерді тебіренбей оқу әсте мүмкін емес?!
Қазақтың қайтпас қайсар мінезді азаматтары қатарында қасиетті жерімізді қызғыш құстай қорыған қайраткер Уалитхан Танашұлы кейіннен көкіректі кернеген шемен шерін «…Рас, маңдайымның терін ағызып, жанымды шүберекке түйіп жүріп, жеті жыл қызмет еттім сол еліме. Әсіресе, республика шекарасын белгілуде досым Әлімхан Ермеков екеуміздің В.И.Лениннің бір күнде екі рет қабылдауында болып, Я.Свердловпен жаға жыртыса салғыласқанымыз есімде.
Өзекке түскен өкініш көп. Өзіміздікі деп жүрген көп жер өзбек бауырларға кетті. Орман-тоғайлы Омбы мен Орынбор, терістік арқа орыстарға өтті. Енді қалғаны Еділдің төменгі сағасы. Свердлов болса, Ордаңнан Гурьевке бір-ақ тарт деп жеңістік бермейді. Тіпті өзара кесіп-пішіп қойған, біз болсақ, Әлімхан екеуміз әр сүйем жерді дәлелдеп, қазақша қойылған жер атауларын тілге тиек етеміз. Ноғайлы заманы жырауларының өлеңдерін оқимыз: ақыры Владимир Ильич «Олай болса мына жер қазақтікі» деп қызыл қарындашпен Қиғаш өзенін бойлай Каспийге төте шықты. Бұл біз үшін соңғы үміт. Ал, мен үшін осыған дейін Ресей территориясына кіріп келген Екінші Теңіз жағалауы округі – туған ауылымның Қазақстан құрамына мәңгілік енуі еді. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Екі көзім жасқа толы. «Ең болмаса, осының өзі!» мен шап беріп, Әлімханды құшақтай алдым. Ол болса «Өкініш көп қой, ағатай. Өкініш» деп жылап тұрды.
Құдайдан күштісің бе, барымыздан айрылып қала жаздадық қой. Көздегі жас тиылар емес, сонда да болса, қалтамдағы орамалға қолымды апармадым, өйткені өлгенде бір көрген қуаныш жасы еді…» деп тарқатқан ды. (Қараңыз: Ахмет А. Ел аумағын түгендеген Танашев // abai. kz/post/5906).
Елдік жолындағы текетірестегі табандылықты, рух асқақтығын байыптауымыздағы сана сорабын Әлімханның перзенті Мағауия жазбаларындағы естелік баян барынша толықтыра түседі: «…Острую дискуссию вызвал вопрос о береговой полосе севера Каспия. Он был объявлен казенно-оброчным с включением в состав Астраханской губернии. Царскому правительству не удалось выселить казахское население с этих земель. Дело в том, что к северу от Каспийского поберевья тянется полоса песков («Рынпески») и железный закон экономики гнал население к берегу Каспия, где можно было прокормиться рыболовством. На заседении комиссии по определению границ я внес предложение о включении этой полосы к северу от Каспия в состав земель Казахстана, изъяв ее из подчинения Астраханской губернии. Это вызвало резкое возражение многих членов комиссии» (Қараңыз: Воспоминания сына (баласының естелігі) // Өскембаев Қ. Әлімхан Ермеков: Тұлға тағылымы. – Қарағанды: «Арко» баспасы, 2013).
Сталиндік қан қасап жылдары ұлт перзенті «Алаш ісі» бойынша қудаланып, 18 жылға ГУЛАГ қапасына қамалды. Бала-шағасы небір жұқпалы ауру мен індет жайлаған сызды жертөле, қала шетіндегі ит тұрғысыз жатаған үйлерді паналауға мәжбүр болды. Озбыр жүйе қиянатындағы отбасын ажал аранына жұтылып кетуден ақ адал қосағы, дәрігер Рахия Шагабетдинованың кәсіби біліктілігі сақтап қалды. «Халық жауының» ұрпағы Мағауия Әлімханұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа жіберілмеді. Алматы тау-кен металлургия институтын үздік бітірген дарын қасақана аспирантурадан шеттетілді. Аласапыран заманның асау ағынында шыңдалған Мағауия Краснояр өлкесіндегі Канск және Тайшет еңбекпен түзеу лагерлерінде (ИТЛ) айдауда жүрген әкесін бірнеше рет іздеп барып қауышады. Адамгершілік асыл қасиеттері, телегей теңіз білімдарлығымен қапастағылардың құрметіне бөленген мейірімінен, қиянатқа қарсы тұрған дегдарлығынан қуат алады. Абақтыдағылардың көкірек көзін ашып, білім сәулесін төккен жарқын бейнесін «…Обладая фенеменальной памятью и универсальными знаниями отец информировал своих слушателей по широкому кругу вопросов.
У меня в архиве сохранились некоторые его записи того времени. Так под №№ с 31 по 43 идут следующие названия тем, которые он готовил: Введение в химию. Селекционер Мичурин. Первые работы Кулибина. Карл Маркс – письма из Лондона. Тимирязев-Материальный мир. Статические силы. Электрический ток. Магнетизм. Ползунов – сила пара. История геометрии и др.
В конспектах, которые, конечно, не могут отражать содержания систематических курсов, значительное внимание уделялось истории соответствующих разделов» деп жеткізген-ді.
Әлімхан Ермекұлы ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлын «ғылымның нұрлы шамшырағы» деп бағалапты. Асылы осынау ізгі құрметті Әлімханның өзіне де қарата айтсақ еш қателеспейміз. Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орындарында математика пәнінен дәріс оқыған санаткер қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор әрі «Ұлы математика курсы» 1-бөлім (1935), «Қазақ тілінің математика терминдері» (1936) атты тұңғыш оқулықтар жазған ұлағатты ұстаз. Ол Томск технология институтында оқыған жылдары ақын Сұлтанмахмұтқа қамқорлық танытты, білім көгіне ұмтылған саналы да толқынды Алаш ұранына ұйысуға шақырды.
Әли аға 1960 жылы 11 маусымда жазылған естелігінде жасын ғұмыр жарқылының айрықша қасиеттерін тебірене еске алады. «1916-жылдың күзінде Том қаласына (ол кезде біз қазіргі Томск қаласын осылай атайтынбыз) сырқатын емдетуді және орысша оқуды арман етіп Сұлтанмахмұт келді. Менің Тау технология институтында оқып жүрген кезім еді. Ол Томға келісімен мені іздеп тапты. Әрине, мен Сұлтанмахмұтты «Айқап» журналы бойынша бұрыннан білетінмін. Ол сол өзімнің ұғымымдағыдай жігіт болып шықты.
Сұлтанмахмұт маған шу дегеннен-ақ ұнады, себебі ол алғаш көріп отырған адамым ғой, бірінші рет кездесуім ғой деп тартынбайды екен: ашық сөйлеп, ішкі сырын, саяси түсініктерін именбей жайып салып отырды».
Ақынның шығармашылық өрісіне тән алғашқы қадамдарынан бастап қаламгерлік толысуын, адамзат ақыл-ойы алыптарының ізгі мұраттарын игеру жолындағы ізденістерін таным талқысына салады.
«Сұлтанмахмұт өте алғыр еді, әрі оқығандарын өзінше ойластырып барып қабылдайтын. Ол бір қыстың ішінде орыс грамматикасын, әсіресе синтаксисі мен этимологиясын жете меңгеріп алды. Орысша жақсы сөйлемегенмен, жазуға, ұғынуға келгенде өте жетік болып шықты. Ол менің үйімнен Л.Толстойдың, Руссоның тағы басқа саяси брошюра кітаптарын оқып жүрді және оларды терең түсінетін еді.
Сұлтанмахмұт қыс ортасында қаражатсыз қалды. Мен оған көмектесіп тұрдым. Ол көбінеше бідің үйде болды. Сөйтіп жүргенде февраль революциясы болды да, март айында екеуміз де Семейге кеттік. Оның жол қаражатын мен көтердім.
Семейде ол Алашорда құрған қазақ комитетінің кіші хатшысы, ал мен жер мәселесі бөлімінің мүшесі болып істедім. Комитеттің бастығы Омбыда оқыған Райымжан Мәрсеков дейтін еді.
…Сұлтанмахмұтта, менің байқауымша, жалпы адамгершілік, әділдік, адам ғұмырының ұзақ болуы, бақыт, теңдік сияқты гуманистік тілектер басым еді…».
Ә.Ермекұлының «ұтшылдық» туралы ұстанымы да, пайымы да советтік қалыптағы қасаңдықтан бүтіндей бөлек болатын. Содан да болар «Сұлтанмахмұтты ұлтшыл деген пікірлер де болған сияқты. Менің ойымша, ұлтшылдықты адамның болған жерінен, оның солармен аралас жүруінен, онда қызмет істеуінен емес, беталысының жалпы бағытынан, ішкі дүниесінен іздеу керек. Осы жайда ескергенде, Сұлтанмахмұт ұлтшыл болып шықпайды. Сондықтан ол бес-алты ай ұлтшыл болды, кейін түсінді де безіп кетті деу қисынсыз. Өйткені, идея жолындағы адамның сырт әрекеті заман түріне қарай өзгергенімен, ішкі мүддесі сол күйінде қалмақ. Оны өзгерту үшін көп уақыт, тарихи жағдайлардың тұтас бір жүйесі қажет» деген көзқарасы советтік қырағы идеологтарды шошындырмай қоймады. (Қараңыз: Әлімхан Ермековтың естелігінен // Дәуір ақыны: Ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналады / Құраст. Ф.Қ.Бектұрбекова. – Алматы: Орталы ғылыми кітапхана, 2002. «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясы). Сондықтан қызыл цензура Ә.Ермекұлы, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Ш.Айманов естеліктері қамтылған С.Торайғырұлының 1962 жылы баспаға дайындалған екі томдығын тұтастай жойып жіберді.
Санаткер ғұмырындағы Тау технология институтында оқыған жылдардың жарқын жақтарымен қатар сан жылдар бойы жанын жегідей жеген өксікті өкініштердің болғанын да бүгіп қала алмаймыз. Ә.Ермекұлымен 1961 жылыдың жазында Бурабай көлінің жағасындағы Көкшетау облыстық кәсіподағының демалыс үйінде жүздесіп, құнды естелік жазып алған жазушы Медеу Сәрсеке толғамының да тұлғатанудағы орны алабөтен. Томдағы оқуын тастаған ол сондағы білімге құлаш ұрған жастарды соңынан ертіп, Алаш туы асқақтаған Семейге жетеді. Алайда дербес автономия алу, ұлттық өзін-өзі басқару мұраттарының қызылдар билігінің қанды шеңгеліне алынуы, исі қазақты азаттыққа бастаған көшбасшыларының аяусыз атып-асылуымен түйінделуі ар азабына салумен болды. Әли ағаның «Мен өзім, қарғаш, сенесіз бе, өзіме өмір бойы кешпейтін ауыр күнәға баттым: 1917 жылдың көктемінде Том шәрінен ертіп келген 40 шақты жастардың бірде-бірі қазірде тірілер санатында жоқ, бәрі де бертінде жазалаушы органның тас дөңбегіне түсіп, қырық жасқа жетер-жетпесте қыршынынан қиылды…Солардың қанын арқалағанымды ойға алсам мазам кетіп, ұйқым қашып, неге сонша ел қамын жеген қаншыл болдым деп те өкінемін, қарғаш!..» деген нала мұңын қилы дәуірдің қияметіне қарғыс айтқан жан азасы деп білеміз (Қараңыз: Сәрсеке М Ағайынды үшеуге – бір жаза / Шығармалары. – Астана: Фолиант, 2014. Т.2. Деректі хикаяттар мен әңгімелер).
Алаш азаттығы, рухани кемелділігі үшін тер төккен тау тұлғаларымыз өртеңге шыққан кейінгі толқынды қолдауда, жолын ашуда өнегелі өрнек қалдырып отырды. 1928 жылы Қазақ педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсуге келген болашақ академик, әдебиетші Қажым Жұмалиев Әлімхан шапағатын көрген абзал жандардың бірі. Сталиндік зобалаңда 25 жылға бас бостандығынан айырылған әдебиетші КарЛАГ–қа қамалды. Түрме тауқыметі ғалым шәкірті профессор З.Жұмағалидың «Айтылмай келген ақиқат» толғанысында жазылды. Міне, 1966 жылы Қарағандыға ат басын қайта тіреген Қ.Жұмалиев қаламгер Жайық Бектұровқа «Осында, Қарағандыда Әлімхан Ермеков тұратын көрінеді ғой. Сол кісіге 1928 жылы (дұрысы 1929 жыл. – автордан) КазГУ-дің математика факультетіне оқуға түсу үшін емтихан тапсырғанда математикадан өте алмадым. Сонда Әлекең: «Қарағым, сенің әдебиетке бейімділігің бар екен, әдебиет факультетіне түс», – деп ақыл берген. Айтқан оқуына түсіп, міне, қазір, әдебиетшімін. Жөні келсе, мені Әлекеңе жолықтырсаң қайтеді», – деген тілегін білдіреді. ГУЛАГ тезінен өткен асыл жандар араға ұзақ жылдар салып Арқа төсінде қауышады. Әлімхан дастарханынан дәм татып, емен жарқын әңгімелесудің сәті түседі (Қараңыз: Бектұров Ж. Ақиқаты осы еді. – Алматы: Ғылым, 1995). Кездесу барысындағы риясыз пейілдегі көңіл толқынынан «Үлгілі ұстаз» естелігі жазылды.
Үлгілі ұстаздың кісілік келбеті, тұлғалық қасиеттері«…Ол ұзын бойлы, сұлу денелі, тіп-тік, ат жақты, қыр мұрынды, қара торы келген, айтарлықтай-ақ сымбатты кісі екен. Жасы отыз бес, отыз алтылар шамасында. Сол кездің модасы ма, оның да шашы ұзын, бірақ қылаусыз, мойылдай қап-қара. Алтын пенсиесі жарық-жұрық етіп, әлде бір әңгімелер айтып, Фатовты күлдіріп келеді. Өзі де күледі және жай күлмейді, сақылдап, қатты күледі. Ондай күлкі тек адал адамдарға ғана тән ғой. Бір көргенде-ақ оны ешбір бүкпе сақтамайтын, ағынан жарылатын адам-ау деп қалғандайсың…» деген парасат пайымында зерделенеді.
Емтихан қабылдар сәттегі талапкер бойындағы батылдық пен алғырлықты, тапқырлық пен зейінділікті дөп бас таныған ақжүрек ұстазға тән кеңдік пен тереңдік қасиеттерін жеткізген шәкірттің ақ жарма толғамы ұрпақтар сабақтастығындағы асыл арқаудың қандайлық өреде болу керектігін ұғындырса керек!!! Қажым Жұмалиев С.Аспандиярұлы, Ә.Ермекұлына деген шәкірттік құрметін кейінгі толқынның зердесіне тоқуды азаматтық парызы деп білді.
«…Бір кезде алтын пенсиесі жарық-жұрық етіп, ұмтыла басып, «Здравствуйте» деп, әнеугі көрген доцентіміз – Ермеков Әлімханның өзі кіріп келді. Біздер орындарымыздан ұшып тұрып, ізет білдірдік.
– Отыра беріңдер! – деді де Әлекең студенттер жайлы өте бір қызық әңгіме айтып, жұртты бір күлдіріп алды. Ол университеттің құрылу тарихы, мәні, түсушілердің алдындағы міндет-мақсаттары туралы сөйледі. Сәлден кейін ұзын шашын шалқасына қайыра тастап, Әлекең орысша егіле жөнелгенде, тыңдаушылар аузын ашып, көзін жұмды. Сөз, сөйлемдерін қағазға түсіріп, сан рет жөндеп, нақысына келтіріп оқып, әбден жаттап алған адам да тап ондай айта алмас. Құйылып жатқан көркем сөз, сөз емес-ау – ой. Сөйлеп тұрып – сәл кідірді де не бір үлкен ғалым, не бір философтардың өмірімен байланысты, әрі қысқа, әрі қызықты бір әңгіме айтып, тыңдаушыларды тағы да күлдірді. Өзі бірге күледі. Өстіп ол 20 минуттың ішінде аудиторияны өзіне тартып, тегіс билеп алды. Тыңдаушылар ол адамды әрі іш тартса, әрі орыс тілінде әдемі, шешен сөйлеудің үлгісін көрді. Оған – ешкім сұрау берген жоқ. Сәлден кейін математикадан ауызша емтихан басталды. Сұрақты Әлекең өзі қойып отыр. Мейлінше ақ жарқын, жатты жақын еткендей адам екен. Жүрек орнына түсіп, білгенімізді қысылмай айтып беруге мүмкіншілік туғанға ұқсады. Біздер екі қазақ баласы, «Құдай берді!» дегендей бір-бірімізге жымыңдап, қарап қоямыз». Иә, шындығында мейірім шуағын төккен жайсаң жанның жылы сөзі бойға қуат дарытты. Жас өскіннің бойындағы жігерін жаныған әрбір салиқалы сөзі сенім отын жақты. Биікке жетелеген ұстаздың шапағаты мен шарапаты талантты шәкірттің ғылым белесіндегі тар жол тайғақ кешулі жолын ашты.
«Мен өзімше, әзірленіп болдым. Ішімнен сұраса деп отыр едім, ойымнан дәл шықты. Менің алдымдағы орыс жігітінен сұрап болды да, маған бұрылып, «прошу» деп қойды, жылы жүзбен. Онысы «қысылмай жауап бер!» дегені тәрізді.
Барынша айтып, жауап беріп жатырмын. Әйтсе де толып жатқан тангенс, котангенс, треугольник, четыреугольниктердің бірінен барып сүріндім. Бірақ қазір есімде жоқ. Әйтеуір не деп жауап берерімді білмей, төбеге ұрғандай тұрып қалдым. Қазақ балаларының: «Біліп тұрмын-ау, тілім жетіңкіремей жатыр» дейтін жалған сылтауы есіме түсе қалды. Білгенге тілдің қажеті шамалы. Жақсы білетін адам өз ойын басқаларға қалайда жеткізіп бере алады. Әңгіме тілде емес, білу, білмеуде ғой. Бірақ амал қайсы, қазір маған да сол әдісті қолдануға тура келді.
– Ағай, орысшам жетіңкіремей тұр, қазақша айтуға бола ма? – дедім
– Болады. Неге болмасын? – деп сақ ете қалды да, «ал, сайра!» деді ол әзілі мен шынын араластыра. Біз бұл сабақтарды орысша өткенбіз. Сондықтан ат жалы, атанның қомында терминдерді қазақшаға аудару – халімді бұрынғыдан да қиындатты. Треугольник – үшкіл, четыреугольник – төрткіл т.б. осылар сықылды математиканың атаулары көп екен, олардан мен бихабар болып шықтым. Әрі өтірік айтып, әрі жауап бере алмай тер онан да, мұнан да кетті. Әрі бері малтып, бір кезде болдырған атша тұрып алдым. Әлекең өмір бойы ұстаздық еткен адам ғой, менің жағдайымды түсіне қойды.
– Бала, мені алдап кеткің келді-ау, ә? – деп, қарқылдап тағы бір күлді де
– Сен бұл пәнді орысша оқығансың ғой. Сондықтан қазақша жауап бере алмайсың. Неде болса сол орысшаңа көш! – деді. Ішімнен тілеп тұрғаным осы еді. Әлекең, үстінен түсті. Дес бергенде, әлгі ұмытқаным ойыма сап ете қалғаны. Ол кісі жауабымды зер сала тыңдап, тағы да бірлі-екілі жеңілдеу, қосымша сұрақ қойды да, сәлден кейін:
– Тапсырдың, бара бер, қарақ! – деді. Құлаған-ақ шығармын деп тұрған адамның құлағына «тапсырдың» деген сөз қаншама жылы естілетіні әркімге-ақ мәлім шығар.
Бір айға жақын қан сорпа болған емтиханның нәтижесін асыға күттік. Жүзден астам адамнан отызымыз ғана алыныппыз…» деп сөз тиегін ағытқан академик ұстазға деген шексіз құрметін, риясыз көңілден ағытылып шыққан сағыныш аңсарын ақиқат биігінде әдіптеді (Қараңыз: Жұмалиев Қ. Үлгілі ұстаз. Естелік. – Жұлдыз. – 1968. №4) деп жазды.
Әли ағаның РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен он жылға бас бостандығынан айрылып, 1942 жылдың мамырында Солтүстік Оралға жер аударылған Жайық Бектұров (1912-1998), ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек еткен Қалкен Мәкенбаев (1924-2010) сынды сыралғы сыйлас азаматтарға айтып қалдырған естеліктері алыптарымыздың жан әлеміне бойлатады.
1922 жылы ашылған Қарқаралы педтехникумында оқыған оғыландардың ааматтық тұлғалары, ғалымдық келбеттерінің қалыптасуында Алаш ардақтыларыны алар орыны ерен. Есімдері елге мәшһүр академиктер Шапық Шөкин, Әбілқас Сағынов, министр Хамит Сембаев, мемлекет қайраткері Даниал Керімбаев, ғалым Ақжан Машани, жазушы Жүсіп Алтайбаевтар осы оқу орнының түлектері екенін айтар болсақ, Алаш мектептерінің қаншалықты жемісті болғанын бағамдаймыз. Имам Әлімбекұлы (1883-1938), Мәннан Тұрғанбайұлы (1886-1937), Әлімхан Ермекұлы (1891-1970), Бірмұхамед Айбасұлынан (1895-1938) ұстаздық тәлім алған Әбілқас Сағынов ұзақ жылдардан соң азаттыққа шыққан Ә.Ермекұлының Қарағанды техникалық институына еңбекке орналасуында азаматтық танытты. Бұған қатысты аталған жоғары оқу орнының сол кездегі ректоры Ә.Сағынов «О пройденном пути» естелік кітабында «…Когда я только приступил к исполнению обязанностей директора (ректора) института в конце мая 1955 года, ко мне в кабинет зашел представительный, седовласый человек, который назвался А.А.Ермековым. Дело в том, что он недавно освободился из заключения и договорился с моим предшественником Ю.К.Нурмухамедовым о трудоустройстве и когда в назначенный день явился в институт, то в роли директора оказался уже другой человек. Разумеется, oн волновался, я это заметил, опасаясь, что договоренность может не состояться. Я тоже волновался из-за того, что явился человек, о котором я много слышал, как о крупном математике, в свое время работавшего профессором кафедры математики ряда вузов. Он длительное время находился в заключении по политическим мотивам. Вскоре после взаимного приветствия все улеглось. Я подтвердил, что обещание моего предшественника о трудоустройстве будет мною выполнено. При этом я сказал ему, что приму все меры, чтобы восстановить его в прежнем звании. А.А.Ермеков приступил к занятиям с начала нового учебного года» (Қараңыз: Сагинов А.С. О пройденном пути. Воспоминания. Алматы, Гылым, 1996) деп жазды.
Естеліктегі ғалымның дәріс оқудағы ұстаздық ұлағаты, әдіскерлік шеберлігісонымен қатар профессордың тартымды дәрістерін тыңдауға студенттермен қатар оқытушылардың қатысып отыруын жеткізудегі айшықтар шынайығымен тартымды. «По многочисленным отзывам его лекции были доходчивыми и отличались глубиной изложения материала. Я как-то, с его разрешения, зашел на поток, где должен был читать лекцию. На потоке было значительное число казахской молодежи. В процессе лекции он сделал маленький перерыв и вкратце изложил сказанное на казахском языке. С какой благодарностью восприняли эти материалы казахи-студенты, и многое стало для них понятным.
А.А.Ермеков пользовался в институте непререкаемым авторитетом и уважением, многие преподаватели ходили слушать его лекции».
1955 жылы Қарағанды тау кен институтына оқуға түскен өлкетанушы Ю.Попов та ұстаздың жоғары математика пәнінен оқылған дәрістерін тыңдаған талантты шәкірттерінің қатарынан. Әлімханның парасат әлемін әдіптеген ол «…Седой, крепкий, внимательный, очень доброжелательный. Студентам нравилась его манера изложения материала – спокойная, ровная, что позволяло почти полностью конспектировать лекцию. И была у лектора Ермекова странность. В правом кармане своего рабочего костюма он имел запас меловых карандашей. Писал на доске крупными, ясными буквами. Завершив урок, опускал мел в тот же схрон. Объяснение студенты знали. А.А.Ермеков недавно освободился из лагеря, где привык все свое носить с собой» деп жазды.
Қазақ руханиятының жоқшысы әрі жаршысы Ю.Попов тоталитарлық жүйе қысымындағы жылдардың өзінде-ақ Ә.Ермекұлы туралы шынайы жазылған алғашқы мақала авторы ретінде қандай да болмасын құрметке лайық. Ол 1969 жылы 22 тамызда В.Я.Новиковпен бірге Әлімханға жолығады. Дастархан басындағы әңгіме барысында Әлихан Бөкейхан тұлғасына айрықша тоқталып, Алаш көсемін әлемдік мәдениет пен саясаттың ғажайып білгірі деп бағалайды. Жас өлкетанушының 1913 жылы Әли аға шақыруымен Арқада құрметті қонақ болған Г.Н.Потанин саяхатына қызығушылық танытуына құрметпен қарап, жадында сақталып келген деректермен бөліседі. Осы бір әсерлі кездесу қуаты қолға қалам алдырып, Ю.Поповтың «Последнее путешествие Григория Потанина» мақаласы «Индустриальная Караганда» газетінің 1969 жылғы 17,18,19 қыркүйектегі сандарында басылады. Бұл «Алашордашыл», «ұлтшыл» деп қараланып, қоғамнан аласталып келген асыл тұлға хақындағы тоңды жібіткен жойқын жарияланым болатын. Осы очерк 1973 жылы «Простор» журналында А.Самойленконың қолдауы, редактор И.Шуховтың батылдығымен мұрты бұзылмастан басылады. «Ұлтшыл» Ә.Ермекұлы туралы мақала жариялаған И.Шухов Орталық Комитетке шақырылып, «сыбағасын» алады. Бірбеткей редактор құнды мақаланы да, қаламы қарымды турашыл мақала авторын да қиянаттан қорғап қалады. Жас қалам иесіне «Пишите дальше. Я отстоял Ермекова и вас, правду замазывать не надо. Пишите так, как было…» (Қараңыз: Попов Ю. Алимхан Ермеков: Новое возврощение в Каркаралы // Индустриальная Караганда. 2016. 23.01) деген ақ адал тілегін айтады.
Алаш қайтакері Ә.Ермекұлын ақтық сапарға шығарып салу, азанама мақаланың жазылу да коммунистік жүйенің жіті бақылауында болды. Оны Ә.Сағынов аталған естелік кітабында «В институте в фойе актового зала мы организовали прощание с ним, приехали его родственники, было много людей. Похоронили его на городском кладбище в Михайловке. Траурный митинг я открыл кратким вступительным словом, затем выступали хорошо знавшие его друзья н товарищи. Не обошлось здесь и без неприятных моментов. Были упреки со стороны вышестоящих органов, почему организованы «пышные похороны», почему в газете напечатан некролог, подчеркивая при этом, что А.А.Ермеков известный Алаш-ордынец» деп жеткізді. Иә, шындығында «Қазақ әдебиет» газетінің 1970 жылғы 26 маусымдағы санында «Қош Әлеке!» атты азанама мақала басылды. «Асыл аға арамыздан жетпіс тоғыз жасында дүние салды. Халқымыздың ардагер ғалымы бірінші профессор атағына орасан зор еңбегімен ие болған үздік өнегелі ұстаз еді. Әлім аға! Сіздің сонау 1920 жылы Владимир Ильичке халқыңның атынан уәкіл болып барып, ауызекі тілдесіп, шешіп қайтқан тарихи еңбегің ешқашан ұмытылмайды… Қош бол, асыл аға! Ғылым жолындағы айтулы еңбегің – ұрпағыңның алтын қазынасы. Топырағың торқа болсын!
Інілерің: Сапарғали Бегалин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Ильяс Есенберлин, Әбдірашит Ахметов». Азанама мақаланы жариялаған басылымның бас редакторы жазушы Ә.Әлімжанов қызметінен шеттетілді.
Ұлт перзенті өмірден өткенде Бауыржан Момышұлы «Глубоко потрясен кончиной первого профессора – казаха Али аға, основателя Казахского государства» деп жоқтады.
Қорыта айтқанда, Алаш қайраткері Әлімхан Ермекұлының тағылымды ғұмыры ел мен жерді сүюдің асыл өнегесі. Қазіргі Қазақстанның жер тұтастығы мен шекаралық межеленуінде атқарған тарихи ерен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Ол қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор. «Ұлы математика курсы» 1-бөлім, «Қазақ тілінің математика терминдері» атты тұңғыш оқулықтар жазып, отандық математика ғылымның іргетасын қалаған үлгілі ұстаз. Ұлтымыздың қилы тарихындағы қиын қыстау кезеңдері Алаш аманатына адалдық танытқан тау тұлғаның жасампаздық өмірінен тағылым алу ұрпақ міндеті. Асылдарымыздың есімін ардақтау, еңбектерін ұлықтау баршамыздың парызым.
Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының қызметкері, ф.ғ.д., профессор.
adebiportal.kz