1932 жылдың наурызында құрылған Ақтөбе облысының құрамына Қостанай мен Торғайға қарасты Батпаққара, Жетіғара, Меңдіғара, Семиозерный аудандары мен қазіргі Орынбор облысының Ақбұлақ, Адамов аудандары, Қызылорда облысының Арал аудандары да кірген еді. Жаңа әкімшілік құрылымға енген аудандардан қанша адам қосылды деген сұраққа жауап жоқ. Сол кезеңде көшпелі және жартылай көшпелі аудандарды отырықшыландыру саясаты ең шырқау шегіне жетіп, жұрт ауыл-ауылымен қырылып жатқанда, адам есебін жүргізу жабық тақырыпқа айналған.
Босқыншылыққа ұшыраған халық
Ақтөбе облыстық мұрағатынан алған деректерде, 1932 жылдың 11 қазанында облыс тұрғындарының саны 248 мың 626 адам деп көрсетілген. Мұрағаттан 1921 жылдың наурызында Ақтөбе губерниясы бойынша жүргізілген санақ қорытындысын да таптық. Мұнда губерния тұрғындарының саны 501 мың 637 адам деп анық жазылған. Соңғы мәлімет 1921-1922 жылдың аштығы басталардан бұрын жүргізілген санақтың қорытындысы. Кеңес өкіметінің сараң статистикасы облыс аумағындағы әрбір үш адамның екеуі аштық құрбаны болғанын айғақтайды.
Ақтөбе облыстық мұрағатында ашық дерек көздері ретінде аштық салдарымен күрестегі кеңес қызметкерлерінің есептері ғана сақталған. Торғай, Батпаққара, Ойыл, Табын, Арал, Ырғыз, Шалқар аудандарына арнайы аттандырылған уәкілдердің сараң есептерінен сол кездегі елдің ауыр жағдайы көрініс береді. Уәкілдер ішерге асы қалмаған кедейлердің ауылдарда аштықтан ісіп-кеуіп жатқанын, жағдайы бар адамдардың елден үдере көшіп кеткендерін айтады. Солақай саясаттың салдарын жуып-шаю мақсатында 1932 жылдың
17 қыркүйегінен бастап «көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы» адамдары аштықтан қырылып, қаңырап қалған шаруашылықтар артельдер мен ТОЗ-дарға біріктіріледі. Мәселен, 1933 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Ақтөбе облысында 32 артель мен 306 ТОЗ құрылған. Елде құрылған Аштарға көмек көрсету комиссиясы ауылдарды аралап, тірі қалғандарға тары мен қара бидай таратумен айналысқан.
1933 жылдың 17 қыркүйегінде ҚазССР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Өлкелік комитет жойылған шаруашылықтардан алынған 22 194 бас малды тірі қалған адамдарға таратады. Торғай, Батпаққара, Ойыл, Табын, Арал, Ырғыз, Шалқар аудандары салықтардан босатылды. Осы аудандар 1933 жылдың соңында 280 мың сом көлеміндегі үкіметке бережағы мен 550 мың сом мемлекеттік несие қарызынан босатылды. Еңсесі көтеріле алмай жатқан ауылдарды Үкімет 1928 жылдан бастап бірнеше салық түрімен жаншып тастаған еді. Әпербақан ауылнайлар салық жинауда бір-бірінен асып түсуге тырысты. Сол уақытта жан басы мен мал басы салықтарынан өзге ауыл шаруашылығы салығы, сақтандыру төлемі, мемлекеттің несие қарызын өтеу де ауыл адамының мойнына түсті.
Аштықпен күрес комиссиясының мүшелері – Майлыбаев пен Досмұхамедов Ойыл ауданы бойынша 1933 жылдың 1 қаңтарында рапорт жазған. Екі уәкіл Ойыл ауданында 22 мың 960 адамның аштыққа ұшырағанын, өздері барған №6 ауылдағы 500 үйдің тең жартысында адамдар аштықтан ісіп-кеуіп, шала-жансар халде жатқанын, 4604 үйге (20867 адам) бір пұт тарыдан таратылғанын хабарлайды. Ойыл өзенінен балық аулау мақсатында алты бригада жасақтағанымен, бірде-бір ауылдан ау таппағандықтан Ақтөбеден балықшы құралдарын шұғыл түрде жеткізуді сұратқан. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген мәтелге қарағанда, балығы тайдай тулаған Ойылдың бойындағы ел аштан қырылуға тиіс емес еді. Үлкен ауданнан бірде-бір балық аулайтын құралдардың табылмауына күндіз-түні үй-үйді тіміскілеп жүрген шолақ белсенділер ғана кінәлі деген ой келеді. Досмұхамедов пен Майлыбаев аштарға көмек ретінде берілген үкімет қаржысын жұртқа дұрыс үлестірмегені үшін аудан басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды. Екі уәкіл 1933 жылдың басында Ойыл жерінен босқыншылыққа ұшыраған 10 мың 409 адам үйлеріне қайтып келгенін, соның ішінде Еділ бойынан 233 шаңырақ, Ақбұлақтан (Орынбор облысы) 448 шаңырақ кері қайтқан деп жазады.
1932 жылдың сәуірінде Ойыл ауданында 600 қаңғыбас бала анықталып, оның 370-і жетімдер үйіне орналастырылған. Ата-анасы аштықта өлген 230 балаға көмек жетпеген. Уәкілдер ауылдардан аштан өлген 35 баланың өлігін тапқан. Қыс бойы Ойыл ауылында жетім балалар топ-топ болып жүріп, қайыршылықпен айналысқан. Адам көрсе, қаша жөнелетін, сүзек, тері ауруларына шалдыққан бейбақтардың көптігі соншалық, бәрін бірдей Ойылдағы 100 орындық жетімдер үйіне орналастыру мүмкін болмапты. Оның үстіне аштық әбден меңдеген адамдар өліп бара жатып балаларын жетімдер үйінің табалдырығына тастап кетеді екен. Жетімханадағы балалар да аш, төсек-орын тапшы, киім жоқ.
1932 жылдың 19 маусымында Шалқар ауданына келген арнайы уәкілдер аштарға 16 мың 950 кг тары үлестірген. Олар 1932 жылдың мамыр айының басында 733 шаңырақ Қарақалпақтың Шымбай, Төрткүл, Қоңырат, Тахатаралына көшіп кеткенін хабарлайды. Шалқар ауданының 18-ші ауылынан 58 үй, 17-ші ауылдан 25 үй, 20-шы ауылдан 155 үй, 7-ші ауылдан 100 үй, 2-ші ауылдан 140 үй, 13-ші ауылдан 80 шаңырақ бір түнде кетеді.
Темір жол жағалаған жетімдер
1933 жылдың басында барлық аудан орталықтарында жетімдер үйі ашылды. Ақпан айында Ақбұлақ балалар үйі 650 орынға, Қостанай 500, Арал балалар үйі 200 орынға, Ойыл 300 орынға кеңейтілді. Табын, Ырғыз, Шалқар аудандарындағы балалар үйлеріне 100 орын тағы қосылды.
1933 жылдың 9 қаңтарында Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетовтің жетекшілігімен өткен комиссия отырысында мемлекеттен аштарды оңалтуға берілген көмек, жетімдер үйлеріндегі ахуал талқыланады. 1932 жылдың көктемінде мемлекеттен аштыққа ұшырағандарға бөлінген
1 миллион пұт астықтың талан-таражға түскені де осы жерде айтылған. Ел ішінде қаңғыбас балалар әлі де көп, жетімдер үйлеріндегі балалардың да жағдайы мәз емес, олар аштық пен аурудан өліп жатыр. Ұзақбай Құлымбетов көшеде қайыр сұрап жүрген балаларды жетімдер үйіне орналастыруға бөлінген 467 418 миллион сомның қалай жұмсалғанына тексеріс жүргізуді сұрайды. 1933 жылдың қаңтарында КСРО Атқару Комитеті Қазақстандағы балалар қаңғыбастығымен күресуге тағы да 22 миллион сом бөлсе, оның 10 миллионы Қазақ АССР бюджетінен аударылған. Мұнда жетімдер үйіндегі бір баланың жылдық шығыны 420 сом деп көрсетіледі. Алайда жарты жыл өтсе де, елде бақылаусыз жүрген жетімдер өте көп. Осы жиын үстінде Ұзақбай Құлымбетов Соль-Илецк қаласында топ-топ болып қайыр сұрап жүрген қазақтың балаларын орналастыруға 25 мың сом қаржы бөлгізіп, жедел түрде 1 мың пұт астық пен жылы киім сатып алуды тапсырады. Жетімдерге арналған азық-түлік пен киімдер Сауда және жабдықтау Халық комиссариаты өкілінің қатысуымен сатып алынсын деп Соль-Илецк атқару комитетінің төрағасы Делявировке тапсырады. Өйткені үлкен қалаларда босып жүрген жетімдерді орналастыруға бөлінген мемлекет қаржысы талан-таражға түскен.
1933 жылдың ақпанында 136 орындық Ақбұлақ балалар үйі 200 орынға кеңейтіліп, оған темір жол бойында жүрген қаңғыбас балалар орналастырылады. 1933 жылдың 26 ақпанында Ресейдегі «Самара-Златовский» теміржолының директоры Чишим мен Бургульма бекеттері арасында 5 мыңнан астам қазақтың топтасып жүргенін айтып Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы Бұхарбаевқа телеграмма жіберген. Қазақ жерінен Илецк пен Орск арқылы келіп, әрі кете алмай «бекеттерде қонып жүрген көшпенділердің теміржолшылар мен жолаушыларға бит пен сүзекті таратып жатқанын» хабарлайды. Бұл «Босқындарыңды теміржол бойынан алып кетіңдер» деген мазмұндағы телеграмма болатын.
Аштар тас бекеттерді паналады
Тамақ іздеген бейбақтар көбіне темір жол бойына қарай шұбырды. Олар топ-топ болып жолаушылар лақтырған тамақ қалдықтарын теріп жеп, бекет жанында от жағып түнгі суықтан қорғанатын. 1933 жылдың ақпанынан бастап ірі темір жол бекеттерінде аштарға тамақ үлестіріле бастады. Қыстың үскірік аязы мен боранынан қорғану үшін жертөлелер қазылды. Адамдар еден орнына қамыс төселген жерде жатты.
1933 жылдың 14 ақпанында Қазалы темір жол бекетінде күніне 100 адам тамақтандырылатын. Бір адамның күндік нормасы – 400 грамм қара нан, таңертеңгілік берілетін 3 қасық ботқа, түскі тамақ – балық не ет сорпасы. Аштарға 10 күнге есептелген талондар үлестірілген. Алайда азық үлестіруге жауапты қызметкерлер талон үлестіру мен ас ішкеннен кейін түгел жинап алмаған. Күштерін жинағандары ауылдарына қарай кетсе де, күн аралатып осы жерден табылған. Кері оралғандар Аштықпен күрес комиссиясы уәкілдеріне жұмыс тауып беріңдер деп талап қойған.
1933 жылдың 10 наурызында ОГПУ комиссарлары Ленский мен Жаманов Ембі теміржол бекетінде жүрген 21 қаңғыбас баланы жетімдер үйіне тапсырған. Олар Ембінің үш ауылдық кеңесі қоймасында 1 пұт бидай мен 10 килограмм ұн, ал Жұрын ауылдық кеңесінде 1 пұт ұн қалғанын хабарлайды. 1933 жылдың 16 сәуірінде Темір ауданында ата-анасы өліп, қаңғып жүрген 463 бала мен 3 жасқа толмаған 103 сәби Қонжар жетімдер үйіне жіберіледі. Қонжар жетімдер үйінде тамақ жетіспеушілігі мен сүзектен әлсіреп, өліп жатқан балалардың көптігін ОГПУ комиссарлары жасыра алмайды.
Аштарға көмек комиссиясының Шалқар ауданы бойынша уәкілі Нұғымановтың хабарлауынша, Шалқар темір жол бекетіне жақын жерде 160 аш адам жатқан бес жертөленің төбелері опырылып түскенін, аштардың тар әрі лас орындарда, қамыс үстінде ұйықтайтынын хабарлайды. Темір жол бойын жағалап, қаңғалақтап жүрген бейбақтардың қайдан келіп, қайда бара жатқандарын да ешкім білмейді. Нұғыманов олардың арасында сүзек өршіп кету қаупін жоққа шығармайды. Осы жерді паналаған әрбір адамға күніне 200 грамм қара нан, майсыз-нәрсіз сорпа мен 60 грамм ет, 3 ас қасық ботқа берілген. Ас арнайы қоста 470 адамға лайықталып дайындалса да, бәрібір жетпей жататын. Себебі бұл жерде кімнің тамақ ішіп, кімнің кетіп жатқанын анықтау мүмкін емес. Нұғыманов: «Аштарды тамақтандыруға бөлінген азық-түлік дұрыс жұмсалмаған, жауапты тұлға күнделікті тамақ талондарын жинап алып тапсыруға міндетті болса да, қағаздарды жойып тастаған. Берілетін тамақ сапасы өте нашар. Көшпенділер ісіп-кеуіп жатыр, арасында өліп жатқандар да көп», деп баяндайды.
Сексеуіл бекетінің жанындағы аштарға бөлінген жертөлені 142 адам паналапты. Бұл жерде де Шалқардағыдай жағдай туындаған. Комиссия мүшелері аштардың ортасына жақындап бара алмағандарын айтады. Ыстық тамақ берілетін уақытта адамдар қосқа өздері келіп, табақтарына салып әкеткен.
Міне, уәкілдердің ресми есептерінен ауылда мал бағып, бала-шағасын асырап, шаруа қамымен жүрген момын ата-әжелеріміздің қандай адам көргісіз жағдайға жеткенін көреміз. Тағы бір байқағанымыз, 1932-33 жылдардағы партия қызметкерлерінің қызметтік жазбаларында «көшпенділер» деген сөз жиі ұшырасады. Осы суық сөз жатжерді сағалап ағайын-туысымен бірге кеткендерге де, темір жол бойында тамақ қалдығын теріп жүрген мүсәпір міскіндерге де қаратылып айтылған. Жеккөрушілікпен, менсінбеушіліктен айтылғаны білініп тұр. Бірақ та мал бағып өз күндерін көріп жатқан момын жұртты осында жағдайға жеткізгендер жөнінде сөз жоқ. Ішерге ас таппай, қала кезіп, темір жол бойында арып-ашып жүрген бейбақтарға 1932-1933 жылдың қара суығы мен үскірік аязында пана болған орын Николай І император заманында салынған тас бекеттер ғана. Милиция бейбақтарды пойыз перронына жолатпаса да, олар жақын маңдағы жертөлелерді паналап, қара жерді жастана жүріп өмір үшін күресті. Бұл кезде ағайынын тентіреткен шолақ белсенділер ауылда жақсы өмір сүріп жатты. 1932 жылдың көктемінде ел жаппай қырыла бастағанда, аштарға көмек ретінде орталықтан бөлінген қаржы да ел ішіне жетпей талан-таражға түскен. Қалғанын жергілікті жердің басшылары тонады. Жоғарыда баяндалғандай, аштарға бөлінген азық-түлік ұрланған, жетімдер үйлерінде де сондай ауыр жағдай қалыптасты. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық аштық кезінде күшеймесе азайған жоқ. Қазақты бір қолымен қырған өкіметтің екінші қолымен ұсынған қара наны мен татымсыз сорпасынан әл жинаған қанша адам туған ауылына оралды? Оралмағаны қаншама? Қараша үйінде, не жол бойында өлген ет жақындарын еске түсіргісі келмеген қанша бейбақ туған жерден кіндігін үзіп кетті? Десек те, бұл жайында көп біле алмаймыз. Аштықтың кеңес заманында жабық тақырып болғаны өз алдына, жердегі тамұқтан тірі қалған бірен-саран жанды 1937-нің қуғын-сүргіні мен соғыс жалмады. ХХ ғасырдағы қазақ тарихының қасіретті парақтарының біріне айналған аштық тақырыбына үңілгенде алдымыздан шығатын басты кедергі де осы. Куәгерлер қасіретті күндер естелігін өздерімен бірге ала кетті.
Ақтөбе облысы
egemen.kz