Данагүл Махат: академик Әлкей Марғұлан түрік ғалымдарымен хат алмасқан

2021 жылдың 16 сәуірінде «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы, Түркияның Мимар Синан универсиеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ «Түркология институты», Алматыдағы «Еуразия ғылыми-зерттеу институты» бірігіп онлайн форматта «Кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік ғылыми байланыстары: Әлкей Марғұлан, Орхан Шайк Гёкяй, Емел Есин, Тұнжер Байқара» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткізді. Конференция барысында кеңестік кезеңдегі гуманитарлық саладағы ғылыми байланыстардың кезеңдері, осы мәселеге қатысты нақты деректер айтылды. Мысалы,  академик Әлкей Марғұланға түрік жазушы-ғалымдарының жазған хаттары туралы алғаш рет қызықты мәліметтер айтылды. Академик Әлкей Марғұланның қызы Дәнел апай Әлкейқызының «Әкем туралы естеліктер» деген тақырыпта жасаған баяндамасы қызығушылық тудырды.

Аталған конференцияны ұйымдастырушылардың бірі – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Ахметкәрімқызын alash24.kz тілшісі әңгімеге тартқан еді.

 Биыл 16 сәуірде қазақ-түрік ғылыми мекемелерінің ұйымдастыруымен онлайн форматта «Кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік ғылыми байланыстары: Әлкей Марғұлан, Орхан Шайк Гёкяй, Емел Есин, Тұнжер Байқара» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткіздіңіздер. Онда өзіңіз де баяндама жасадыңыз, тың деректер айтылды. Ұйымдастырушылардың бірі ретінде осы туралы қысқаша айтып берсеңіз.

Иә, 16 сәуір күні «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы, Түркияның Мимар Синан универсиеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты (директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдіуақап Қара), Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ «Түркология институты» (директоры Бүлент Байрам), Алматыдағы «Еуразия ғылыми-зерттеу институты» (директоры доцент, доктор Вакур Сүмер) онлайн форматта «Кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік ғылыми байланыстары: Әлкей Марғұлан, Орхан Шайк Гёкяй, Емел Есин, Тұнжер Байқара» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткіздік. Алдымен, осы мүмкіндікті пайдаланып халықаралық конференцияны ұйымдастырып, өткізуге ат салысқан жоғарыда атап өткен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларына және баяндама жасаған әріптестеріме, академик Ә.Марғұланның мұрагері Дәнел апай Марғұланқызына алғыс білдіремін.

Бұл біздің бірінші өткізіп тұрған іс-шарамыз емес, бұрын да халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізіліп, біріккен ғылыми жобалар орындалған. Қазақ-түрік халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған іс-шараларды айтпағанның өзінде, Түркияда қазақ зиялылары Ермұхан Бекмахановқа (2015 жылы), Мағжан Жұмабаевқа (2018 жылы) арналған халықаралық конференция тағы басқа да ғылыми іс-шаралар өткізілген. 2020 жылы «Түрік дүниесіне ортақ тұлға: Мағжан Жұмабаев»  деген ұжымдық монография жарық көрді, қазір түрік тіліне аударылуда. Түркияның Мимар Синан универсиеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Алматыдағы «Еуразия ғылыми-зерттеу институты» және біздің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы осы бағыттағы ғылыми байланыстарын алдағы уақыттарда да жалғастыра бермек.

Халықаралық конференцияға «Кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік ғылыми байланыстары: Әлкей Марғұлан, Орхан Шайк Гёкяй, Емел Есин, Тұнжер Байқара» деген тақырып не себепті таңдалды?

– Жоғарыда айттым, біздің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы Түркияның Мимар Синан универсиетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Алматыдағы «Еуразия ғылыми-зерттеу институты» қазақ-түрік халықтарының тарихы мен мәдениетіне, бауырлас екі елдің зиялыларының тарихы мен тағдырына қатысты іс-шаралар ұйымдастырып тұру жөнінде келіскен болатынбыз. Осы бағыттағы жұмыстарымыздың бірі және біздің ғылыми орталықтағы зерттеу жұмыстарының бір бағыты. Энциклопедист ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның археология, этнография, шығыстану, тарих, өнертану салаларына арналған 1 300-ге тарта сирек кітап (қазақ, орыс, неміс, ағылшын, қытай, жапон тілдерінде) жинақталған аса құнды кітапханасы, ғалымның қолжазбаларының түпнұсқалары, қойын дәптерлері, ғылыми-зерттеу экспедицияларының жазбалары, фотосуреттер, өзі пайдаланған үлкейткіш әйнек, құбылнама, экспедицияға шыққанда ұстаған сөмкесі, бас киімі, қолғабы, әмияны, фотоаппараты сияқты т.б материалдық заттары ғалымның туғанына 100 жыл толуына орайластырылып, 2004 жылы қыркүйек айында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында (қазір университеттің Ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қорында – Д.М.) «Академик Әлкей Марғұланның мұражай кабинеті» ашылды. Дәнел Әлкейқызы ғалымның отбасындағы жеке қорынан алып тапсырған кітап пен қолжазбалары ішінде «Беғазы мәдениеті» монографиясының қолжазбасы, «Поэзия туралы. Аристотель» конспекті, «БКП(б)ның қысқа тарихы» конспекті, хаттар, құттықтаулар, телеграммалар, суреттер, газет-журнал материалдары, оттисктер, карталар және т.б. еңбектерінің түпнұсқа қолжазбалары бар.  Дәнел апай Әлкейқызы 2012 жылы әкесінің жеке қорын тағы да 230 кітаппен толықтырды. Ол кітаптардың көпшілігінде шетелдік және отандық танымал ғалымдардың қолтаңбалары бар. 2013 және 2014 жылдары  профессор Тұрсын Жұртбай және осы жолдардың авторы Алматы қаласына арнайы барып, ғалымның қорын толықтыру және ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастыру мақсатымен Дәнел Әлкейқызының рұқсатымен әкесінің жеке архивіндегі эпистолярлық мұралармен танысып, хаттардың көшірмесін алған болатынбыз. Академик қорындағы хаттарды жүйелі түрде зерттеу 2020 жылдан бастап қолға алынды. «Кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік ғылыми байланыстары: Әлкей Марғұлан, Орхан Шайк Гёкяй, Емел Есин, Тұнжер Байқара» деген тақырыпты алу себебіміз де осы зерттеулермен тікелей байланысты.

ҚР БҒМ (№ AP 08956066) «Академик Әлкей Марғұланның ғылыми-эпистолярлық мұраларын жинақтау, жүйелеу және зерттеу (пікірлер (отзывы), рецензиялар, хаттар, ашық хаттар (открыткалар)» деген тақырыптағы гранттық жобасы аясындағы зерттеулер нәтижесінде, қазақ-түрік ғалымдарының хаттарын тауып, зерттеген болатынбыз. Ғылыми іздестіру, ғылыми зерттеу жұмыстары барысында академик Әлкей Марғұланның отбасындағы жеке қорынынан, кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік ғылыми байланыстарына дәлел болатын 22 хат табылды. Оның Орхан Шайк Гекяйдан келгені –  9 хат, Емел Есиннен – 3 хат, Тұнжер Байқарадан – 3 хат, шақырту хат – 2 (конгреске 1, съезге 1), ақпараттық хат – 2, ұйымдастыру жұмыстары, баяндама, ақпарат алмасу туралы – 3. Сонымен қатар академик Ә.Марғұланның Түркияға жазған хаттарының бірінші нұсқасы сақталған, жалпы саны – 6. Орхан Шайк Гекяйға – 2 хат, Емел Есинге – 1 хат, Тұнжер Байқараға – 1 хат, VІІ Түрік тарих конгрессінің ұйымдастыру алқасына – 1, «Түркітанушылардың Төртінші халықаралық съезіне» – 1 хат. Сонымен қатар, қазіргі күні біздің қолымызда академик Ә.Х. Марғұланның Ыстамбұл-Анкара сапарынан қысқаша жолсапар күнделігі де бар. Алдағы уақытта толыға түседі деген ойдамыз. Данел Әлкейқызы Марғұлан апайымызға академик Ә.Х. Марғұланның отбасындағы жеке архивіндегі мол мұрасымен танысуға рұқсат беріп, ғылыми іздестіру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жасауға жағдай жасағаны үшін алғысымды білдіремін.

Академик Әлкей Марғұлан түрік тілін жақсы білген екен, түрік ғалымдарына жазған хаттары түрік тілінде.

Әлкей Марғұланның эпистолярлық мұраларын жинақтау, жүйелеу жұмыстары жанданғанын байқап отырмыз, бұл қазақ ғылымы үшін қуанарлық жағдай. Әлкей Марғұланның ғылыми-зерттеу саласындағы мол мұрасымен қазіргі оқырман таныс. Оқырманға кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік қатынастары және жоғарыда аттары аталған түрік ғалымдары туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз.  

XIX ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында Ресейде «панисламизм» және «пантюркизмге» қарсылық өрістеді. Негізінде бұл құбылыстар мұсылмандардың (панисламизм) және түркі өкілдерінің (пантюркизм) бірлігіне деген ұмтылысты білдірді. Алайда, Ресей өзінің қоластындағы түрік тілдес мұсылмандарға еркіндік бергісі келмеді. Олардың көп бөлігі қазақтар, татарлар, әзірбайжандар, өзбектер және басқалар болатын. Ал, халықаралық жағдайға келер болсақ, Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Осман империясы ыдырағаннан кейін Ресей мен Түрік Республикасы арасындағы қатынастар алғашқы кезде достық қарым-қатынаста өрбіді. Мәскеу тәуелсіздік жолындағы күресте Түркияға көмек көрсетті. 1921 жылғы кеңес-түрік келісімшартына сәйкес Түркияның қазіргі солтүстік-шығыс шекарасы орнатылды. 1927 жылы 11 наурызда Анкарада кеңес-түрік «сауда және транзиттік тасымалдау туралы келісім» жасалды. Алайда көп ұзамай екіжақты қатынастар шиеленісе бастады. Түркия коммунистік партиясына тыйым салынды. 1945 жылы КСРО 1921 жылы Түркияға берілген Ресей империясының территорияларын қайтаруды талап етіп, Түркияға территориялық талаптар қойды. КСРО кейіннен бұл талаптардан бас тартты. Оған себеп, батыстық одақтастардың КСРО талаптарын қабылдамауы, Түркияны қолдауы еді. 1952 жылы Түркия НАТО-ға кірді.

Міне, осындай халықаралық жағдайда И. Сталин, КСРО-дағы ұлт мәселесіне ерекше қарады, түркі халықтарын өз уысынан шығармауға күш салды. КСРО дағы түркі халықтарына қарсы қысымды күшейтті. Түркияны пантүркизмнің ошағы деп атап, халықты Шығыстағы нағыз реакциялық идеологиядан сақтануға шақырды. Ресейде, сондай-ақ халқының басым көпшілігі мұсылмандар болып келетін Қырым, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Орталық Азия және Қазақстанда панисламизм және пантүркизм діни-саяси ағым ретінде орын алғанына маңыз берілді. Осы бағыттағы саяси-идеялық тәрбие күшейтілді. 1944 жылы Ресейдің Орталық мемлекеттік тарихи архиві қызметкерлері ІІМ мен Министрліктің полиция департаментінде сақталған құжаттар негізінде «Ресейдегі панисламизм» атты анықтама дайындады. Ол мемлекеттік қауіпсіздік органдарының тапсырысы бойынша жасалды және 5325 қорына (Ішкі істер министрлігінің Бас мұрағат басқармасы КСРО) «құпия» айдарымен жинақталды. Құрастырушылар әр түрлі дерек көздерін пайдаланды: панисламистік әдебиеттерге шолулар, насихаттық басылымдардың үлгілері, қызметі туралы ақпарат пен корреспонденциялар, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әртүрлі панисламистік ұйымдар, панисламистердің сипаттамалары, Ресейдегі панисламистік қозғалыс, шет мемлекеттердегі панисламистік ұйымдар (әсіресе Түркия, Иран және Ауғанстандағы).

И. Сталин билік басында тұрған жылдары ұлттардың тең құқықтығы мен ұлт мәселесіндегі демократиялық принциптерден бас тартылды. Орталықтан басқарылатын биліктің шексіздігі сонша егемендіктің шектеулі түрі де сақталмады. Халықтар саяси-қуғын сүргінге ұшырады. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерінен ресейлік бюрократиялық ортада, панисламизм және пантюркизмге қарсылық күшейді, Кеңес дәуіріндегі саяси қуғын-сүргін кезеңінде ұлт зиялылары «пантүрікшілдікке» айыпталды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде пантүркизмді жасаушы жас түріктердің «Иттихад ве тәрәкқи» партиясы болды десе, соғыс жылдары пантүркистерді герман фашистері оларға қаржы бөліп, қолдап отырды деді.

Орыс, түрік, араб, парсы тілдерін жақсы меңгерген «Кеңестік Орта Азияның маманы», сол жылдары Германияның Түркиядағы пресс-атташесі болған Шмид-Дюмон пантүркистерді өз маңына жинады деп жазды кеңес баспасөзі.  Олардың қатарына Башқұртстандық пантүркист, Ыстамбұл университетінің профессоры Зәки Валиұлы (Валиди) Тоғанды, профессор Хусрев Сұлтановты, Берлиндегі Мұстафа Шоқайды, Расул-задені, Ғалымханды жатқызды. Түркияда шығатын «Атсыз», «Ақбаба», «Чинаралты», «Орхон» сияқты баспасөз орындары пантүркистерге қызмет етті деді. Кеңестік баспасөз: «Панисламизм дінді негіз етсе, пантүркизм бүкіл түрік тілдес халықтарды біріктіру деген идеяны негіз етеді. Сөйтіп, діни панисламизм фашистік-ұлтшыл пантүркизмге айналады; пантүркизм соңғы кездерде туранизмге айналып отыр» деп жазды.

КСРО мен Түркияның арасындағы екіжақты қатынастардың жақсаруы 1950 жылдардың соңында, И.Сталин өлгеннен кейін ғана басталды. Алдымен экономикалық және саяси байланыстар жолға қойылды. ХХ ғасырдың 50 жылдарының соңына қарай КСРО мен Түркия арасындағы мәдени және ғылыми байланыстар да жандана бастады. Кеңестік кезеңдегі қазақ-түрік ғылыми байланыстарына нақты дәлел болатын бұрын-соңды жарияланбаған қазақ-түрік ғалымдарының хаттары. Академик Әлкей Марғұланның жеке қорында түрік жазушы-ғалымы Орхан Шайк Гекяйдың хаты туралы айттық. Орхан Шайк Гөкяй түрік әдебиеті мен тілін зерттеуші, ақын, мұғалім. Ол зерттеушілігімен ерекшеленген. Оның тілге қатысты ең маңызды жұмысы – «Деде Қорқыттың әңгімелері». Ол жетпіс жыл ұстаздық етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген.

1944 жылы Түркия үкіметі пантүркистерге сот ұйымдастырған болатын. Онда пантүркистердің екі тобы, З.В. Тоған және «Атсыз» тобы сотқа тартылған. Орхан Шайк 1939 жылдан бастап Анкара қаласында жаңадан құрылған Музыкалық мұғалімдер мектебінде (Анкара мемлекеттік консерваториясы) мұғалім және режиссер ретінде ұстаздық қызмет жасап, 1944 жылы консерваторияның директорлығына көтеріледі. Осы жылдары ол досы Нихал Атсызды үйінде қабылдайды, сол үшін «нәсілшілдік-туранизм ісі» бойынша жұмыстан шығарылып, қамауға алынады. Бұл оқиға да кеңес баспасөзі назарынан тыс қалмаған. Ж.Тінәлин Қазақстанда шығатын «Коммунист» журналына «Панисламизм, пантюркизм – Батыс империализмінің Шығыс халықтарына салған бұғалығы» деген мақала да жазған. Н.Сабитов өзінің «Против реакционной идеологии панисламизма и пантюркизма» деген мақаласын (Қазақ КСР Ғылым Академиясының Хабаршысына (Вестник Академии наук Казахской ССР. – 1949. – № 5(50) басылған) Әлкей Марғұланға «На память А.Маргулану. Автор Н.Сабитов, 25.VI.49» деп қолтаңба жазып беріпті. Академик осы түрікшілдікке айыпталған Орхан Шайкпен ғылыми байланыста болған.

Түрік ғалымы Емел Есиннің Академик Әлкей Марғұланға жазған үш хаты сақталған. Хаттардың негізгі мазмұны ғылыми-зерттеулерге байланысты. Емел Есин 1912 жылы Ыстамбұлда дүниеге келген. Емел Есин 1933 жылы Париждегі жоғары дипломатиялық ғылымдар мектебін бітірген. 1969 жылы Париж әдебиет және ғылым факультетінде «Le Dragon dans l’iconographie turque» («Эйдер түрік иконографиясында») тезисімен өнертану ғылымдарының докторы болған. Емел Есин Орта Азия түрік өнері, археология және иконография бойынша жұмысымен танымал. Оның негізгі еңбектері: «Түркістан Сейхатнамы» (1959), «Түрік миниатюралық кескіндемесі» (1960), «Мекке жарылқасын Медина сәулесі» (1963), Кипрдегі түрік өнері (1969) және Садулла Пашаның сарайы (1984). Бұдан бөлек ол көптеген конференцияларға қатысқан, Ә.Марғұланға жазған бір хатында өзін Алматыда өтетін халықаралық ғылыми конгресске шақырту жолдауын сұраған. Оның мақалалары да түркі халықтарының мәдениет тарихында маңызды орын алады.

Академик, тарих профессоры Тұнжер Байқара мен академик Әлкей Марғұланның ғылыми байланыста болғанын дәлелдейтін 3 хат бар. Ғалым Тұнжер Байкара қазір де ғылыми зерттеу саласында. Ыстамбул университетінде оқып,  оны 1966 жылы бітірген. Профессор Зәки Валиди Тоғанның жетекшілігімен ғылыми зерттеу жұмыстарын жазған. Т. Байқара түріктердің отырықшы өмірі мен мәдениеті туралы мақалалар мен кітаптар жазған. Оның 30 кітап пен 350-ге жуық мақаласы бар. «Тұнжер Байқара», «Мен өзім және 40 жыл тарихнама жолында» атты кітатары да жарық көрген.

-Академик Әлкей Марғұлан түрік ғалымдарынан басқа тағы кімдермен хат алмасқан екен?

 -Академик Әлкей Марғұлан қорындағы хаттар ресми мекемелерден, ғалымдардан, әр түрлі сала мамандарынан, ағайын-туыстарынан келген. Олардың адресанты, мазмұны, жазылған орны, тілі әр түрлі. Хат, телеграмма, ашықхат, пікірлердің географиялық аумағы да кең, Қазақстан (ағайын-туыстар, ғалымдар, архитектура және өнер саласы мамандары), Жапония, Англия, Ресей (Ленинград, Мәскеу, Қазан, Уфа т.б.), Түркия, Германия, Франция, Венгрия, Чехословакия, Румыния, Болгария, Италия, Индия, Пакистан, Монғолияны және бұрынғы КСРО құрамында болған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан т.б. қамтиды. Хаттар: қазақ, ағылшын, орыс, татар, түрік тілдерінде жазылған. Хаттарда ресми мәлімет, амандық-саулық, қарым-қатынас, тұрмыс мәселесі, кеңес сұрау, өтініш айтау, құттықтау, адресанттың өзі туралы және басқа мәліметтер бар. Хаттар ресми және еркін стильде жазылған. Ресми хаттар белгілі бір ғылыми мекеменің атынан жазылып, қызмет бабындағы мәселелер қозғалған. Жеке адамдар жазған хаттарда адресант пен адресаттың арасындағы сыйластық, бір-біріне деген үлкен құрмет пен ыстық ықылас сезіледі, амандық-саулық, отбасы, ғылым-білім, құттықтау және басқа да мәселелер айтылады. Әсіресе әлемнің төрт бұрышынан ғалымдар жазған хаттар, қазақтың ғылыми-шығармашылық интеллигенциясы: А. Машанов, Е.Букетов, А.Сейдімбек, Ә.Қоңыратбаев, Ж.Бектұров т.б. хаттары ерекше назар аудартады.

 Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

 

 

 

 

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp