ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, жаңа ЖЭО құрылысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда еліміздің барлық энергия көздерінің белгіленген қуаты 21 мың МВт құрайды, алайда қолда бар қуаты — 16 мыңға жуық.
«Қуат көзіне қажеттілік шамадан тыс артатын уақытта біз сырттан 2 мың МВт жуық электр энергиясын сатып аламыз. Бұл, әрине, өте көп. Осыған байланысты жаңа энергия көздерін тезірек салу қажеттілігі туындайды. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш ЖЭО салу және ГРЭС-2 үшінші энергия блогын салу туралы келісімге қол қойылды», — деді бірінші вице-премьер.
Бұл жобалар осы энергетикалық жабдықты өндіруші елдің жеңілдетілген экспорттық қаржыландыру қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін болады.
«БЖЗҚ қаржысы қарастырылмаған және қарастырылмайды да», — деп түйіндеді Роман Скляр.