Енді әскери колледжге 9 және 11 сыныптарды аяқтағандар түсе алады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметовтың қатысуымен Қорғаныс министрлігінің брифингі өтті.

Спикер қорғаныс ведомствосының әскери білім беру жүйесіне үш республикалық «Жас ұлан» мектебі (Алматы, Қарағанды және Шымкент қалалары), екі әскери колледж, үш институт және Ұлттық қорғаныс университеті кіретінін атап өтті. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейлеріндегі кадрларды даярлау шетелде де жүзеге асырылады.

«Жас ұлан» республикалық мектептерінде шет тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытатын және дене шынықтыру күшейтілген түрде берілетін жалпы орта білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр.

– 2030 жылға дейінгі ҚР Қарулы күштерінің әскери білім және ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес «Жас ұлан» республикалық мектептерін әскери колледждерге айналдыру көзделген, – деп алдағы жоспарларымен бөлісті генерал-майор Жұмабек Ахметов.

Ақмола облысының Астана және Щучинск қалаларының әскери колледждерінде техникалық және кәсіптік білім беру жүзеге асырылады. Оған 9 және 11 сыныптарды аяқтағандар түсе алады.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледжінің бастығы полковник Ғазиз Төлеушев кәсіби сержанттарды даярлау «әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар», «қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету» және «кіші буын менеджменті» мамандықтары бойынша жүргізілетінін мәлімдеді.

Щучинск қ. Ш. Уәлиханов атындағы әскери колледжде «мотоатқыштар бөлімшелерін басқару», «зымыран әскерлері мен артиллерия әскерлерінің бөлімшелерін басқару» және «танк бөлімшелерін басқару» бағыттары бойынша мамандар даярланады.

Колледж түлектері «кіші сержант» әскери атағын және «В» мен «С1» санаттарындағы жүргізушілерді даярлау курстарын аяқтағаны жөнінде куәлік алады.

Брифингте департамент бастығы әскери жоғары оқу орындарындағы мамандықтар тізімін кеңейту туралы да хабардар етті. Мәселен, Алматы қаласының Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында «Халықаралық білім беру корпорациясы» ЖШС базасында «әскери құрылысты пайдалану, ұйымдастыру және жүзеге асыру, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану» мамандығы бойынша курсанттарды даярлау жүргізілуде. Биылғы жылы «әскери істегі журналистика және қоғаммен байланыс», «әскери істегі дирижер» мамандықтары бойынша оқуға қабылдау жүргізілмек.

Т. Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында «әскери істегі теңіз техникасы мен технологиясы» бағыты бойынша мамандар даярлана бастады. Оларды оқыту Ақтау қаласындағы «Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ базасында жүргізіледі.

С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты «әскери істегі дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша іріктеу жүргізеді. Ол үшін Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясымен меморандум жасалды.

Барлық оқу кезеңінде мектеп тәрбиеленушілері, кадеттер мен курсанттар мемлекеттің толық қамқорлығында болады. Әлеуметтік пакетке киім-кешек, күніне үш рет тамақтану, тегін медициналық көмек және жатақханада тұру кіреді.

Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына түсу үшін өтініш берген кандидаттар кәсіби-психологиялық іріктеуден, түпкілікті медициналық куәландырудан, дене дайындығын тексеруден және конкурстық іріктеуден өтеді. Ұшу мамандықтарына түсушілер үшін денсаулық жағдайына ерекше талаптар қойылады.

Брифинг соңында генерал-майор Жұмабек Ахметов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол әскери оқу орындарында оқудың қандай артықшылықтары бар екенін жан-жақты түсіндіріп өтіп, құжаттарды қабылдаудың жаңа мерзімдері мен қабылдау тәртібі туралы айтты.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp