Қазақстанның бас мемлекеттік санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова “Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы” қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдарында бетперде кию режимі енгізіледі, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаулы бойынша, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық департаменттерінің басшылары:
- медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын;
- халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз етсін.
Облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына, Орталық мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға:
- халықтың көп жиналатын жерлерінде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер және т.б.), көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілсін.
Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.