«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне 8 903 адам өз еркімен қоныс аударды, оның ішінде қоныс аударушылар 6 492 және қандастар 2337 адамды құрады.
Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған қазақстандықтар өз өмірлеріндегі оң өзгерістерді атап өтті.
Ұлттық жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- көшуге арналған субсидия – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек;
- отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- Экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, өткен жылы барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алды.