Қазақстан Президенті Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировты қабылдады, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Мәскеудің екіжақты байланыстарын нығайтуға өңіраралық ықпалдастық елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Осы орайда Башқұртстан Республикасы ерекше рөл атқарады.
Мемлекет басшысы еліміздің өңірлері мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымының қарқынын оң бағалады. Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық деңгейінің көрсеткіші 350 миллион доллардан асты. Бұл ретте Қазақстан Башқұртстан Республикасының жетекші сауда серіктестерінің үштігіне кіреді.
Өз кезегінде Радий Хабиров қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
“Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретініңізді білеміз. Менімен бірге үлкен делегация келді. 2-3 жылдың ішінде біз тауар айналымы мен өнеркәсіп кооперациясының көлемін айтарлықтай ұлғайттық. Бүгін “Қазақстан – Башқұртстан” форумын аштық. Біз үшін Қазақстан – ең басты серіктес. Біз мұнда өзімізді еркін сезінеміз”, – деді Радий Хабиров.
Бұл кездесудің өзіндік тарихи ұқсастығы бар: башқұрт және қазақ көшбасшылары Ә. Бөкейхан мен З. Валидидің де болашақ жобаға деген көзқарасы ұқсас болған.