2023 жылдың маусым айында тұсауы кесілген «Жошы хан» тарихи драмасы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының қаңтардағы репертуарына енді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Спектакль көпшіліктің көңілінен шықты. Көрермендердің қойылымға деген қызығушылығы сол дәуірдегі оқиғалар мен Жошы ханның бейнесі қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында маңызды рөл атқарғанын дәлелдейді.
Қойылым «Шыңғысхан Ордасы» және «Қазақ Ордасы» деген екі бөлімнен тұрады.
Спектакльдің бірінші бөлімі Үргеніш қаласын алу кезіндегі Шағатай мен Жошының текетіресінен басталады, оның хандық ішіндегі алауыздыққа ұласып кету қаупі бар. Қойылымның екінші бөлімінде көрермендер Қазақ Ордасының негізі қаланған дәуірге көшеді.
Тарихи драманың авторы әрі драматургі-Думан Рамазан, қоюшы режиссері Болат Ұзақов. Композиторлар – Еділ Хусайынов, Қайрат Тоқымбетов, суретшісі – Ерлан Тұяқов, хореограф – Салтанат Сұңғат. Қойылымға барлығы 43 әртіс тартылған.
2023 жылдың маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жошы хан» спектаклінің премьерасына қатысты. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл толатынын атап өтті. Жошы ханның тарихи тұлғасы сияқты датаның ел үшін маңызы зор.
Спектакльдің келесі қойылымы 7 ақпанда өтеді.