Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қалада бірқатар тіршілікті қамтамасыз нысанының құрылысы аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қалада қолайлы өмір сүру тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының (су, жарық, жылу және т.б.) үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты. Елордада тұрғындар санының өсуі мен болашақта инженерлік желілерге түсетін жүктемені ескере отырып, инфрақұрылымдық нысандар салып жатырмыз. Мемлекет басшысы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының, сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) және ЖЭО-3 құрылысының жұмыс барысымен танысты.
Биыл жазда Астана су қоймасынан тартылатын су құбырының және үшінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысын аяқтап, пайдалануға бердік.
️Осы жылдың қараша айында «Нұра» жерасты су көзінен қуаты 48 мың текше метр болатын су құбырын тарту, сондай-ақ «Тельман» сорғы станциясының қуатын күніне 160 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобалау жұмыстары аяқталады. Бұл жобаларды жүзеге асыру қаланы 2028 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
️Ұзақ мерзімді шаралар аясында төртінші ауыз су станциясының (ССС-4) және тағы бір су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етеді.
Жылумен жабдықтауға тоқталар болсақ:
Осы күзде жылыту маусымының басталуымен «Оңтүстік-Шығыс» жаңа газ жылу станциясы, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңі, құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі жұмысын бастайды.
️«Оңтүстік-Шығыс» станциясы құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етеді: Мыңжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Бағыстан» тұрғын ауданы және т.б.
️«Тұран» станциясы қаланың сол жағалауындағы құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды тұрақты жылумен қамтамасыз етеді.
Үш жаңа нысан қаланы сағатына 1140 гигакалория болатын қосымша жылу қуатымен қамтамасыз етеді.
️«Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңінің салынуы және «Тельман» жаңа газ жылу станциясы қуаты сағатына 850 гигакалорий болатын қосымша жылу береді.
Жаңа жылумен қамту нысандары толықтай газбен жұмыс істейтін болады. Бұл ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтып, елорданың экологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді», – деп жазды елорда әкімі.