Астанадағы «ИННОПРОМ. Қазақстан» көрмесі: Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей үкіметтерінің басшылары жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімдерімен танысты

Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей үкіметтерінің басшылары 25-27 қыркүйекте Астанада өтіп жатқан «ИННОПРОМ. Қазақстан» халықаралық өнеркәсіп көрмесінің экспозициясымен танысты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Аталған іс-шараны алғаш рет өткізіп отырған Қазақстан 2019 жылдан бері «Иннопромның» тұрақты қатысушысы болып келеді, ал өткен жылы көрменің серіктес елі ретінде өз өнімдерін ұсынды. Көрменің негізгі мақсаты – өндірістік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту, сауда ынтымақтастығын кеңейту және өзара тәжірибе алмасу.

Қазақстандық «Иннопромның» тақырыбы – жаңа кезеңнің өнеркәсіптік стратегиялары. Елордадағы EXPO орталығының алаңында ұйымдастырылған көрмеге ЕАЭО елдерінен 300-ден астам кәсіпорын мен компания қатысуда. Келушілер назарына металлургия, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы мен фармацевтика салаларындағы өнімдердің кең ассортименті ұсынылған.

Көрмені аралау барысында Әлихан Смайылов, Роман Головченко, Ақылбек Жапаров және Михаил Мишустинге «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ» компаниясының, Railways System KZ теміржол машина жасау кәсіпорындары қауымдастығының, қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасы, автомобильдер, мұнай-газ, тау-кен және медициналық техника, электротехника, бақылау-өлшеу аспаптары, арнайы жұмыс киімдері, тыңайтқыштар т.б. өндірушілерінің стендтері таныстырылды. Сонымен қатар үкіметтер басшылары назарына виртуалды шындық технологияларын пайдалана отырып, өнеркәсіптік ІТ әзірлемелер, ақпараттық жүйелер мен цифрлық өнімдер ұсынылды.

Айта кетейік, Қазақстан ЕАЭО серіктестерімен бірлесіп өнеркәсіп саласында 38 бірлескен жобаны жүзеге асырған. Бұл ретте кооперацияның негізгі басымдықтары терең өңдеу, барынша оқшаулау, жаңа өнім шығару және экспорттық әлеует болды. Сонымен қатар бүгінгі таңда тағы 80 жобаны іске асыру жұмыстары пысықталып жатыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және терең өңделген кластерлер құруға ден қою жөніндегі тапсырмалары тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Жалпы, соңғы 5 жылда республиканың өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 2,2 есеге – 2017 жылғы 9,4 трлн теңгеден 2022 жылы 20,7 трлн теңгеге дейін өсті.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp