Тариф мәселесінде барлығының мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек – Ә. Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазақстандықтарды жылу, электр энергиясы, су және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін республиканың ТКШ инфрақұрылымы жаңартуды қажет етеді. Сондай-ақ бұл саладан жылдар бойы жалақысы өспеген білікті мамандар кетуде.

Осы проблемаларды шешу үшін «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатыр, оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың км инженерлік желілерді жаңғырту үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Есептеулерге сәйкес, бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жаңа тарифтік саясатта тұтынушылардың мүдделері – әділ бағаға сапалы қызмет көрсету басты назарда.

Мәселен, 2023 жылы 5,8 мың км инженерлік желілерді жөндеу үшін шамамен 250 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Екінші тоқсанда Ұлттық экономика министрлігі ТКШ кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге (жөндеу жұмыстарын, қызметкерлердің жалақысын көбейту, қараусыз қалған желілерді қарау) 212 өтінімін бекітті. Нәтижесінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі ұстамды болып отыр, тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің балансы қамтамасыз етіліп, орташа есеппен 10-нан 30%-ға дейін өседі.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы Қазақстанның 57 электр станциясының, оның ішінде 37 жылу энергетикалық торабының техникалық аудитін аяқтағанын хабарлады. Зерттеу нәтижелері бойынша барлық станция жабдықтың техникалық жағдайына, пайдалану мерзіміне және т. б. байланысты арнайы санаттарға бөлінді.

Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша энергетикалық қазандықтардың 62%-ы және турбиналардың 58%-ы ескірген, сондықтан оларды ауыстыру қажет. Ауыстыруды қажет ететін қуат көлемі 2,5 мың МВт-ты құрайды. 1 маусымнан бастап Энергетика министрлігі берілген өтінімдерге сәйкес 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі үшін электр энергиясына шекті тарифтерді белгіледі, олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24%-ды құрайды.

Жалпы электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл шара қолданыстағы станцияларды жаңарту және жөндеу үшін генерация секторына жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде инвестицияларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бүгінгі таңда республикада 128 мың км-ге жуық жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілері бар екенін баяндады. Олардың жалпы тозуы 51%-ды құрайды, ал алдағы жылдары бұл көрсеткішті 40%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Коммуналдық желілердің ең қатты тозуы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында сақталып отыр.

Биыл 126 км жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. 3 айда 23 км – жалпы жоспардың 18%-ы салынды. Жалпы алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 57 жоба іске асыру сатысында тұр.

Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін салуға және реконструкциялауға биыл республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 402 жоба іске асыру сатысында тұр. Осы жылдың соңына қарай орталықтандырылған сумен тағы 120 ауылдық елді мекен және 4 қала қамтамасыз етіледі (қолжетімділік 100%-ға дейін көтерілмек).

Премьер-Министр бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі екенін айтты. Оны жақында ғана Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында орын алған апаттан да анық байқуға болады, апаттың салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстары жарықсыз қалды. Өткен жылыту маусымы да проблемалардың көп екенін көрсетті.

Үкімет басшысының айтуынша, барлық инфрақұрылым объектісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет, себебі олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді.

«Тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы ұсынылды. Бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-дан 30%-ға дейін өседі. Бұл – барынша ұстамды тариф, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес.

«Тариф мәселесінде біз барлық жақтың да мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруге тиіспіз», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы станциялар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс істеп келетінін, сондықтан жөндеу жұмыстарына қаражат салынбағанына тоқталды. Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебінен жүзеге асырылды.

Ал энергия объектілерін жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Металл мен құбырлардың, арматура мен электротехникалық бұйымдардың және басқа да жабдықтардың бағасы айтарлықтай өсті. Жалақының төмен болуына байланысты энергетика саласынан білікті мамандар жаппай кете бастады. Бұл ретте кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс жағдайын ұсына алмады.

Бұған қоса 2021 жылдан бастап Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы пайда болды, осыған байланысты электр қуатын ұлғайту керек.

«Сондықтан, тарифтерді өсіру – қажеттілік. Ал “Тарифті инвестицияға айырбастау” қағидатын енгізетін болсақ, тарифті өсіруден түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тікелей өндірісті жаңғыртуға жұмсалатынына сенімді боламыз. Жаңа тарифтік саясат ашықтық, есептілік және жариялылық принциптеріне негізделетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер, нормативтік құқықтық актілер қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, бұрын мемлекет инвестициялық бағдарламаларды және табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін түзете алмайтын еді. Енді оған мүмкіндік бар.

Оған қоса Үкімет басшысы тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейтінін айтты.

«Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілуде. Ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-нан асып кеткен жағдайда төленеді», — деді Үкімет басшысы.

Жалпы, Үкімет басшысының айтуынша, қазір орталық және жергілікті атқарушы органдар коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізуде. Сол себепті бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі тиіс. Әсіресе, бұл құрылыс маусымы қысқа және жылыту маусымы ерте басталатын солтүстік облыстар үшін өзекті.

«Жөндеу жұмыстары нақты бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілуі тиіс. Биыл шамамен 6 мың км инженерлік желілер жөнделетін болады. Бұл – бірінші кезекте жаңартуды қажет ететін, әбден тозығы жеткен инфрақұрылым объектілері. 25 мың км-ден астам қараусыз жатқан коммуналдық желілер монополистерге берілетін болады. Олар осы желілерді ретке келтіруі керек. Аталған өзгерістердің бәрін азаматтар сезінуі тиіс», — деді Премьер-Министр.

Сөз соңында Үкімет басшысы ҚМ-ге ҚМА-мен бірлесіп, коммуналдық кәсіпорындар мен станциялардың инвестициялық бағдарламаларды тиісті түрде орындауын бақылауды қамтамасыз етуді, Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp