Дәуір жәдігері

Әрбір суретке естелік деп емес, тарих деп қарауға болады. Сондай құнды дүниенің бірі − орыстың атақты адвокаты Федор Никифорович Плевако мен торғайлық Смағұл Төкеұлының суреті.

Фотода әйгілі адвокатпен иық тірестіріп тұрған Смағұл атамыз – Торғай жұртын уәлі сөзімен ұйытқан, аруақты Төке бидің баласы. Шын мәнінде, руы мерген Төке биден тараған ұрпақтары­ның бәрі ата даңқына лайық болған. Айталық, бидің алғаш­қы бәйбішесінен Ормағамбет, Нұрмағамбет, Смағұл тараса, екінші анамыздан Кәкімбек пен Қамбар туған. Осындағы есімі айтылған Нұрмағамбет – 1864 жылы Торғайдағы Ыбырай Алтынсарын ашқан мектептің табалдырығын аттаған алғашқы он төрт баланың бірі. Ұлы ағартушы іргесін қалаған білім ордасының ашылуына Төке бидің өзі қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаған. Бұл жайында тарихи құжаттарда жазылады. Смағұл Төкеұлы да Ыбырай мектебінде оқып, өз заманының көзі ашық, озық ойлы азаматы атанып, Шұбалаң болысын он екі жыл басқарып, халықтың алғысына бөленген. Жергілікті өлкетанушы, журналист Қабылахат Сейдахметовтің айтуынша, өткен ғасырдың басында болыстың ағайындары істі болып, ол іс насырға шауып, ақыры, Смағұл Төкеұлы туыстарын ақтап алуға Санкт-Петербургке барып, адвокат Федор Плевакомен жүз­десіп, барлық мән-жайды түсін­діреді. Алыстан ат арытып келген қыр қазағының өтіні­шін мұқият тыңдаған адвокат қыл­мыстық іспен жіті танысып, со­ның нәтижесінде сот ісі қайта қа­ралып, түрмеге қамалған адамдарды босатып алады. Бұл оқиға шамамен 1904-1905 жылдары болғандықтан, екеуі суретке сол кезде түссе керек. Бүгінде бір ға­сырдан аса уақыт болған көне суреттен олардың байыпты, парасатты тұлғасын ғана емес, сол дәуірдің бейнесін аңғарасыз.

Қиын-қыстау жылдары қа­зақ­тарға көп қайырымы тиген Фе­дор Никифорович Плевако 1842 жылы Троицк қаласында туған. Әкесінің ұлты – литван, 1832 жылғы Польшадағы поляк көтерілісіне қатысқаны үшін Ресейге, оның ішінде Троицк қаласына жер аударылады. Сонда жүргенде қазақ қызымен танысып, шаңырақ көтерген. Кейбір деректерде заңгердің анасының аты Өлмесек, бір ауқатты кісі­нің қызы болған дейді. Бірақ қа­рақшылардың қолынан әке-ше­шесі қаза тауып, қыз жетім қа­лады. Оны орыс әйелі тауып, бауырына басып, Екатерина деген есім береді. Кейін қыз бойже­тіп, Федордың әкесімен көңіл қосады. Плевако өмірбаяндық ең­бек­­терінде анасының қазақ қызы екенін анық айтқан. Бұл жайында орыс ғалымы В.Смолярчук­тiң «Адвокат Плевако» деген кiтабында жан-жақты жазыл­ған. Жиыр­ма екі жасында сот лауа­зымы­на тағайындалып, жиыр­­­ма төрт жасында адвокат болған талантты тұлғаның сөзге шешендігін жоғары бағалаған орыстар оны заң саласының «Пуш­кині» деп атаған.

Бір айта кетерлігі, Смағұл ата­мыздың Санкт-Петербург қа­ла­сына екі рет жолы түскен. Бірін­шісін тәптіштеп жаздық. Екіншісі, 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. Әрине, көтеріліс бір күнде «бұрқ» ете қалған жоқ. Патшаның «Июнь жарлығы» шыққаннан кейін осы өңірдің беделді бес азаматының бірі ретінде Санкт-Петербургке барып, патша өкіметіне Торғай уезі қазақтарының қарсылық хатын тапсырады. Алайда қайтар жолда Орынборға аялдаған Смағұл Төкеұлын билік жандармдары ебін тауып қолға түсіріп, есіл ер солардың қолынан қапияда қаза табады. Сүйегі Орынбордағы мұ­сылмандар зиратына жерленген.

© egemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp