Ой-толғау

Камал Әбдірахман: Алматы-1 вокзалына М.Тынышбаевтың атын беру керек!

Қазақ халқының тарихы ХІХ ғасырдың басына дейін өзгенің қолымен, жұртымызды кемсіту мақсатында жазылып келді. Евроцентристік бағыттағы әсіре орысшыл «тарихшылар» қазақ халқының арғы жағы Әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан ғұн, сақ, Көк түріктер екенін барынша тұмшалады. Тіпті, «үнді- европалық», «парсы- европалық» деген терминдерді зорлап енгізіп, ата- бабаларымыздың мыңдаған жылдарғы жасампаздық, қаһармандық өмір жолын әлдекімдердің қанжығасына байлап жіберді. Өткен ғасырдың басында осындай әділетсіздікке қазақ зиялыларының алғашқы легі ашық қарсы шығып, өз аргументтерін ұсынды. Олардың бастамашысы кім еді?

Оншақты жыл бұрын бір топ италияндық ғалым елорда жанындағы Қабанбай батырдың кесенесіне сапарлай келді. Аңғарғаным, екі-үшеуі орысшаға жетік. Сөйлесе келе СССР құлаған кезде шекара асып кеткен еврейлер екенін білдім. Сөз біртіндеп тарихқа, Еділ (Атилла) патшаға ауды. Осы тұста өркениеттің ұясы деп қайталай беретін бүкіл Европа жиылып, бір Еділ патшаға шамалары жетпеуінің себебін сұрадым.

– «Себебі біреу- ақ. Сіздердің ата-бабаларыңыздың темір өндіру, одан құрыш-болат қару жасау технологиясы, осы технологияға лайықталған соғыс тісілдері Европадан жүздеген жылға алға озып кеткен болатын. Мың қадамға дейін қуатын жоғалпай ұщатын арбалеттеріңіз Европаның зәре-құтын қашырды. Сауыттары қақырап, қорған болудан қалды. Ал Сіздердің жеңіл, қайқы, алмас қылыштарыңыз Европа әлі пайдаланатын мыс пен қоладан жасалған ебедейсіз ауыр қылыштарды шыбықтай шауып тастайтын. Европа сөйтіп, Азияның алдында дәрменсіз, жалаң қол қалды. Атилла Европаны басып алып қана қойған жоқ, өркениет пен үздік технология да ала келді. Европаны мешеуліктен шығарды»,- деген жауап алдым.

Нақ осындай дәлелді пікірді қазақ арасынан алғаш жазған Мұхаметжан Тынышбаев еді. Сол тұстағы, V ғасырдағы оқиғалар тізбегіне талдау жасай келіп, «Еділ патшаның Азияның темір өндіру, қару- жарақ жасау саласындағы жетістіктерін Европаға ала келуі соңғылардың аса жедел дамуына әсер етті. Европа өркениетті Азиядан үйренді» деп атап көрсеткен еді. М. Тынышбаевқа дейін мұндай батыл ой айтқан Ресей тарихшысы кездеспейді. Бұл заңды да. Азиаттарды жабайы етіп көрсетудің бар айла-шарғысын жасайтын батыс ғалымдары мұны жаза қойсын ба? М. Тынышбаевтың бұл пікірі орыс және де басқа батыс ғалымдарына батыл қарсы шығу, ашық таласқа шақыру, сол уақытқа дейнгі батыс тарихшыларының біліміне күмән келтіру еді. Ұлтының намысы үшін, сөйтіп қауіпті жолға түсті. Ол кезде бұл қылық – басыңа пәле тілеу еді. Алайда сол тұста Рессейде орын ала бастаған төңкерістік хал- ахуадан болса керек, орыс ғалымдары М.Тынышбаевпен бетпе-бет пікір сайысқа түсуге ықылас танытпады. Әлде айтар, ұстанар аргументтері болмады ма? Не десек те М. Тынышбаев осы пікірімен сіресіп тұрған Евроцентристік қасаң теорияны талқандауды қолға алған алғашқы қадам жасады. Бұл кезде Мұхаң отызға да толмаған еді. Ғажап!

М. Тынышбаев туралы біршама жазылып, айтылып жүр. Қазақтан шыққан алғаш кәсіби теміржолшы, кәсіби тарихшыларымыздың атасы екені мойындалған факт. Ресейдің ІІ Мемлекеттік Думасының депутаты, Қазақ тарихы туралы аса мол дерек қалдырған, фундаментальді еңбектердің авторы. Түркісіб темір жолын салушы.

Алматыдағы гимназияны алтын медальмен бітірген қыр баласының болашағы жарқын еді. Гимназия түлегін бірден губерния канцелериясына тілмаш қызметіне шақырды. Бұл саяси, әлеуметтік бағытты таңдаған адамға кереметтей мүмкіндік еді. Бірақ Мұхаметжан бірден бас тартты. Петербордағы Император Александр І атындағы Теміржол транспорты Иниститутына түспек болды. Обалы нешік, Жетісу генерал- губернаторы аса талапты Мұхаметжанға арнайы стипендия тағайындады.

Даладан келген қазақ баласына Петербор да таң қалады. Аса мәртебелі Иниститутқа бұратана халықтан келген алғашқы қарлығаш еді. Емтиханнан өзге бірнеше арнайы сынақ дайындалады. Тынышбаев барлығынан «өте тамаша» өтеді. Оқуға қабылдандады. Алайда бір стипендияға күн көру қиын еді. Осы тұста дарынды қазақ баласына астанадағы Мұсылмандар қауымдастығы қол үшін береді.

1905 жылы автономия талап еткендердің түселінде (сьезд) М. Тынышбаев «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» атты баяндама жасады. Бұл тапа-тал түсте жарылған бомба еді. Мұнда жиырма алтыдағы жас жігіт патшаның колониялдық саясатының қазақ халқы үшін тонаушылық мәнін, соның салдарынан шаруашылықтағы кері кетушілікті ашып көрсетеді. Іле- шала Тынышбаев Министрлаер комитетіне хат жазып, қазақ халқын басқарудың сол тұстағы принцптері қазақ ұлтына қарсы екенін, сондықтан әскери басқару жүйесін азаматтық басқару жүйесіне көшіруді талап етеді. Осылайша, теміржолшы Мұхаметжан Тынышбаев қазағы үшін «отқа түсуін» бастады.

1911- 1914 жылдары Мұхаң Орта Азия теміржолына қызметке тұрып, Амударияның алғашқы көпірін салысты. Урсатьевск- Әндіжан аралығындағы шойын жолды салды. 1914 жылы Тынышбаев отанына оралды, Жетісу теміржолын салуға белсене кірісті. А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен жақын танысып, «Қазақ» газетіне «Қазақ инженері» деген лақап атпен көкейтесті мақалалар жазды. Солардың арасынан қазақ интелегенттері туралы жазылған «Барлыбек Сырттанов», «Садуақас Шалымбеков» атты мақалаларын ерекше атауға болар еді.

1917 жылғы оқиғаларды М. Тынышбаев қуана қарсы алып, көп үміт күтті. Осы жылы Қоқанда өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының түселіне (сьезд) қатысып, жиналғандар Түркістанды Автономия деп жариялады. Түркістан жұртының, қазақ халқының тарихында алғаш рет Премьер- министр лауазымы тағайындалып, бұл қызметке М. Тынышбаев бірауыздан сайланды. Бірақ бұл қызметте ұзақ отырмады. Жікшілдік топтар арасында алауыздық орын алып, қан төгіске бармау үшін Тынышбаев қызметін өз еркімен доғарды. Сөйтіп М. Тынышбаев қазақ халқының арасынан тұңғыш сайланған Премьер- Министр болып тарихта қалды.

М. Тынышбаев туралы сөз қозғалғанда негізі екі еңбегіне баса баға беріледі. Бірінішісі «Қазақ халқының тарихы» атты кітабы. Бұл кітап күні бүгінге дейі маңызын жоғалтқан емес. Кәсіби қазақ тарихшыларының М. Тынышбаевты бұл кітабына сілтеме жасамайтын ғалым жоқ. Қай тарихшының еңбегін алсаң да Тынышбаевты бетке ұстайды. 1917 жылғы қазақ халқының нақты санын, рулардың орналасу аумағын, таңбасы мен ұрандарын айтып кеткен де осы ғалым. Бірақ Тыныншбаев шежіре, аңыз, дастандардың нақтылы тарих еместігін де ескеріп отырады. Шежіре, аңыздарға келгенде «айтуларға қарағанда» дейді. Кітап қазір қол жетімді, интернетте ілулі тұр. Қазақ тарихшыларының тарапынан аса жоғары бағланатын бұл кітапқа пікір айтқанның өзі орынсыз. Оқырман керек етсе, өзі тауып қажет тұсын оқып алар.

М. Тынышбаевтың баға жетпес еңбегі- Түрксіб теміржолы. Кім не десе, о десін, Түрксібтің қырғыз жерінен, орысқа дейінгі ұзына бойын адымдап жүріп салып шыққан Мұхаметжан Тынышбаев. Түрксібтің Тынышбаев сызған жобасына қараңыздаршы. Бөтен бір атау жоқ. Таза қазақы атаулар. Өкініштісі, Тынышбаев Тәшкенде қорлықтан өлген соң біршамасы түзетіліпті. (Бұ кісі атылуға да жетпей дүниеден өтіп кетеді.) Мысалы, Тынышбаев Талдықорған өңіріндегі бүгінгі Лепсі бекетін Садыр, Семеймен екі ортадағы бүгінгі Ақтоғайды Қаракерей деп жазыпты. Мұхаң ұсталған соң бұл оның ұлтшылдығына дәлел болған екен. Тек Матай бекетін жергілікті жұрт «Бұл жерде Матбай (Матвей) деген орыс мұжығы тұрған. Біз тіліміз келмей Матай атап жүрміз» деп аман алып қалыпты. Осы теміржолдың бойымен жүрген адам Тынышбаевтың ата-баба мұраларына соншалықты адалдығына таң қалады. Бір де бір мола, қорым бұзылмаған, барлығын әудем жерден айналып өткен. Мұны жергілікті жұрт «Тракторлары, сынып қала беріпті, сонан соң айналыпты» деп аңызға айналдырады. Шындығында ол тұста теміржол салушылардың негізгі қаруы адам қолындағы қайла мен сүймен еді. Оның үстіне қопрғыш заттар – динамит шыққалы қашан. Тауды да қақ жарып жатқан кез. Молалардың бұзылмауы да Мұхаңның арқасы.

Біз күні бүгінге дейін Мұхаметжан Тынышбаевтың Мәскеуден ВЦИК бекітіп берген жол жобасын неге өзгерткенін, осы өзгертулерге Т. Рысқұлов қарсы болып, екеуінің арасында кикілжің басталғанын, Мұхаңның үстінен арыз жазылғанын жазбаймыз, айтпаймыз, тіпті, білмейміз де. Мысалы, Талдықорғанның солтүстігіндегі Молалы бекетінен жол оңға қарай бұрылып, қазіргі Ақсу, Сарқанды басып өтіп, Алакөл ауданы арқылы Аягөзден шығуы тиіс еді. Мұхаметжан Тынышбаев бұл иінді сызып тастап, жолды Матай арқылы бұгінгі Бөрлітөбе өңірінің үстімен Қаракерейге төтесінен тікелей тартады. Себебін ұсталған кезде «Миллиондаған қаржы үнемдедім, бір жыл бұрын салып бітірдім» деп түсіндіреді. Мұнысы рас. Бірақ Мұхаметжан Тынышбаевтың көздегені тым тереңде болатын

Мұхаң сол тұстағы қазақтар үшін аса маңызды төрт бірдей проблеманы шешіп кеткен еді. Бірақ онысын ол тұста кімге айтсын? 1. Демография. Теміржол өтеді деп көзделген Ақсу өңірінен бастап, әсіресе Сарқан маңына, Алакөл ауданының шұрайлы жерлеріне казактар мен орыстар көптеп қоныстанып алған еді. Қазақтың үлес саны аз. Теміржол келсе орыс тағы еселенеді. Мұхаң осыны анық көрді. Орысты құйқалы өңірде көбейтпеуді көздеді.  2. Ұлттық кадр. Сонау патша тұсында жаңағы аталған өңірлерге орыстардың қоныстануымен қазақтар Бөрлітөбенің құмына қуып тасталған, тұрмыстары өте ауыр, жетіспеушілік, кедейшілік басып тұрған.  Теміржол осы қазақтар отырған жерден өтсе, ол қазақтарға нәр жетеді, жұмыс шығады, табыс табады, күн-көрісі жақсарады. Бастысы, қазақ жастары темір-терсекке үйреніп, оқу- білімге тартылады. Өзі секілді ұлт мамандары шығады. 3. Молалыдан шығысқа қарай табиғат қол тимеген күйінде болатын. Қызылағаш, Сағабүйен, Ақсу, Сарқан, Басқан, Лепсі секілді тау өзендері төмендей келе Балқашқа құлайды. Теміржол осы табиғатқа зардабын тигізері де анық, су да ластанады. Бұған жол берілмеді. 4. Теміржол жаз жайлауға шығар малдың алдын бөгеп, қанша жерді айналып өтуге тура келер еді? Бұл бүгін де проблемның бірі. Міне, Тынышбаев мұны да көрді. Малдың алдын, әдеттенген жолын бөгемеді. Қазақтың ата кәсібіне залалын тигізбеді.

Мұхаметжан Тынышбаев жайлы ойланған сайын осындай ұлы тұлғаны бүгінгі біз лайықты бағалап жүрміз бе деген сұрақ көмейге тығылады. Ғұлама тарихшы, атақты теміржолшыға қандай құрмет көрсетіп жүрміз? Қырғыз жерінен Алматы-1 вокзалына келіп тірелетін, одан шығысты бетке алып, орыстан шығатын Түркісібтің әр адымында М. Тынышбаевтың адал еңбегі, маңдай тері, ізі жатыр.

Ендеше, өзі іргетасын қалап, шегесін қаққан Алматы-1 вокзалын қазақтың алғашқы кәсіби теміржолшысы Мұхаметжан Тынышбавтың атымен атайтын кез келді. Қазақтың біртуар ұлы мұндай құрметке әбден лайық.

Осы мақаланы жазбас бұрын Қазақстан темір жолының мамандарымен, астанадағы екі вокзалдың қызметкерімен сөйлестім. Шынымды айтайын, қорқа, қорқа барып едім. Бүгінгілер Тынышбаевты біле ме? Жоқ, бекер қобалжыппын. Мұхаңның еңбектерін дәл атай алмаса да, ғұмырынан хабардар екен. Ұсынысымды айттым. Түгел қолдады. Көмек қолын созуға даярлықтарын білдірді.

Ендігі шаруа, құрметті оқырман Сіз бен бізге байланысты. Алматы-1 вокзалына Мұхаметжан Тынышбаевтың атын беруге үн қосыңыздар. Іске сәт!

                            Камал Әбдірахман, журналист

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button