Осло қаласындағы Әдебиет үйінде Абай Құнанбайұлының Қара сөздері мен таңдамалы поэзиясының («Abais dikt og visdomsord») норвег тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл еңбек норвег тіліне аударылған қазақ классикалық әдебиетінің алғашқы үлгісі.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасына ұлтымыздың бірлігі мен өркендеуіне жол ашатын құнды байлық ретінде жүгінуге шақырады. Біз Абай шығармаларының норвег тілінде жарық көруін Қазақстан тәуелсіздігінің 30-жылдығына арнаймыз», – деді презентацияда Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов.
Абай шығармаларын норвег тіліне тәжік-норвег жазушысы және әдебиеттанушы Лютфия Бобоёрова аударды. Кітапты «Sirkel Forlag» баспасы шығарған, бас редакторы және Абай жайлы өмірбаяндық тарау жазған норвег ғалымы және баспагері Осхильд Кюлос.
«Абай дара қоғамдық сыншы болды, бірақ оны бірінші кезекте экзистенциалдық мәселелер толғантты. Абайдың «Қара сөздері» әлемдік әдеби мұраның маңызды бөлігі болып табылады. Абай шығармаларын норвег тіліне аудару – Қазақстанды Норвегияға таныстырудың бірегей мүмкіндігі. Бұған қоса, бұл жалпы адамзат тәжірибесіне ұлы ойшылдың көзқарастарымен бөлісу мүмкіндігі де болып табылады. Біздің баспа бұл жобаны жоғары бағалайды», – деді О. Кюлос.
«Абай Құнанбайұлының шығармалары ешқашан ескірмейді, керісінше уақыт өте келе оларға сұраныс күшейе береді. Олар қоғамның көне, түп-тамыры шабылмаған мәселелерін нақты суреттейді, елге бағыт бағдар белгілейді. Абайдың өсиет сөздерін әр адам білім, адамгершілік пен сыпайылық сабақтарын ала алатын өмір мектебі деп атауға болады. Абай отбасы негіздеріне, бала тәрбиелеуге, тілдерді оқу мен өзге мәдениеттермен танысуға көңіл бөледі. Сонымен қатар, Абай әдебиет білгірі болған. Оны шабыттандырғандардың арасында Фирдауси, Низами және Навои сияқты шығыс классиктерінен бастап орыстың көркем сөз шеберлері – Лермонтов, Толстой мен Пушкин, батыстың ақындары – Гете мен Гейне болды. Ол 120-150 жыл бұрын да, бүгінгі таңда да өзекті, уақыттан тыс мәселелер туралы жазған. Норвегия оқырмандары Абай шығармаларынан көптеген пайдалы және әдемі тағылымдар ала алатынына сенімдімін», – деп атап өтті Л. Бобоёрова.
Норвегтер әлемдегі кітапты ең көп оқитын халықтардың бірі екенін ескеріп, аударманың сапасын ғана емес, сонымен қатар кітаптың қалың оқырманға қол жетімділігін қамтамасыз ету маңызды болды. Кітап 1500 данамен басылып, Норвегия кітапханаларында және кітап дүкендерінде, сондай-ақ цифрлік платформаларда таратылды. Аудио нұсқасы да жазылған. Басылым қазір Лондондағы кітап көрмесінде де таныстырылуда.