Жаңалықтар

Алаш идеясын ту еткен жастар ұйымы туралы алғашқы еңбек жарияланды

Алаш қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбайұлы,  Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел және Жаһанша Досмұхамедұлы сияқты қайраткерлердің ұлттық мүдде мен ұлттық рухани мәдениет майданындағы қызметтері туралы көптеген тарихи және әдеби зерттеулер жазылды. Алайда, ХХ ғасырдың 40 жылдарынан кейінгі кезеңдегі, әкімшіл-әміршіл жүйе күшейе түскенде, қазақ жастары Алаш қайраткерлерінің шығармаларын оқып, олардың азаматтық рухының қалыптасуына ықпалын толыққанды зерттеген арнайы іргелі еңбектер осыған дейін жазылмады. Әділет Жағыпардың «ЕСЕП» – Елін сүйген ерлер партиясы тарихы» еңбегін осы ақтаңдақтың орынын толтыруға бағытталған алғашқы еңбектердің бірі деп атауға болады.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының әрбір азаматын тікелей немесе жанама түрде қамтып, Кеңестік саясатқа наразылық тудырғаны айқын. Әділет Жағыпар бұл мәселені өз еңбегінде ашып көрсетеді. Автор «Есеп» астыртын жастар ұйымының қайраткері Бүркіт Ысқақұлының әкесінің қуғындалуын қарастыра келе: «әкем азап жүргін арқалап, сонау Қиыр Шығысқа айдалып кете барды. Неге? Неліктен? Не үшін? Оны анық білмедім», – деген сөздерін келтіріп, оның көзқарасы мен тұлғасының қалыптасуына жаппай қудалаудың ықпалын айқындайды.

Әділет Жағыпар ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Кеңес үкіметі саясатының салдарынан жапа шеккен азаматтар бірлесіп, ұлттық мүддені көтере білген «Жас қалам» әдеби үйірмесінде Алаш қайраткерлерінің шығармаларын оқығаның М.Темірұлының, О.Құдышевтің есстеліктеріндегі ақпараттарға сүйене отырып айқындайды.

Автор еңбегінде «Есеп» астыртын жастар ұйымының бірнеше даму кезеңінен өткендігін атап көрсетеді:

1) 1940-1942 жылдары қалыптасу кезеңі;

2) 1944-1951 жылдары даму кезеңі;

3) 1960-1964 жылдары шарықтау кезеңі;

4) тәуелсіздік қол жеткізу – тарихи сабақтастық кезеңі.

М.Темірұлы «Жас қалам» әдеби үйірмесінде Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде А.Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысалын», М.Дулатұлының «Оян, қазақ», С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», 1-бөлімі «Ұлтшылдық дәуірі» бөлімінің талдайтынын мысалға келтіреді.

Астыртын жастар ұйымның көрнекті өкілі Мақсым Омарбекұлының шығармашылығына тоқталу арқылы Алаш қайраткерлерінің реалистік мәнердегі шығармалары негізінде көкейкесті мәселелерді бұқара халық алдында көтеру бағытында әрекет еткенін баяндайды. Оның «Махаббат пен қиянат» шығармасы қазақ ұлтының тілі мен діліне қысым жасап, құлдық психология қалыптастыруға бағытталған кеңес үкіметінің саясатын сынауға бағытталғанына тоқталады.

ХХ ғасырдың 50 жылдары жеке басқа табынушылықты айыптау «Есеп» астыртын жастар ұйымының қызметін кеңейте түсуге мүмкіндік бергенін сипаттайды. ХХ ғасырдың 60 жылдары қазақ жастары «Болашақ жол» газетін қолданып, қазақ поэзиясы мен өнерін насихаттауды жүзеге асырады. Осылайша, ұлттық әдебиет негізінде ұлттық рухты нығайту бағытында әрекет етті.

1961 жылы 1 мамырда «Жас қазақ жыры» әнұраның орындап, Кеңес үкіметінің саясатын айыптап үнпарақтар таратады. Міне, осылайша, әдеби үйірмеден астыртын ұйым деңгейіне дейін көтеріліп, қазақ әдебиетінің негізінде ұлттық мәселелерді көтере білген жастарының қозғалысы туралы зерттеу кітабы жарық көрді және Алаш идеясы әкімшіл-әміршіл жүйенің қысымына қарамастан, халық жадында сақталғанын айқындайды.

Әділет Жағыпардың еңбегі кеңестік кезеңдегі наразылық қозғалыстары туралы жарияланып отырған алғашқы іргелі еңбек десек қателеспейміз. Автордың зерттеулері бойынша, «Есеп» Қарағандыда, «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» Батыс Қазақстанда, «Жас тұлпар» Мәскеуде, «Жасұлан» Керекуде, тағы да басқа ұйымдар қызмет еткенін ерекше атап өтеді, сондықтан бұл тың тақырып әлі де болса, өз зерттеушілерін күтуде.

Ержан Өмірханұлы, тарихшы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button