Қолдан жасалған қасірет

Бұратана ұлттарды басып-жаншыған саясат патша құлаған соң тоқталдыға саналып, дала жұрты XX ғасырдың алғашқы кезеңінде еркін демалғандай еді. Өз мұңын өзі жоқтап, мәдениетін көтеріп, ел болуға тырысып жатқан. Алайда көп ұзамай жағдай басқаша рең беріп, нағыз нәубет басталды да кетті.

1930 жылы Қарағанды облысындағы Шет ауданында әр үйге 100-ден 500 басқа дейін мал салығы түскен. 1931 жылы халық басына түскен қасіреттен есінен танғандай еді. Шет ауданы халқына 120 мың бас мал тапсыру жөнінде салық түсті. Айта кетерлік бір сөз, бұл малдың етін апарар жер, сақтар орын жоқ екенін біле тұра Голощекин тобы осыны істеді. 1931 жылы елге аштық кіре бастады.

Міне, осы кезде Шет ауданының Мемлекеттік саяси басқармасының (ГПУ) бастығы болып ел арасына «Шишов» деген атпен белгілі Н.Сычев тағайындалды. Сол Шишов «Билер мен дінбасылар, ақындар сөзін тыңдаған, халқы бас имейтін» аудан халқын қанға бояуға міндетті болған. Ол қанды ісіне аяусыз кіріскен.

Қазкрайкомның 1931 жылы 25 мамырдағы Ерназаровтың баяндамасы бойынша аса құпия қарарында «В Абралинском и Шубартауском, Кубыском и Каркаралинском районах… напряженное положение… продолжает оставаться» деп көрсетілген. Осындай жағдайда «Еще поднять темпы скотозаготовок» деген құпия шешімнің сөзін оқығанда Голощекин бастаған билеушілердің зұлымдығынан біржола түңілесің. Қазақ халқын ақымақ үкіметке шын берілген белсендінің аштыққа айдап бара жатқанын көріп, жаның шырқырайды.

Күн өткен сайын тежеусіз уақыттың көлеңкесінде қалып бара жатқан 1932 жылдың қырғын аштығы «Неге, неге?» деген сауалды қайта-қайта туғызып, қолдан жасаған трагедияны түсіндіруді қажет етеді.

Ауыл қариясы Е.Мұхамеджанұлы белсенділердің бар малды сыпырып алғанын, шұбырған елдің жолшыбай қырылғанын, жүруге жарамай қалған бойжеткен қыз алдында жанып тұрған отқа құларман боп теңселіп отырғанын жазса, К.Жанасылов Бетқайыңдағы қорадан адам сүйегін кейін күреп шығаруға тура келгенін, Сарыөзекте шашылған мүрде талай жылдар шөп шаптырмағанын айтады. Қарт ұстаз С.Әбдрайымов Бөгілінің 1930-жылдары 150 үйінен әр түтінде бірер адамы ғана бар 37 үй қалғанын, Қайша шешей екі үй тола қаттап жиналған өлікті ұраға көмдірген совхоздың директоры Соловьевтің тірі қалғандарды қапқа салып, суға лақтырытқанын айтқанда, жауыздықтың шегі жоғына еріксіз иланасың. Қарт ұстаз Қ.Ыбырайтегі босқан елмен бірге Сібір асып кеткенін, Қ.Аяпбергенұлы адамзат басына бермес аштықта кісінің кісіні жегенін жазғанда, не айтарыңды білмейсің.

Сол тұстың Голощекиннің айтқанына жұрттың бәрі көне берді десек , аруақ алдында кінәлі болармыз. Сол кәмпеске басталған 1928 жылы Шет ауданының елдің бүтіндігін көксеген азаматтары Көпжан Бәйменұлы, Тұңғышбек Дәлмағанбетұлы бастап Қойкел өзені жағасында коммунистердің жасырын жиналысын өткізіп, байларды тәркілеуге бермеске серт беріскен. «Қызылтауизм» деген айдар тағылған бұл азаматтар кезінде қуғынға түскені белгілі.

Қазақ елінің тұрмысын түсінде де көрмеген, ең болмаса бір киіз үйдің есігін ашпаған, мал баққан елдің ерекшелігі бары есіне де кірмеген Голощекин өткізген Қазкрайкомның қаулылары да ақылға сыйымсыз. Жер жыртып, егін салуға не соқасы, не тұқымы жоқ миллиондаған қазақты колхозға қуып тықпақ. Оның жолы малын тартып алу болса керек. Қазкрайкомның 19.01.1930 жылғы қаулысында «Громадное количество кочевого и полукочевого казахского населения» деп көрсетіліп, онан әрі «Коллективизация казахского населения должна быть усилена» деп қорытындылайды. Ол үшін халыққа мынандай жағдай жасалу керек деген бір ауыз сөз болсайшы. Осы қаулыда «Потребует передвижу населения в хозяйственные центры» деп көрсетіліп, малы талауға түскен ұлы даланың қазағын қуып әкеліп, шоғырландырып, киіз үйлі қалалар жасауға жол ашады. Сол, ішінде тірі пенде қалмаған киіз үйлі қалалар 1934 жылға дейін желмен теңселіп тұрған еді.

Сол қаулыда қуып әкелінген қазақтарға үй салынсын дейді де, оған қаржы «Бюджетами, как краевым, так и местным не предусмотрены специальные средства» деп атап көрсетіп, қай-қайдағы бір көк тиыны жоқ мекемелерге сілтеме жасалады. Сонымен қуып әкелінген жұрт азып-тозуға, ауруға ұшырауға, суықтан бүрсектеуге үкім етіледі. Ол аздай, 1931 жылы 25 мамыр күні Қазкрайком бюросының қаулысы «Еще поднять темпы выполнения скотозаготовок», деп, сорлы халықты 1932 жылдың аштығына қуалай түседі.

«Бұл аштық қалай болды?» деген ой талайды мазалаған. Қанша едік? Қаншамыз қырылдық? Кешегі үлкендер білгенін айтуға батпай, жүзін жасыратын. Әкем – Ыбыштың Жүнісі бұл мәселе туралы 1990 жылы ғана тіс жарды. Ол кісінің айтуына қарағанда, Шет ауданында аштық алдында 54 мың адам болған. «Біз сан жағынан Қарқаралыдан ілгері едік» дейді. Ал тек қана қой 700 мың, жылқы 60 мың шамасында болса керек. Өткен ғасырдағы 60-жылдардың соңында саяси лагерде біраз жыл дәрігер көрмей, жөндеуді тілеген денсаулығымды байқатып, Қарағандыда аурухана кезегінде отырып, қарқаралылық Теміржан Қайыров деген кісімен кездестім. (Ұрпақтары болса менімен хабарласуын тілер едім – К.Ж.). Ол кісі 1932-33 жылдары Шетте пошта бастығы болып істеген екен. Әңгіме жүйесін 32-жыл мәселесіне бұрып, суыртпақтап сұрай бастадым. Оны аштық өтіп, 1933 жылы үкімет тірі қалғанның есебін алуға жұмсапты. Сонда Шет ауданында екі, не үш адамнан тұратын түтін саны 298 үй, жетім бала, жесір әйелді жеке отбасы деп санағанда, 309 түңдік болғанын айтқанда, Темкең көзіне жас алды. Өмірден таяқ жеп қалған басым бұл фактіні өзім ғана оқи алатын етіп ұзақ жылдар тығып ұстауыма тура келді. Ал мұнан кейін табылған тағы бір деректе 1926 жылы Шет ауданының қазағы 48 311 адам екені айтылған. Сонан, 1930 жылға дейін кәмпескелеп қудалап 36568 адамға дейін азайтылған. Сөйтіп, 1932 жылдың басында Шеттегі 36 568 қазақтан 1933 жылы 5021 адамы ғана тірі қалған. 1928 жылы кәмпескеден кейін мал басының 10-15 есе азайып кеткенін үлкендердің бәрі айтады. Кәмпескеден кейінгі 197 832 бас малдың 1933 жылы жұрнағы ғана (1768 бас) қалыпты.

Үкімет дегенін орындау үшін жер-жерде дәреже қуғандар аянбай еңбек етіпті.1930 жылы бай-құлақ саны 76 болса, 1931 жылы 325, 1932 жылы 400 боп шыға келіп, тап жауын құрту жоспары асыра орындалып, елдің жаппай қуғын сүргінге түскені көзге ұрып тұр. Әр үйге 100-ден 500 басқа дейін мал тапсыру салығы түсіп, барынан жұрдай болып, күзді күнгі шыбындай боп қырылып жатқанда, билік аудан бойынша егін егуді 12 күнде  бітіруді, бесжылдықты төрт жылда орындауды жоспарлап, ұрандап жатқанына сау адамның миы жетуі мүмкін емес.

Аштан қырылғандардың жаппай жерленген жерін табу – бүгінгі ұрпақтың ісі. Шет аудан орталығының төменгі тұсында, Бақай бәйбішенің зиратының жанына 400-ге тарта адамның мүрдесі жерленген. 70-жылдары бұл зұлматты елдің есінен шығарып жіберу үшін сол жерге автобаза салып, жыпырлаған қабірдің үстінен машина жүргізіп қойды. Қазір ол жерді қоршап, қорғауға алған болып жатырмыз. Сол сияқты ГПУ-дің ескі үйінің артындағы сайға өте көп адам жерленген. Бұл жерде атылғандар да болса керек. 60-жылдардың орта кезінде сол жерді егін екпесе де қасақана жыртып тастады. Осы күнгі көп бейіттің дәл ортасында бір шұңқырға 525 адамды көмгенін Ыбыштың Жүнісі, Құтжантегі Жұматай, Жұқанұлы Шәукей ақсақалдар көрсеткен. Осы күнгі сауда қоғамының (РайПО) кеңсесі 1932 жылы Балалар үйі болған. Сол жердің іргесіндегі үй орнындай шұңқыр 1955-56 жылдарға дейін өлген балалардың сүйегіне толы болатын. «Просторный» совхозының маңына осы ғасырдың басында келген Лакман деген неміс 1933 жылы талай таныс адамның, олардың отбасының аштан қырылғанын, сүйектерін тауып, өзі жерлескенін айтқан-ды.

Осы күнгі Жарық стансасында темір жол тартамыз деп жұмыскер ретінде көп қазақты жинаған. Жағдай ауырлағанда басшылар жұмыскерлерді тастап, тайып отырған. Осы жерде 200-ден аса адам өлгенін Ә.Маясарұлы жеткізген.

Ауыл қариясы М.Күзгібеков 30-жылдардың бас кезінде Жаңаарқада қызмет еткен. Сол кісі ауданның ескі орталығы тұрған Аппаз өзенінің бойындағы кірпіш күйген жерде М.Ағыбаевтың үйінен 200 қадамдай жерге 200-ге жуық адамды бір ұраға көмгенін айтады. «Дружба» совхозындағы қарт ұстаз Зәрубай Тәжитов Жиын деген жердегі мешіт маңында кырылғандарды жазда қалай көмгендердің куәсі болған.

Қазақтың аштан қырылуы 1932 жылмен біткен жоқ. Ол 50-ші жылға дейін созылған. Зейнеткер Төлеутай Нұрмұханов 1948 жылы Сәтбаев (Никольск) қаласында ФЗО-да болғанын, сол ФЗО-да ақпан, наурыз, сәуірде 60-тан астам қазақтың жетім баласы аштан өлгенін айтады. Ол осы жерден Байқожаның Смағұлының қызы Күленмен бірге кеткенін, сол қыз асын Төлеутайға беріп, өзі аштан өлгенін бізге жеткізген.

Ел ашығып жатқанда үкімет жылқыны «маңқа» деп жаппай атып, тартып алынған малдың етін тау-тау қылып үйген. Тау-тау ет 1932 жылдың жазында сасыған. Тіпті сасыған еттерді де аштарға бермеген. Сөйтіп, бір ғана Нілдіде жүз мың тонна ет өртелген. Мұндай жағдай Бұрма, Спаскі елді мекендерінде де болған еді. 1932 жылы шыңына жеткен аштық 1933-34 жылдар ішінде де жалғасып жатты. 1934 жылы Шет совхозының жұмыскері М.Мұқабаевтың нан сұрағаны үшін сабалғаны туралы дерек архив құжаттарында сақталған. Өзегі талып, көзі аштықтан қарауытқан оның бала-шағасы үшін нан сұрауға құқығы болмаған.

Бұл зұлмат кешегі Кеңес елінің талай жерінде болған-ақ шығар. Бірақ қазақ халқындай орасан ойранға ұшыраған, жағдай ешбір республикада болған емес. Алла қазақ даласының халқының алдын оңдасын!

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы

© egemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp