Жақып Ақбаев атындағы оқу залы ашылды

Қарағанды қаласының нөмірі 34-мектебінде Алаштың біртуар перзенті, қазақтан шыққан тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаевқа арналған облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы жас ғалым Әділет Жағыпар әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.

Конференцияға Зарқын Тайшыбай, Нұрсахан Ахметқызы, Сағымбай Жұмағұлов сияқты елге танымал ғалымдармен қатар, Әділет Жағыпар, Нұрсұлтан Шәменов деген жас ғалымдар қатысты. Жиналғандар Жақып Ақбаевтың өмір жолы мен рухани мұрасына жан-жақты баға беріп, ұлы тұлғаның мол мұрасын зерделеу жұмыстары жаңаша жандану керектігін айтты. Сонымен қатар, конференция аясында осы мектепте Жақып Ақбаевқа арналған жаңаша дизайнмен өрнектелген оқу залы ашылды. Осындай игі істерге ұйытқы болған мектеп басшысы Жанат Мәдениетұлы мен мектеп ұжымына алаштанушы ғалымдар толағай табыс тіледі.

Жақып Ақбаев 1917 жылы «Алаш» партиясын, «Алашорда» үкіметін құруға белсене араласқан тұлға. Сол жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен Бүкілқазақ съезіне қатысқан. 5-13 желтоқсанда Орынбордағы екінші Бүкілқазақ съезінде «Алашорда» үкіметінің мүшелігіне еніп, съезде 26,5 мың адамнан тұратын тұрақты әскер құру идеясын көтерді. Ақбаев Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкіметін құруда, Алашорда автономиясының шекарасын анықтауда үлкен рөл атқарды. Жақып Ақбаев тәуелсіздікке қан төкпей, бейбіт, заңды жолмен жетуді көздеді, бар күш-жігерін соған жұмсады. Алашорда автономиясы үкіметін құруда белді ұйымдастырушылардың бірі болды.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp