Ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Козодой қазақтың біртуар ұлы туралы «Әлихан Бөкейхан. Дәуір аясындағы саяси портрет» (түпнұсқа атауы – «Алихан Букейханов. Политический портрет на фоне эпохи») атты кітап жазып жатыр. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі шетелдік ғалымды сөзге тартқан екен. Сұхбаттың толық мәтіні төменде.
– Әлиханға қалай келдіңіз? Неге дәл осы тұлғаны таңдадыңыз?
– Шынында, мен тарихшы ретінде тарихтағы төңкеріс, қайта құру сияқты бетбұрыс кезеңдерді ширек ғасырдан аса уақыт бойы зерттеп келемін. Соңғы бірнеше жыл ішінде Сібірдегі революция және Азамат соғысы, Сібір автономиясы, Уақытша Сібір үкіметі, 1917-1920 жылдардағы жағдай тақырыбын зерттеумен айналысамын. Бір кезде Алаш, Алашорда сияқты маңызды құбылыстарды зерттеп түсінбей, жоғарыда аталған тақырыпты ашуға болмайтынын ұғындым. Алаш пен Алашорда болғандықтан, әрине көсем Ә.Бөкейханның рөлін түсінбей болмайды. 2019 жылы қажетті материалдарды жинай бастадым, бұған халықаралық білім алмасу бағдарламасымен Павлодарға баруым себепші болды. Студенттерге дәріс оқыдым, облыстық кітапханада жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Кітапханада көптеген мәліметтермен қанықтым, соңында маған Ә.Бөкейханның өмірбаяны туралы кітап жазу идеясы ойға келді. Оның үстіне Ресейде Әлихан туралы бірде-бір кітап, монография жарық көрмеген, сондықтан менің жұмысым белгілі бір деңгейде осы олқылықтың орнын толтыра алады. Сол уақыт аралығында Алматы, Семей, Павлодар, Томск, Омбы, Самара, Орынбор, Новосібір архивтерінде жұмыс істедім. Әлихан – ең алдымен Қазақстанның көрнекті саяси қайраткері, бірақ өз жұмысымда оның бір елдің ғана емес, сол дәуірдегі жалпы империялық, жалпыұлттық деңгейдегі саясаткер екенін көрсетемін.
Тағы бір қызықтыратын дүние, Ресей империясының тұсында қаншама жүздеген халық тұрып жатты. Бірақ революция болған кезде барлық халық бірдей автономия құрып кете алған жоқ. Қазақ халқының қолынан келді. «Бұл қалай болды? Оған не әсер етті?», деген сұрақтар зерттеуге итермеледі. Ал мұны білу үшін әлбетте «Алаш» автономиясының басындағы Әлиханды толық тану керек.
– Әлиханның өмірін зерттеуде жолыңыздың болғанын жеткізіпсіз. Ашып айтыңызшы?
– Иә, менің ойымша, Әлихан Бөкейхан сияқты ірі, көрнекті саяси қайраткердің өмірбаянын оқып, зерттеу мүмкіндігіне ие болғаным үшін өзімді бақытты адам деп санаймын. Ә.Бөкейханның өмір тарихы – қазақ даласындағы қарапайым ауылдан шыққан ұлдың текті тұқымнан, Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымен, асып-тасқан бай отбасынан емес, талмай еңбектеніп, тарихтағы терең із және үлкен идеялық мұра қалдырып, халқы мойындаған ұлт көшбасшысына айналуы туралы әңгіме. Оның тарихтағы рөлі әлі лайықты деңгейде толық бағаланған жоқ. Кейіпкерімнің маңызды жетістіктерінің бірі, Әлихан 1917 жылы желтоқсандағы конгресстің құрылуы туралы шешімдерге кейін нақты арқау болған Қазақстанның тұтастығын айқындау сияқты маңызды мәселеде ғылыми-теориялық негіз жасады. Бұл идеялар үлкен идеологиялық ықпалға ие болды, содан кейін 1920 жылы Кеңес автономиясының құрылуымен 1936 жылы одақтас республиканың құрылуына және 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізуге негіз болды. Тұтастық мәселесі – басты мәселе, онсыз автономия мәселесін шешу мүмкін емес еді. Өйткені бұл – қазақ мемлекеттілігінің дәстүрін қалпына келтірудің алғашқы кезеңі.
– Кейіпкеріңіздің өміріне байланысты қандай тың деректер таптыңыз?
– Әлихан туралы кітап жазу барысында Ресейдегі және Қазақстандағы архивтерді ақтардым. Қазақстанның орталық архивінен қайталанбас құжаттар, анығырақ айтқанда, Әлиханның Жер ісі коммисариатындағы қызметі туралы түпнұсқаларды таптым. Бұл анкеталарда оның қызметіне кіріскен уақыты, атқарған қызметі, қызмет бойынша ауысуы, отырыстардағы сөйлеген сөздері бар. Сондағы анкеталардың бірінде Әлихан өз қолымен Азамат соғысы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы болғанын жазып түсініктеме қалдырған. Бұл – кейіпкерімнің өмірбаянындағы ең маңызды сәт. Жоғарыда аталған құжаттар 1920-1922 жылдарға қатысты. Ал Ресейдегі Томск облысының Мемлекеттік архивінде Әлиханның өзі жасап, қол қойған жеке карточкасы сақтаулы тұр. 1917 жылы қазанда толтырылған осы құжатта Кадеттер партиясының мүшесі екенін өз қолымен жазып көрсеткен. Орынбор облысының архивінде Ә.Бөкейханның Жер банкіндегі қызметі жөнінде құжаттар бірінші рет жарыққа шықты. Бұл – түпнұсқа. Осыған дейін аталған құжаттарға әлі ешбір зерттеушінің қолы тимеген.
Өздеріңіз білетіндей, Ә.Бөкейхан Выборг үндеуіне қатысып, қол қоюшылардың қатарында болды. Бірақ оның нешінші болып қол қойғанын көбіміз білмейміз. Жақында бұл туралы тың дерек таптым. Кішкене кейінге шегінсек, 1905 жылы Ресей империясында алғашқы революция басталды, әр түрлі саяси күштердің, оппозиция мен революционерлердің қысымымен патша өкіметі жеңілдіктер жасады. Соның бір көрінісі, Бірінші орыс төңкерісінің нәтижесінде демократиялық даму жолындағы өзгерістерді енгізуге мәжбүр болған Ресей патшасының 1905 жылы 17 қазанда жариялаған манифесі негізінде Мемлекеттік дума құрылды. Оған біраз тұлғалар шақыртылды. Бірақ Дума ұзақ жұмыс істемеді, оны Николай ІІ небәрі 72 күннен кейін (көп фракция кадеттер, яғни Ә.Бөкейханның партияластары болса да) тым революцияшыл деп таратты. Депутаттар бұл шешіммен келіспеді және олардың көпшілігі (тек курсанттар мен социалистер) жағдайды талқылау үшін Выборгқа (Финляндия) барды. Содан соң 167 адамнан құралған депутаттар Выборг үндеуіне (1906 жылы 9-10 шілдеде) қол қойып, халықты азаматтық бағынбауға шақырды. Осылайша, бұл өкілді орган – Дума мен патша өкіметі арасындағы саяси қарсыластықтағы алғашқы (!) Заң болды. Ақырында Дума төңкерісінен соң революция жеңіп, Николай ІІ тағына отырмаған інісі Михаилдің пайдасына тақтан бас тартты. Міне, осындай патшалықтың құлауына арқау болған бастаманың басында Ә.Бөкейхан болды. Ол Выборг үндеуіне бірінші болып қол қойған.
Ал Самара архивіндегі құжатта Әлиханның сыртқы келбеті суреттелген. Себебі ол қадағалау агенттерінің бақылауында болды. Агенттердің деректерінде оның құндыз шляпасы, тоны, пальтосы бар деп жазылған. Әлихан өте жақсы, қазіргі тілмен айтқанда сәнді және стильді киінген. Осыдан Самарада қызмет еткен кезде оның табысы оған жайлы өмір сүруге мүмкіндік бергенін білуге болады. Әлихан Самараға Семей түрмесінен шығып, жан сауғалап келді. Анығында, түрмеден кейін өзінің жағдайын қалпына келтіру үшін осындай орынды іздеп, Кадет партиясындағы достарынан көмек сұрады. Осылайша ол 1909 жылы Самарадағы банкке жұмысқа тұрды (Әлиханның банкке орналасатындай білімі болған, ол Ресей империясының ордасы Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде оқыды – А.Ш.). Банк қызметкері ретінде Әлихан қаланың басты көшесінде, банкке жақын жердегі досының үйінде тұрған. Сол досының үйіне жақын жерде банк болды. Естеріңізге сала кетейін, сол кездегі Самара – көрнекті қалалардың бірі, көптеген тұлға қоныстанған сауданың, көпестердің шаһары.
Томскіде 1917 жылы қазанда Жалпысібір съезі болды. Оған Әлихан да қатысты. «Сибирский областной съезд. Октябрь 1917 года» Қорында кейіпкерімнің съезге қатысушы ретінде өз қолымен толтырған сауалдамасы сақтаулы тұр. Сауалдамада Ә.Бөкейхан өзінің жасын 48-де деп жазған. Демек, ол 1870 жылы туған. Қазіргі көп деректе «1866 жылы дүниеге келген» деп көрсетілген.
– Сібір демекші, сіздің зерттеу бойынша Сібір автономиясы мен Әлихан Бөкейханның арасында қандай байланыс бар?
Бұл – менің жұмысымдағы ең маңызды мәселе, ең басты тақырып. Сондықтан мұны түсіну үшін тереңнен таратуға тура келеді. Императорлық Орыс Географиялық қоғамы сол кездегі ең ықпалды ұйым болды. Аталған ұйымның Батыс Сібір бөлімшесіне оның басы-қасында жүрген Григорий Потанинмен қатар Әлихан да мүше болды. Башқұрттың ірі саяси қайраткері Ахмет Заки Уалидов өзінің естеліктерінде Әлихан Бөкейханның оны Г.Потанинмен таныстырғанын және Сібір автономиясы идеяларын бойына сіңіргенін атап өткен. Міне, осылайша ол Г.Потанин және басқа да Сібірдегі тұлғалармен таныса бастады. Олардың серіктестігі дәл осы ХІХ ғасырдың 90-жылдарына сай келеді. Сібір автономиясын құру туралы ой осы уақытта айтылған еді. Ал бұл, меніңше, Ә.Бөкейханның Алашорда автономиясын құру туралы идеясына арқау болды. Осыған қарап, біз Алашорданың тарихы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастау алған дей аламыз.
1918 жылы сәуірде Ә.Бөкейханның Алашорда автономиясын құру туралы Сталинмен келіссөзі сәтсіз болды. Осы сәтте генерал Алексей Гришин-Алмаздың басшылығымен Сібірде құрылған большевизмге қарсы астыртын әрекеттер, келісімдер, қарым-қатынас пайда бола бастады. Бұл жасырын ұйымдардың большевиктерге, большевиктер лагеріне қарсы арнайы желісі болған. Бірақ кейін 1918 жылдың мамыр-маусым айларында Ә.Бөкейхан мен уақытша құрылған Сібір үкіметі арасында тікелей қарым-қатынас орнады.
1917 жылы Әлихан Бөкейхан Сібір облысындағылармен тығыз араласқан. Әлихан Бөкейхан съездер мен конференцияларға белсене қатысты. Айта кетерлігі, сауалдамада «Сібірде қанша жыл тұрдыңыз?» деген сұрақ болған. Ол «38 жыл» деп жазған. Яғни 48 жылдың 38-інде Сібірде тұрдым деп көрсеткен, оның ішінде 4 жыл Санкт-Петербург пен Самарада тұрып, жұмыс істеді. Сол уақытта Әлихан өзін «сібірлікпін» деп санаған. Бұл жерде «сібірлік» ұлтына емес, аумақтық байланыстылығына қатысты айтылған.
1918 жылы көтеріліс барысында большевиктер биліктен айрылып, Уақытша Сібір үкіметінің билігі орнатылды, Семейде Алашорда жұмыс істей бастайды. Жазда Алашорда көшбасшылары Уақытша Сібір Үкіметіне өзара іс-қимыл жолдары туралы хат жолдайды, онда Әлихан Бөкейханның қолы қойылған. Сол хаттың 6-тармағында «Тез арада Ресей империясының барлық шет аймақтары депутаттарының конгресін өткізу және Башқұртстан, Түркістан, Алаш және Сібір кіруі мүмкін федерацияны ұйымдастыру қажет» деп жазылған. Мен мұның тек қана мұсылмандар кірген діни ұйым болмағанына, Түркі республикасы еместігіне, атап айтқанда нағыз территориялық ұйым екеніне назар аударуға тырыстым. Әлихан Бөкейханның бұл идеясынан федерация түріндегі еуразиялық интеграцияның бастау белгілерін байқауға болады. Бұл идеялық ағым кейінірек рәсімделгенімен, шартты түрде Әлихан Бөкейханды тұңғыш еуразиялық деп айтуға болады. Бір өкініштісі, реформатордың идеясы әрі қарай жалғасын таппады.
– Ресейлік депутаттардың «Қазақтарда мемлекет болмаған» деген сөзіне сіз жауап беріп едіңіз. Сондағы дәйекті дәлелдеріңізді айтып берсеңіз.
– Иә, өкінішке қарай, біздің депутаттар «Ешқашан (Кеңес өкіметіне дейін) қазақ мемлекеті болмаған» деп мәлімдеме жасады. Мұндай «көшбасшылар» көбіне Кеңес заманына сілтеме жасағанды жақсы көреді. Жарайды, онда Кеңес кезеңіндегі әдебиеттерді қарайық. 1943 жылы «Қазақ КСР тарихының» алғашқы басылымы М.Әбдіқалықов пен А.Панкратованың (КСРО Ғылым академиясының академигі, олардың ғылыми беделі күмәнсіз) редакторлығымен жарық көрді. Сонымен, аталған кітаптың 94-бетіндегі 9-параграф «Қазақ хандығының білімі мен дамуы» деп аталады, онда «Қазақ хандығының негізін қалаған жаңа мемлекет пайда болды» делінген. Әрі қарай, 95-бетте: «Жас мемлекеттің халқы көбейді. XV ғасырдың 60-жылдары халықтың саны 200 мың адамды құрады. Қазақ хандығының басшысы Жәнібек болды», деп жазылған. 1949 жылы екінші басылым жарық көрді (редакторлары И.Омаров пен А.Панкратова). Бұл сондай «кеңестік тарихнама». Қазақ хандығының құрылған жылы 1465 жыл деп белгіленді (еске салайын: Ресей мемлекетінің «тәуелсіздік алған жылы» Уградағы ұлы тұрыстан кейін 1480 жыл, ал оның 15 жылдан кейін болғаны жақсы да, жаман да емес, жай ғана объективті шындық). Тарихты тек комедиялардан ғана емес, ғылыми еңбектерден, әсіресе Кеңес заманында расталған және теріске шығарылмаған фактілерден зерттеу керек.
– Тарихи зерттеу жүргізудегі ғалымдар жиі жіберетін қателіктер қандай? Және қалай қателеспеуге болады?
– Тарихи оқиғаларды бүгінгі білім мен көзқарас тұрғысында бағалауға болмайды. 100 жыл бұрынғы жағдайға қазіргі ойды телуге келмейді. Бұл тарихты тығырыққа тірейді. Екіншіден, тарих – нақты ғылым. Сондықтан ондағы әрбір тұжырым белгілі бір тарихи деректерге, дәлелдемелерге сүйеніп жазылуы тиіс. Сол себепті де тарихта салмақты дәлелдерсіз аңыздарға негіздеу – кешірілмейтін қателік. Содан соң тарихи зерттеу жүргізетін ғалым тарихи деректердің ішкі және сыртқы сын-пікірлерімен жұмыс істей алуы керек, яғни әдісін білуі қажет. Өзі тапқан дереккөз қаншалықты дұрыс, қайдан алынған, кім қалдырған – осының бәріне көз жеткізуі тиіс. Әр деректі дәлел тұрғысынан қайта тексерістен өткізіп отыруға тура келеді. Үшіншіден, тарихи оқиғаны жалпы тануда, ғылыми жағынан баға беруде оның мәнмәтінінен қандай да бір сөзді немесе ойды ұрлауға болмайды. Мұндайда міндетті түрде сол уақытта әлемде және басқа мемлекеттерде аталған оқиғаға ықпал еткен жағдайларға салыстыру жүргізілуі тиіс. Осы жерде бір нәрсені қоса кетейін, тарихшылар өз елінің тарихын өз еліндегі дереккөздердің шеңберінде ғана зерттемеуі керек. Ал аталған мәселелерді шешудің жолдарына келсек, ғалымдарға отандық және шетелдік зерттеушілермен тәжірибе алмасуды жақсартқан жөн. Ақпараттар, монографиялар, деректерді де өзара талқылау үлкен рөл ойнайды. Өйткені шетелдік немесе бір өңірлік ғалымның деректерін, еңбектерін қолданғанда сол елдің яки өңірдің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін терең түсінуге тура келеді. Ал сол елдің, болмаса өңірдің болмыс-бітімін оны зерттеп жүрген ғалым жақсы және жылдам ұғынуға жәрдемдеседі.
– Кітабыңыз қашан жарыққа шығады?
– Жұмыс бітуге жақын. Кітаптың мәтіні жазылып бітті деуге болады. Алда ірі техникалық жұмыс күтіп тұр. Осы жылдың ортасына қарай аталған жұмыстарды аяқтап қалармын. Сібірде кітаптың тұсаукесерін өткіземін. Сөзімнің соңында өз ойымды, жанашыр тілегімді, ұсынысымды айтқым келеді. Қазақстандағы бір архивтің жанынан Әлихан Бөкейханның қорын құру керек. Мәселен, Орталық мемлекеттік архивтің жанынан құруға болады. Бұл архивтің базасы өте құнды құжаттарға толы. Осы жерде құрылған қорда Әлиханға қатысты жан-жақта (Ресейде, Қазақстанның түкпір-түкпірінде) шашырап жүрген деректер жинақталуы қажет. Қор екі үлкен мәселенің шешімі бола алар еді. Біріншіден, Әлихандай алып тұлғаның мұрасы сақталады. Екіншіден, жас зерттеушілерге құнды құжаттар қолжетімді болады.