Жаңалықтар

Биыл 25-мамырда Әлімхан Ермековтың туғанына 130 жыл толады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.

Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындайбіртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс…», – деп атап өткен болатын.

Биыл Қазақ мемлекеттілігінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, математик, профессор Әлімхан Ермековтің туғанына 130 жыл толады.

Былтыр 15-ші қазан күні Қарағанды техникалық университетінің проректоры Мирас Құттыбайдың бастамасымен Қарағанды қаласындағы Әлімхан Ермеков тұрған үйге мемориалдық тақтайша орнатылған болатын.

«Осы іс-шараға дайындалғанда Әлімхан Ермековтің қай күні туғанын білу үшін алаштанушы ғалымдардан, туған туыстарынан сұрастырған едік. Бірақ, таба алмадық. Күні кеше ғана Томск политехникалық университетінің архивінен Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың туған күні 25 мамыр деген ақпарат алдық», – дейді М.Құттыбай.

Әлімхан Ермеков – 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Бөріктас деген жерде дүниеге келген. Әкесі Әбеу халыққа қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі болған. Томскте оқып жүріп орыстың ойшылдарымен, ғалымдарымен танысады. Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанин Әлімханның бойындағы білімге деген талпынысты көріп, тәнті болады. Қарт Потанин Әлімханға ағалық ақыл беріп, оған: «Әлімхан сенің біліміңол қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқыжәне өзгелерді оқыт» – деп, үлкен үміт артқан екен. Осы сөздерді Әлімхан өмірлік ұстанымына айналдырып, ақтық демі қалғанша ұлтымызға еңбек етті. Григорий Потанин Ермековке бекер назар аудармағанын уақыт дәлелдеді. Әлімхан Ермеков өз қолымен толтырған анкеталарда ағылшын, неміс, француз, итальян тілдерін білетінін көрсеткен. Қызметтес болған, шәкірт болған және Әлімхан Ермековпен өмір жолы тоғысқан тұлғалардың барлығы дерлік Әлімхан жайында жылы лебіз білдірген.

Қазақ автономиясын құруда Ә.Ермековтің өлшеусіз еңбегін зерделей отырып, онан кейінгі жасампаздық жолдары Қазақ елінің шаруашылық жайын қалыптастырып, нығайтуға халықты ағарту сияқты нақты істерге бағытталғандығына көз жеткізуге болады. Қарқаралыда мектеп ашты, Ташкент пен Алматыдағы жоғары оқуорындарында математикадан дәріс оқыды. «Ұлы математика курсы» 1-бөлім (1935), «Қазақ тілінің математика терминдері» (1936) атты оқулық, кітаптарды жарыққа шығарды. Қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профессоры атағын алды. Сонымен бірге нағыз білім мен біліктілікті қажет ететін сала — Халық шаруашылығын жоспарлау комитетінде және басқада жауапты қызметтерде болады. 1929-1930 жылдары бір топ қазақ зиялылары абақтыға алынып, тергеуге түскенде, Ә.Ермековті де түрмеге қоса қамады. Алаш ісінің мүлдем құртылып, ұрпақтық сабақтастық үзіліп қалмау және ұлт зиялылары болашақты ойлап, Алаштың жас түлек-дарындары М.Әуезов пен Ә.Ермековті сақтап қалу мақсатында олар, «кінәларын мойындап» сол жолы бостандыққа шығады.

Алайда 1937 жылғы қара бұлт Ә.Ермековтің басына тағы да үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейін жаламен қайта ұсталып, 1958 жылы босайды. 1957 жылы 26 қарашада толық ақталып, Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде математикадан дәріс оқиды. Әлімхан Ермеков 1970 жылы қайтыс болады.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button