Жаңалықтар

Ахаңның мерейтойына Үкімет үн қосты

2022 жылы Ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Осыдан бір ай бұрын сенаторлар Ахаңның мерейтойын кең көлемде атап өту жөнінде бастама көтеріп, Үкіметке хат жолдаған болатын. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы әлеуметтік желідегі парақшасында депутаттық сауалдың жауабын жариялады.  

«ҚУАНЫШТЫ ХАБАР!!!

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жылдық мерейтойының өткізілуі туралы осыдан бір ай бұрын жасаған депутаттық сауалымызға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминнің атынан жауап хатты алдық. Сөзбе-сөз үтір-нүктесіне дейін танысуларыңызға ұсына отырып, сауалымызда көтерілген мәселелердің шешімін табатынына Сіздерді сендіргіміз келеді. Оның үстіне, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланған сауал болғандықтан, халықтың көңілінде жүрген мазалы ойға жауап беру міндетіміз екенін ұмытқан жоқпыз»

Премьер-Министр А. Маминнің жауапхатынан депутаттар көтерген бірқатар бастамаға қолдау болатынын аңғаруға болады:   
Құрметті депутаттар!
Сіздердің көрнекті тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алаш қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын 2022 жылы мемлекеттік деңгейде атап өту мақсатында Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ұйымдастыру үшін Премьер-Министрдің өкімімен арнайы комиссия құрылды. Премьер-Министрдің орынбасары төрағалық ететін комиссия құрамына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары, сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін зерттеп, мұраларын жинақтап жүрген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері енгізілді.
Сонымен қатар, А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар жобасы (бұдан әрі – Жоспар) әзірленді. Жоспарда қамтылған 42 іс-шараны іске асыруға қажетті 55,9 млн теңге көлеміндегі қаржы республикалық бюджет комиссиясында қаралып, мақұлданды.
Жоспарға сәйкес мерейтой жылы аясында:
– «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясын, ғалымның еңбектерінің толық жинағының көптомдығын әзірлеу және баспадан шығарып тарату;
– А. Байтұрсынұлының қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы қойылымдық-деректі фильм түсіру;
– Қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық Түркиялогиялық конгресс өткізу;
– Қазақ тілі мен әдебиетін үйретуге арналған «Тіл – құрал» атты арнайы танымдық, зияткерлік телебағдарлама ұйымдастыру жоспарланған.
Сонымен қатар, Жоспарда Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» жеке меншіктен қала меншігіне өткізу мәселесі қарастырылған.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында оның еңселі ескерткішін Елордада орнату мәселесін қарастыруда.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық монеталар, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мерейтойлық маркалар шығарады.
Аталған мерейтойды ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізу туралы өтінім Ұйым Хатшылығына 2020 жылы 25 қарашада ресми түрде (Беларусь, Тәжікстан, Түркия және Иранның қолдауымен) енгізілді. Ұйым тәртібіне сәйкес мүше мемлекеттердің өтінімдері ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің отырыстарында қарастырылып, ү.ж. қараша айында өтетін Бас конференция барысында бекітіледі.
А. Байтұрсынұлы өмірге келген Сарытүбек қоныс орны «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында аймақтық маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізілген. Киелі жердің аумағына Байтұрсынұлы әулетінің қорымы мен тұлғаның өмірге келген үйі кіреді.
2010 жылы тұлғаның туған үйінің орнына сол кездегі үлгіде «қоржын үй» қайта тұрғызылған. Бүгінгі күні бұл үйді қазіргі заман талаптарына сай етіп қайта салу оның тарихи мазмұнын төмендететіні ескеріліп, үйді осы күйінде сақтай отырып аумағын абаттандыру жүргізіледі. Аталған объектінің аумағын абаттандыру (тас төсеніштер төсеу, ағаш отырғызу, сыртқы қоршау орнату), сонымен қатар нысанды күтіп ұстаушы отбасы тұратын және келушілер орналасатын үйлер салу жобасы әзірленуде.
Киелі нысанның аумағындағы Байтұрсынұлы ұрпақтары қорымының сыртқы қоршауы 2019 жылы толық ауыстырылып жаңадан орнатылған.
А. Байтұрсынұлы атындағы ауыл Қостанай облысының Жангелдин ауданында орналасқан. Ауылға баратын жолдың жалпы ұзындығы 121,3 км, оның ішінде облыстық маңызы бар 14 км жақсы жағдайда. Аудандық маңызы бар 107,6 шақырым жолдың 11,4 шақырымына биыл 567 млн теңгеге жөндеу жүргізіледі. 96,2 км жолды жөндеу мәселесі Қостанай облысы әкімдігімен қарастырылуда.
Сонымен қатар, А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған өңірлік іс-шаралар жоспарлары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстар әкімдіктерімен қабылданатын болады.
Жалпы ұлт мүддесі жолында қызмет еткен біртуар тұлғалар есімін ардақтау, олардың мерейтойлық даталарын атап өту бағытындағы жұмыстар Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
А. Мамин
Сенатор Алтынбек Нұхұлы осы қуанышты жаңалықты жариялай отырып, кейбір өзекті мәселелер мен маңызды ұсыныстарды да айтып өтті. 
«Міне, қуанышты хабар деп отырғаным, депутаттық сауалымызда айтылған мәселелердің көбі қамтылғандығы. Ұлттың рухани көсемі, Ұлт ұстазы деген аса мәртебелі даңқты аттың иесі Ахмет Байтұрсынұлы туралы, арда туған Қазақ Елінің мақтанышының тарихи орнын жоғары дәрежеде аталып өтетіндігі қуантады.
Оқу мен білім, мәдениет, өркениетті дамыту ісіне айрықша зор үлес қосып, бала Ахметтен дана Ахметке дейінгі жолдан өткен, “Қазақ даласы мен санасының шамшырағы”, қазақ атты ұлтын ұлықтаған ұлттың ұлы да ұлағатты ұстазы – халқына жол нұсқап, жарқын болашаққа бастаған, бойына сан алуан қабілетті сыйғызған ғалым-энциклопедист тұлғаның ойшыл көзқарастарын бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау жолында жасалатын іс-шаралардың ауқымды болуы, заман талабы деп білуіміз керек.
Әрине, айтылу мен жазылу бар да, оның орындалу барысы, яғни нақты нәтижелігі бір басқа. Сондықтан бұл іске де кірісіп кеттік десем артық айтпаған болармын деп ойлаймын. Себебі, Сенат басшылығының осы депутаттық сауалдың орындалу барысын қадағалау мойныңызға жүктеледі деген сөзі – жауапкершілікті қосымша күшейткені мен үшін парызды міндет.
Сонымен, Депутаттық сауал жасалған күннен бастап, өте көп азаматтардың хабарласқандығын және олардың қалай осы іс-шараларға ат салысқысы келетіндігі, мені өте қуантты. Көзтаныс бұрынғы әріптестерім – ректорлар қауымдастығының мүшелері (осы жерде айтатыным, жалпы идеология мәселесінде жоғары оқу орындары ректорларының ролі өте маңызды, бұны мен бірнеше оқу орнын басқарған басшы ретінде айтуға құқығым бар деп есептеймін), Елорда, Алматы, Қостанай әкімдіктері, Мәдениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылықтағы мемлекеттік қызметкерлердің және Министрліктер қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары мен мұрағат пен музейлер қызметкерлерінің қолдап жатқандығы туралы қысқаша тоқталып өту – алдағы атқарылар істерге бағыт-бағдар беруде керек шығар деп ойлаймын.
Бәріне бірдей тоқтау мүмкін емес болғандықтан Ахаңның туған елі – Қостанай облысы әкімдігінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Бақыт Есімова, Қостанай өңірлік университетінің ректоры Алма Дощанова, Арқалық педагогикалық институтының ректоры Сейтбек Қуанышбаев мырзалармен жаз айларында Ахмет атамыздың ауылына сапар шегуді жоспарлап қойдық.
Ахаңның 150 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған өңірлік іс-шаралар жоспарлары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстар әкімдіктерімен қабылданатын болады – деген Үкімет жауабына сәйкес Еліміздің басты университеттері – Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Ерлан Сыдықов) пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорлары (Жансейіт Түймебаев) тарих және тіл білімі салаларының мамандары ретінде де аянбай ат салысатындарына күмәніміз жоқ. Жалпы барлық білім саласындағы әртүрлі деңгейдегі оқу орындары (ЖОО, колледж, мектеп) үшін бұл бұлжымайтын парыз екендігін есте сақтауымыз керек.
Мәдениет министрлігінің Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба мырзамен болған кездесуде осы мәселелерді кеңінен талқыладық. М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов пен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова ханымдар академиялық көптомдықты дайындау жұмыстарын бастауға дайын екендіктерін білдіріп жатыр. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы “Алаш” ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлының 12 томдық жұмыстарды бастап кеткендігінен хабардар болдық.
Әрине, осы Алаштану тақырыбында көптен бері қалам тартып жүрген профессор Айгүл Ісмақова, Еуразия ұлттық университетінде журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ мырзалардың, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет ханымдардың білек сыбана кірісуге дайын екендіктері туралы жекелей әрбіреуімен сөйлескенім және қолдау тапқаныма, ол кісілерге ризашылығымды білдіргім келеді. Ахаңның немерелес туысқаны Қайрат Қабыловтың “Ұлт ұстазы” туралы жарияланбаған еңбектер бар деп қуанта хабарласқандығын да айта кетуді жөн деп санаймын.
Жалпыреспубликалық жасалынған жоспар бойынша еңселі ескерткіш Елорда төрінде пайда болады дей отырып және деректі жаңа толыққанды фильмнің түсірілуі – бүгінгі және болашақ ұрпақты ұлттық мүддені жоғары қоя білетін нағыз ұлтжанды патриот азаматтарды тәрбиелеуде әсері зор болады деген үміттемін. Пандемияға байланысты экономика саласындағы қаржылық қиындықтардың уақыты өткен соң, Ахаңның ескерткіштері басқа қалаларда да бой көтереді деп ойлаймын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар демекші, ең бастысы – Ахаңның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуі туралы шешімді жыл соңындағы осы ұйымның қараша айында өтетін Бас конференциясында бекітілуін тілейік»
Алты Алашқа ортақ алып тұлға, ұлт қайраткері, аса көрнекті ағартушы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы реформатор, Алаштың рухани көсемі Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлеміндегі мерейтойлар тізіміне еніп, жоғарыдағы жоспар толық жүзеге асса Алаштың рухы асқақтап, елдік мақсат орындалар. Ахаңның мерейтойы – Алаштың мерейі. Осы игіліктердің орындалуына біз де шынайы тілекшіміз!
alash24.kz 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button