Абай мұрасы – Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде

Ұлт-азаттық Алаш қозғалысы саяси күш ретінде тарих сахнасына шыққан ХХ ғасыр басында халықтың рухани өміріне серпіліс әкеліп, оны қараңғылық ұйқысынан оятқан бірнеше айтулы жағдай орын алғаны белгілі. Ұлттық баспасөздің тууы, кітап шығару ісінің артуы, сауда капиталының көбеюі, жазба әдебиеттің дамуы, әдебиетте жаңа жанрлардың пайда болуы, театр өнерінің өмірге келе бастауы сынды маңызды оқиғалар  халық өмірінде елеулі орын алды. Солардың қатарында Абай кітабының баспадан жарық көргені – қазақ қоғамында айтулы мәдени жаңалық болып саналды. Ұлы ақын сөзі ХХ ғасыр басында қалың бұқараға тарап, қазақ жұртының санасына сәуле төгіп, мәдениетті жұрттар қатарына ұмтылуға жұмылдырды.

Қалам ұстаған оқыған қазақ кемел ақын мұрасымен танысқаннан кейін, сөзін мысал етпей, тағылымынан тәлім алмай, даналығын ескермей өлең де, мақала да, зерттеу еңбек те жазбады. Абай туындыларымен танысқан ескі сүрлеумен өлең жазатын ақындар шығармашылыққа сыни көзбен, жазғанына биік талғаммен қарады. Шын мәнінде, Абайдың ұлы даналық қағидалары ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдени өмірінде айрықша сипатқа ие болды. Аталған уақытта, әсіресе алғашқы ұлттық басылымдардың беттерінде ұлы ақын есімін, шығармаларынан үзіндіні үнемі оқымасақ та, кемеңгерлік ой-тұжырымдарын, философиялық, гуманистік пікірлерін аңғара аламыз. Абайды қазақ жұртына алғаш танытқан алаш оқығандары болды. Сол арқылы олар Алаш қозғалысының рухани негіздемесіне ақынның терең философиялық, ұлы гуманистік, елді бірлікке шақырған саяси-әлеуметтік ойларын негізге алды.

Көрнекті ағартушы, ақын, журналист, ғалым, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937) әдебиеттану, тіл білімі, түркітану, педагогика, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, журналистика салалары бойынша мол мұра қалдырды. Алаш арысының ғылыми-шығармашылық мұрасында Абайдың алар орны бөлек. Абайды қазақтың бас ақыны деп таныған А.Байтұрсынұлы ұлы ұстазының сөзін қашанда ғибрат тұтқан. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық байланысты А.Байтұрсынұлының өлеңдерінен, аудармаларынан анық көре аламыз.

Ақынның «Маса» жинағына енген өлеңдерінің құрылымы «Қырық мысалмен» салыстырғанда біршама қалыптасқан. Аударма емес, төл туындылары болғандықтан, өлең құрылысы, ұйқасы жағынан әртүрлі. Оның негізгі себебін А.Байтұрсынұлының Абай өлеңдерінен сусындап, мазмұндық, пішіндік жағынан үлгі болатын шығармалармен танысқанында деп есептейміз. Абайдың 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағын оқығаннан кейін жазған өлеңдерінде А.Байтұрсынұлы өлең құрылысында пішіндік ізденіске барады. Осы орайда данышпан ақынның жақсы дәстүрінің жалғастығын А.Байтұрсынұлы шығармашылығында байқаймыз. Абайда кездесетін ұйқас түрлері, өлең өлшемі А.Байтұрсынұлының «Маса» жинағындағы туындыларда қайталанады. Абайдың ақындық мектебінен А.Байтұрсынұлының үлгі алғанын, өлең өрнегіндегі жақсы дәстүрді жалғастырғанын академик З.Ахметов былай деп жазады: «Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріндегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес дейміз. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың – Шәкерім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады» (Зәки Ахметов. Кемел ақын, кемеңгер ойшыл. Кітапта: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. – 1995. 28 б.).

Абай шығармаларының А.Байтұрсынұлы өлеңдеріне пішіндік жағынан әсер еткеніне бірер мысал.

Түсіне қарап,

Ішінен түңілме.

Күшіне қарап,

Ісінен түңілме.

А.Байтұрсынұлының бұл өлең өлшемі «Қырық мысалда» кездеспейді. 5 буынды 2 бунақты тармақ. Шалыс ұйқас үлгісімен жазылған өлеңде екінші бунақ қайталанып отырады. Әр тармақтың бірінші бунақтары ұйқасады (түсіне-күшіне, ішінен-ісінен).

Су түбінде жатқан зат

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады.

«Жадовскаядан» аударма өлеңі 7 буынды, 2 бунақты шалыс ұйқаспен жазылған. Бұл туындының ұйқас түрі де «Масада» кездеспейді. Ал ақынның «Жиған-терген» өлеңінде Абайдың «Сегіз аяғының» үлгісі көрініс табады:

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш, көзіңді, оянып!

Қанған жоқ па, әлі ұйқың?

Ұйықтайтын бар не сыйқың?!

Шығармада ұйқас түрі, буын өлшемі, тармақтардың рет саны ұлы ақынның өлеңін жалғағандай. Абай өлеңіндегі құрылым тұтас сақталған. 8 тармақты шумақта Абайдың «Алыстан сермеп» өлең формасы қайталанады. 1, 2, 4, 5 тармақтар – 5 буыннан; 3, 6, 7, 8 тармақтар – 7 буыннан. Ұйқасына қарасақ, шумақтың 1, 2 және 4, 5 тармақтары өзара үйлеседі де, буын саны артық 3 пен 6 тармақтар бір-бірімен үндеседі. Шумақтағы ойды қорытындылайтын 7 мен 8 тармақтарда бөлек ұйқас берілген. Осы ұйқас түрі ақынның «Жауап хаттан» өлеңінде де кездеседі.

Өлеңнің құрылымын терең түсінген А.Байтұрсынұлы дәстүрлі шумақтағы тармақ санын, тармақтағы буын ретін, бунақтардың орналасу тәртібін, ұйқасатын бунақтағы буын мөлшерін жақсы білген. Тегінде, өлең сынды құрылысы жүйелі өнер туындысының тәртібін ақын бірден сезген. Айтпағымыз, А.Байтұрсынұлы ­– табиғатынан талантты ақын. Оны «Маса» жинағындағы өлең жүйесінен анық көреміз. Ал өлеңнің теориясын алаш білімпазы кейін «Әдебиет танытқыш» ғылыми еңбегінде тұжырымдайды.

«Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының тарихындағы тұңғыш теориялық еңбек. Кітап жарық көрген 1926 жылға дейін қазақ сөз өнері көркемдік-жанрлық жағынан айтарлықтай жетістікке жетті. Жазба әдебиеттің поэзия, проза, драма сынды үш жанрында да көркемдігі биік шығармалар жазылды. А.Байтұрсынұлына «Әдебиет танытқыштай» зерттеуді ерте жазуға заман мүмкіндік бермеді. Патша кезінде ұлт-азаттық Алаш қозғалысының көсемдерінің бірі, рухани жетекшісі болған қайраткер саяси қуғын-сүргін көре жүріп әдеби туындыларын, аударма кітаптарын, оқу құралдарын жариялады. Алаш қозғалысының үні – «Қазақ» газетін шығарып, әдеби тілді қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Алашорда тұсында, Қазақ автономиясы құрылғанда Оқу комиссиясының төрағасы болып, қазақ білімпаздарына мектепке оқу құралдарын, оқулықтарды жазу ісін ұйымдастырды. Ұлт үшін осынша қажырлы қызмет істеген ағартушы, ғалым әдебиеттің теориясын зерттеп, ұлттық әдебиеттану ғылымының басында саналатын еңбек жазды. Шын мәнінде, «Әдебиет танытқыш» ұлт әдебиетінің өркендеуіне, ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына қосқан үлесін ғалым еңбегі ақталғаннан кейін ғана зерделедік. Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдарында ғылыми еңбектің құндылығын бағалаған зерттеулер, диссертациялық жұмыстар жазылды.

Ғылыми тақырыпты талдауға, теориялық тұжырымды ойды пысықтауға еңбекте ауыз әдебиеті үлгілерінен шығармалар алынған. Сонымен қатар, жазба әдебиеттен көп мысал келтірілген. Солардың ішінде ең көп мысал Абай өлеңдерінен ұсынылған. Бұл жағдай зерттеушінің ұлы ақын туындыларын жетік білетіндігін танытады. Екіншіден, ғалым үшін Абай шығармаларының көркемдік-эстетикалық қуаты, идеялық-мазмұндық әсері, тәрбиелік-дидактикалық қыры жоғары екендігін айғақтайды.

Еңбектің «Көрнек өнерінің атаулары» деген алғашқы тақырыбынан бастап, соңына дейін Абайдың өлеңдерінен үзінді берілген. Көрнек өнерінің бес тарауының ішінде сөз өнерінің асыл сөз, әдебиет екенін ұғындырып, төрт мысал ұсынған. Соның үшеуі Абайдан алынған: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңдері. Абайдың әйелді сымбаттайтын, күзді суреттейтін, ән мен күйді сипаттайтын өлеңдерін келтіріп, сөз өнерінің көрнек өнерлерінің ішіндегі құдыретін, ерекшелігін түсіндірген (Байтұрсынұлы Ахмет. Алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Ел-шежіре», – 2013. Т. І, 151-154 бб.).

«Сөз өнері» атты тақырыпта «Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» (Сонда, 155 б.), – деп Абайдың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты шығармасының бір шумағын мысалға алған. Ұлы ақынның өлең сөзге берілген бағасын талдап, көркем туынды жазуға әркімнің талабы барын, әркім өзінше құрастыратынын, шебер ақындар ғана сөз қисынын табатынын жеткізген. Сөз өнерінің сипатын анықтағаннан кейін, ғалым көркем шығарма табиғатын ұғындырған. Бұл ойы «Шығарма сөз» тақырыбында қорытындыланған. Көркем шығарманың бәрінде «Айман-Шолпан», «Бақытсыз Жамал», «Қобыланды батыр», «Атымтай Жомарт» сынды тақырып бола бермейді, көбінесе өлеңді алғашқы тармағын ғана айтып белгілейміз деп талдаған. «Абайдың өлеңдерінде тақырып қойылмаған сөздер көп. Оларды атағанда алдыңғы сөздерін айтып, атаймыз: «Өзгеге көңілім тоярсың», «Келдік талай жерге енді» деген өлеңі дейміз» (Сонда, 156 б.), – деп мысал келтірген.

Зерттеуші өлең сөздің түрін түсіндіргенде – «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»; тіл анықтығын жазғанда – «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?»; кейіптеуді талдағанда – «Қыс», Лермонтовтан аударған «Теректің сыйы»; мегзеуді ұғындырғанда – «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»; әсерлеуді айтқанда – «Келдік талай жерге енді»; сөйлеу әуезділігін зерттегенде – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»; жалғасыңқы оралым тақырыбын ашқанда – «Жаз»; өлең шығаруды баяндағанда – «Сегіз ақ» сынды Абай туындыларын мысалға келтірген. Осылайша, еңбектің өне бойынан автор ойын дәйектеп жеткізуге, теориялық тақырыпты пысықтауға ұлы ақынның өлеңдері жиі талданған.

А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» теориялық еңбегінде Абайдың мына өлеңдері аталып, көбінен мысал келтірілген: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Келдік талай жерге енді», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»,

«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Қыс», «Теректің сыйы», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Ем таба алмай», «Білімдіден шыққан сөз», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Жаз», «Сегіз аяқ», «Көлеңке басы ұзарып», «Интернатта оқып жүр», «Бойы бұлғаң», «Мәз болады болысың», «Адамның кейбір кездері».

Аталған өлеңдердің басым бөлігінен ғалым ойын дәйектеу үшін мысал алған. Бірінен бір, екі шумақтан болса, көбінен бес, алты, одан да көп шумақ үзінді ұсынған. Бұдан бөлек ғалым зерттеуінде Абайдың «Ескендір» поэмасын, қара сөздерін де атайды. Алайда олардан мысал сөз келтірмеген.

А.Байтұрсынұлы кейде теориялық ойын тарқатып, тақырыпты жеткізу үшін Абайдың есімін қосып сөйлем құраған. Мысалы алмастыру троптың түріне ғалым мынадай сөйлем келтірген: «Абайдың сөзінен яки кітабынан көшіріп жаз деудің орнына «Абайдан көшіріп жаз» дейміз. Сөзінің орнына иесін айтамыз» (Сонда, 177 б.). Мезгеу тақырыбын талдағанда былай деп жазған: «Абайдай  ақын  қазақтан  туа  бермейді  ғой  деудің  орнына Абайлардай  ақын  қазақтан  туа  бермейді  ғой  дейміз.  Мұнда Абайлар мезгеу болады» (Сонда, 184 б.).

Енді бірде Кәкітай Ысқақұлының «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты мақаласынан үзінді береді де, кейін сөйлемді тіл анықтығы тақырыбының мақсатына байланысты өзгертіп құрастырған: «Абай  ұрыға  қас  еді,  ұры  ауылының  маңына  жоламаушы еді». Мұнда «ұры ауылының маңына» Абай «жоламаушы еді» деп те ұғуға болады, ұры Абай «ауылының маңына жоламаушы еді» деп те ұғуға болады» (Сонда, 167 б.).

Шұбалаңқы айтылған, «сөйлемдердің құралу, құрмаласу, сабақтасулары шатақ келтірілген», тыныс белгілері орнына дұрыс қойылмаған мысалға Кәкітай Ысқақұлының Абай туралы жазған мақаласынан мына үзінді алынған:

«1) Өз  әкесі  Құнанбай…  уақытындағы  елдің  құр  мұсылманмын  дегеннен  басқа  діннің  не  екенін  білмей  қан  жеп, неше түрлі ырымдарға табынып жүргеніне қатты тыю салып, анық  шариғат  қоспаған  істі  қылған  ғайыры  бұзықшылық  іс қылғандарға  бек  ауыр  жаза  салып,  халық  ауыл  басы  молда ұстатып,  қадары  қал  ғылымның  жолын  көрсетіп,  үлгі  салған еді».

2) Соңғы уақытта Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза бастаған соң бұрынғы ақындар надандықпен өлеңді өнер орнына  ғибрат  үшін  айтпай  тіленшілік  орнына  айтқандықтан ақындықтың да, өлеңнің де қазақ ортасында бағасы кеткендігін айтып, өзін олардың ретінен басқа қылып, алмақ пайда үшін емес,  халықты  ұмтылтып,  көңіл  көзін  ашпаққа  ғибрат  үшін жазғанын білдіріп, өлең шығарған.

3)  Сол  себепті  жазушылықтың  өзі  де  екінші  дәрежеде қалып  салақ  болып,  берірек  ұлғайыңқыраған  кезінде  өкініш түсіп, жасында ғылым жолында болмай, қазақтың айқайымен жүргендіктен, кешірген өмірінің, жазған өлеңінің ретсіз болып яки ғибрат алмаққа жарамайтындығын, ақылға сыйымсыз жері болса, кейінгі замандағы сынаушы жастардан өзінің тәрбиесіз, үлгісіз  өскен  өмірін  айтып,  надан  елдің  ішінде  неше  түрлі машақат,  әурешілікпен бойды ыза  кернеп,  өткен  қатам  болса аяп, аз сөге көріңдер деп жазғаны – «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?..» (Сонда, 167 б.).

 Бұдан түйетініміз, ғалым еңбек жазғанда Абай шығармаларын ғана пайдаланбаған, ол сонымен қатар ұлы ақын бейнесін үнемі ойында ұстаған. Абаймен ойша тілдесіп отырған. Ақын туралы қосымша материалдарды да пайдаланған. «Әдебиет танытқыш» зерттеуін жазғанда Абайдың өлеңімен бірге, оның есімін де, ақын жайында қосымша деректерді де қаперде ұстап, оларға қайта-қайта оралып отырған.

Абай өлеңі мысал ретінде жиі ұсынылған «Әдебиет танытқыш» зерттеуінде ұлы ақынның қазақ әдебиетіндегі орнына берілген баға бар. «Жазу әдебиет» тақырыбында алаш ғалымы жазба әдебиетті «Діндар дәуір», «Ділмар дәуір» деп екі кезеңге бөліп қарастырады. Одан кейінгі кезеңде әдебиеттің жаңа дәуірін «Сындар дәуір деп жүйелеген. Сындар дәуірінде әдебиетке сын айтылады, бұрынғы кезеңдерде міні көрсетілмеген деп сипаттайды. Бұрынғы ақындар сөзін мінсіз етіп шығара алмаған, сөзге сын айтатын, оның ішін тексеретін тыңдаушының да білімі ақындардікіндей болмаған деп ескереді. «Қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандыру, тұлғасын түзеу» Еуропа әдебиетінен үлгі алған ақындарда шыға бастады деп қазақ сөз өнерінде Абайдың орнын былай бағалайды: «Қазақ әдебиетінің асылдануына әсіресе әсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанмен, олар асыл сөздің жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ. Сондықтан қазақ әдебиетінің сындар дәуірі Абай сөздерінен басталады» (Сонда, 324 б.).

Сөздің асыл болар сырын Абай түсінген, сөзді сынаған. Абай сөздің сырын ғана ашып қоймаған, ол өзі де асыл сөзді тудырған деп жаңа сападағы жазба әдебиеттің басы Абайдан басталу себебін айқындаған.

А.Байтұрсынұлы асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды деген тұжырымды ой айтады. Жиырмасыншы жылдарда көркем әдебиет туралы айтыстарда ең даулы болған тақырыптың бірі – адам оқумен, үйренумен ақын бола ала ма деген мәселе еді. Пролетариаттық, таптық ұстанымдағы сыншылар кедейден ақынды оқытумен, үйретумен тәрбиелеуге болады деген пікір айтқанда, алаш ұстанымындағы қаламгерлер ақын болу үшін адамда табиғи талант, Құдайдың сыйы болу керек деген ой қорытты. А.Байтұрсынұлының «асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды» деген тұжырымы оқытумен, үйретумен ақынды тәрбиелеуге болады деген пролетариаттық ұстанымдағы тапшыл сыншылардың ұғымын терістейді.

Ғалымның пікірінше, асыл сөздің сипатын білу ақынға да, тыңдаушыға да керек. Егер асыл сөздің сипатын білсе, ақын сөзін таза, мінсіз шығарады, тыңдаушы ақын сөзін бағалай алады деп, Абайдың ұлттық жазба әдебиеттің түрленуіне, мазмұндық жағынан өркендеуіне сіңірген еңбегін көрсетеді: «Абайдан кейін сөзге талғау кіреді. Айтушы да, тыңдаушы да  сөзді  талғайтын  болды,  олай  болғаны – Абай  асыл  сөздің айқындап нұсқаларын көрсеткеннің үстіне, аз да болса асыл сөз сипаттарын айтып та жұртты хабардар қылды. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінде жақсы өлеңнің сипаттары да, қазақ ақындары мен тыңдаушылардың жоғарыда айтылған асыл сөзді танымайтын надандықтары да айтылып, аз да болса мағлұмат берілген (Абайдың сол өлеңін оқу), сүйтіп, асыл сөздің сипаттарын білу жалғыз ақындарға емес, әр адамға керек» (Сонда, 325 б.). Тыңдаушы жақсы сөзді сынай білсе, талғамын күшейтеді, өз кезегінде ол жағдай әдебиеттің дамуына ықпал етеді деген мазмұнда пікір білдіреді.

Алаш ғалымы «Әдебиет танытқыш» кітабында Абай мұрасынан мысалды көп келтіріп, ұлы ақынның ұлттық әдебиет тарихындағы орнын жоғары бағалауымен қатар, кейбір өлеңдерінің сыртқы пішініне, яғни өлең құрылысына сын айтады. Зерттеудің «Өлең ағындары» атты тақырыбында  мысалды Абайдан, Мағжаннан, Нысанбай жыраудан, төл туындыларынан, Орақұлы Әлібектен, «Ер Тарғыннан», ескі жырдан келтіреді. Осы тақырыпта «Бас бунағы бірыңғай емес өлең» деп Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» туындысын талдайды. Абай өлеңінде бірінші бунақ: 4–3–4, екінші бунақ: 3–4–4, үшінші бунақ: 4–3–4, төртінші бунақ: 3–4–4 ретімен жазылған деп көрсетеді (Сонда, 233 б.). Тармақтағы бунақтарды орындарымен ауыстырып, үш үлгі жазып, «Абайдың бұл өлеңін 1-ші ағыннан гөрі 2-ші ағынға түсіргенде сөздерінің ыңғайы жақсы келеді», – (Сонда, 233 б.), – деп ой қорытады.

Абайдың кейбір өлеңдерінде бунақтардың жүйемен келмейтініне сынды А.Байтұрсынұлы ең алғаш «Қазақтың бас ақыны» мақаласында айтқан. Бұл талдаудан санаткердің ақындық талантын да, теориялық білімін де, сыншылдық қабілетін де байқаймыз: «Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген, сондықтан өлеңі қай тарапынан болса да толық. Жалғыз-ақ міні бар: ол мін – өлең бунақтары тексеріліп, орнына қойылмағандық. Оны оқығанда, я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді. Мысалы, төселіп желіп келе жатып, шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып, текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтарын алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын» (Сонда, 144 б.).

Алаш ғалымы Абай өлеңдерінің мазмұнын, идеясын жоғары бағалап, құрылымына, сыртқы пішініне сын айтқан. Ол ерекшелік ақын туындылары кейін хатқа түскенде жіберілген болу керек деп ой түйеді. Келешекте өлең тармағандағы бунақтардың орнын жүйелеуге, тәртіпке келтіруге болады деп ескертеді. Осы орайда сыншының тіліне назар аударамыз. Көркем шығармаға талдау жасағанда құрғақ ғылыми стильді қолданбайды. Ойын көркем образ, сурет арқылы жеткізеді. Өлең тармағындағы бунақтарда буын ретінің бір жүйеде болмауын «төселіп желіп келе жатып, шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып, текіректеп кеткен сияқты» деп көркем теңеумен түсіндіреді. Зерттеудің оқырманы, өз күнін жылқы үстінде өткізетін қазақ баласы бұл мысалдан автор ойын көркем түсінеді. Қазақ тұрмысынан алынған мысал автордың айтар ойын тез ұғуға көмектеседі.

А.Байтұрсынұлы өлең сөздің сыр-сипатын, құрылымын, жүйесін, жасалу жолын, ұйқасу тәртібін жақсы меңгерген. Алдымен жинақтарын жариялап, теориялық зерттеу еңбегін кейін жазған білімпаздың өлең жазуда биік талғамы байқалады. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының көбінде ұшырасатын өлең тармағындағы артық буын, құрылымдағы жүйесіздік, шумақтағы қосылып кеткен тармақтар А.Байтұрсынұлы туындыларынан сирек кездеседі. Ақын өлеңін мейлінше тәртіппен, бастапқы қалыппен жүйелі жазуға ұмтылған. Көрікті ойын өлең арқылы көркем жеткізген суреткер туындыларының ағартушылық, саяси-әлеуметтік, дидактикалық, философиялық мазмұнына байланысты олардың өлшемін де түрлендіріп отырған. Бұл орайда ақын өлеңдерінде мазмұн мен пішін сабақтастығын байқаймыз.

«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған» (Сонда, 144 б.), – деп «Қазақтың бас ақыны» мақаласында жазғандай, А.Байтұрсынұлының шығармашылығында Абайдың орны өз сөзімен айтқандай, «төрде емес, тақта» болды. ХХ ғасыр басында Абай сөзінен нәр алған кез келген сыншыл қазақ ақыны көркем шығармашылыққа көзқарасын өзгертіп, жазған өлеңіне жоғары талаппен қарады. Солардың қатарында А.Байтұрсынұлы да табылды деп айтамыз. Біле білсек, 1911 жылы «Маса» жинағынан кейін А.Байтұрсынұлы жеке өлең кітабын шығармады. Оған санаткердің журналистік, ғалымдық қызметі, ағартушылық еңбегі, қоғамдық-саяси күресі өлең кітабын жариялаудан алшақтатты дей аламыз. Сонымен бірге, А.Байтұрсынұлына өлеңнен алыстап, жеке жинағын шығартқызбаған өзінің сыншылдығы, шығармаларына Абай биігінен талап қойғандығы да әсер етті деп есептеуге болады.

Алаш білімпаздары Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлының (1894-1938) құрастырған ІІІ-IV жылдарда оқытылатын  «Оқу құралы» атты еңбек алғаш рет 1923 жылы басылған. Содан кейін жаңа бағдарлама шығуына байланысты кітап толықтырылып, бірнеше рет жарық көрген. «Кітапта Шоқан Уәлиханұлы, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарыұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабайұлы, Бейімбет Майлыұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды ұлт зиялыларының төл туындыларымен қатар Л.Толстой, Тимирязев, Н.Рубакин, Ленин, Троцкий, Н.М.Покровский, С.Мстиславский т.с.с. қаламгерлердің аудармалары да қамтылған» (Шонанұлы Телжан. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том. / Құрастырып, түсініктерін жазған – филология ғылымдарының докторы О.Жұбаева. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты. – 2017. Т.4: – 250 б.), – деп көрсетеді А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлы еңбегін құрастырып, ғылыми түсініктерін жазған О.Жұбаева. Оқу құралын құрастырушы еңбекте А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының шығармалары да берілгенін, бірақ олардың авторлығы көрсетілмегенін ескереді.

Оқу құралында Абайдың «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» (Аттың сыны), «Теректің сыйы» (Лермонтовтан), «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңдері ұсынылған.

«Әдебиет пен тұрмыс, еңбек» атты І бөлімде ескі және жаңа оқу, табиғат көріністері туралы мәтіндерден кейін жыл мезгілдеріне арналған көркем туындылар келтірілген. Солардың ішінде Абайдың жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдері М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, С.Сейфуллин туындыларымен бірге ұсынылған. Алайда кітапты құрастырушылар Абайдың «Күз» деп «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңін келтірген. Ұлы ақынның «Күз» өлеңі «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан» деп басталатынын білеміз. Аталған өлең кітаптың соңғы тарауында, «Жыл уақыттары» атты тақырыпта Мағжанның «Жазғытұрым» атты өлеңінен кейін ұсынылған.

Оқу құралында Абай өлеңдерінің жүйемен берілгенін аңғара аламыз. Яғни, алдымен жазғытұрыға, одан кейін жазға, күзге және қысқа арналған өлеңдерін ретімен, жылдың төрт мезгіліне байланысты келтіргенін байқаймыз. Оқу құралындағы «Жазғытұры» өлеңінің көлемі – 50 жол. Абай шығармаларының жинағында бұл өлең 64 жолдан тұрады. Сонымен бірге, екі нұсқада текстологиялық айырмашылық барын көреміз. Мысалы бүгін бізге мәлім академиялық жинақтағы «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» – «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы» деп, «Түйе боздап, қой қоздап – қора да шу» – «Түйе боздап, қой қоздап – қора шу-шу» деп, «Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда» – «Ұшқыр атпен жүгіртіп тастағанда» деп, «Шаруаның бір малы екеу болып» – «Шаруаның біреуі екеу болып» деп жазылған (Сонда, 12-13 бб.).

«Жаз» өлеңіндегі текстологиялық айырмашылық төмендегідей. Алдымен 1995 жылғы Абай кітабынан өлең жолын ұсынамыз да, кейін 1927 жылғы кітапта берілген айырмашылығы бар мысалды береміз: «Шалғыннан жоны қылтылдап» – «Шалғыннан жүні қылтылдап», «Мал ішінен айналып» – «Мал ішінен айланып», «Жарамсақсып, жалпылдап» – «Жарамсақтап, жалпылдап», «Қайырып салған көк құсы» – «Қайтарып салған көк құсы» (Сонда, 15 б.).

«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңіндегі текстологиялық айырмашылық: «Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі» – «Қай жерінен кедейдің тұрсын күйі» (Сонда, 17 б.).

«Қыс» өлеңіндегі текстологиялық айырмашылық: «Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып» – «Ұшпадай киген бөркін оқшырайтып», «Титығы құруына аз-ақ қалды» – «Титығы құруына тез тақалды» (Сонда, 17-18 бб.).

Келтірілген мысалдардан бүгін бізге мәлім Абай өлеңінің мәтіні мен алаш кезеңіндегі нұсқа арасында текстологиялық айырмашылық барын аңғарамыз. Және Абай дәуіріне жақын мәтіннің кейбір үлгісімен келісуге болатынын жасырмаймыз. Мысалы ассонанс көркемдік тәсіліне жүгінсек, «Қыс» өлеңіндегі «Титығы құруына аз-ақ қалды» жолы «Титығы құруына тез тақалды» деп берілгенін қисынды дей аламыз. «Қыс» өлеңіндегі он бірінші жол Абай жинақтарының әр жылғы басылымында өзгергенін ақын өлеңдеріне түсініктер жазған көрнекті ғалым Қ.Мұхамедханов ескереді: «Өлеңнің он бірінші жолы 1909 жылғы жинақтан бастап «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда»,- деп басылып келген еді, ал 1939 жылғы жинақта (1-том, 83-бет), «борандай» деген сөз өзгертіліп: «Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда»,- деп басылған. 1945 жылғы жинақта бұл сөз әуелгі қалпына келтіріліп: «Борандай» деп жөнделген. Сонан кейінгі 1977 жылғы жинақта қайта өзгертіліп: «бурадай» деп берілген. Осы сөз алғашқы нұсқаға сәйкестендірілді» (Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 1995, 272 б.). Ал А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының оқу құралына енген «Қыс» өлеңінде осы сөз «борандай» деп дұрыс жазылғанын оқимыз. Абайтану бастауында «Қазақтың бас ақыны» атты көрнекті мақала жазған А.Байтұрсынұлы мен алаш оқымыстысы Т.Шонанұлының кітабында берілген өлеңдер Абай өлеңдерінің текстологиясын әлі де қайта қарауға көмектеседі деп есептейміз.

Алаш арыстары тарапынан қазақтың бас ақыны деп мойындаған Абай дүниетанымы ұлт-азаттық Алаш қозғалысы қағидатына айналды. Абайды қазақ жұртына алғаш танытқан алаш білімпаздары абайтану ілімінің негізін қалады. Алаш қалам қайраткерлері көркем туындыларында, мақалаларында, оқу құралдарында, ғылыми-зерттеу еңбектерінде, танымдық кітаптарында ұлы ақын туралы тәрбиелік-дидактикалық мәлімет ұсынды. Тағдырынан қызық деректер келтірді, өлеңін мысалға алды. Ағартушылық идеяны жоғары ұстанған алаш оқығандары осылайша, қазақ жұртын оятып, ел болу идеясын көпшілік санасына сіңірді. Абай арқылы жұрттың ұлт болып ұйысу пікірін тезге салып, оның саяси санасын арттырды. Абайды, сонымен бірге тарихта жасаған тұлғалардың тағдырын зерттегенде, алдымен туған халқының келешек күнін ойлады. Бұл ізденіс нәтижесінен қазақ халқы сабақ алсын, өзінің болашақ даму жолына пайда көрсін деп есептеді.

Қайырбек Кемеңгер

alash24.kz 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp